“БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ БАЛДӘУРЕН ШАҒЫ ҰМЫТЫЛМАСТАЙ БОЛСА ЕКЕН”
Жанат Шалғымбаеваның мамандығы – сәулетші. Ал бүгін ол көпшілікпен жекеменшік мектепке дейінгі мекеме ашу тәжірибесімен бөліспек.
Ауыр да жауапты жүк – мектепке дейінгі балалар тәрбиесін қолға алған кәсіпкерлермен таныстыруды жалғастырамыз. Білім және ғылым министрлігінің алдында 2020 жылға қарай бүлдіршіндерді 100% мектепке дейінгі мекемемен қамту міндеті тұр. Бүгінгі таңда қазақстандық балалардың төрттен бірі балабақшамен қамтылмаған. Толықтай қамту үшін 3 жыл ішінде 230 мың орындық 2,2 мыңға жуық мектепке дейінгі мекеме ашуға тура келеді. Олардың ішінде мемлекеттік балабақшалармен қатар, жекеменшіктері де бар.
Бүгінгі кейіпкеріміз Шалғымбаева Жанат Кеңесқызы Алматы қаласында 2, Астана қаласында 1 балабақша ашқан.
С: Сіздің бұрынғы қызметіңіздің мектепке дейінгі тәрбие ісіне қатысы жоқ. Неліктен балабақша ашу жөнінде шешім қабылдадыңыз? Қалай басталды?
Ж: Шынында да, педагог емеспін, өмір бойы сәулетші болып істедім. Ал неден басталды дегенге келсек, тұңғыш немереме дұрыс балабақша таба алмадым. “Мама, сізге біресе бірдеңесі, бірде тағы бір жері ұнамайды. Өзіңіз балабақша ашып көріңізші”, – деді балаларым. Baby Town алғашқы филиалын 2012 жылы аштық, 55 орындық балабақшаны ашуға “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша ВТБ банк Қазақстан жәрдемдесті. Ал 60 орындық екінші Baby Town 2016 жылдың сәуір айында ашылды. Бұл жолы 110 миллион теңгемен қатыстық, 80 миллион теңге көлеміндегі несиені Казкоммерцбанк берді және “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры көмектесті. Астанада 60 орындық “Самал” балабақшасы ашылғалы біраз болған. Бірақ, мен сатып алған уақытта оның жағдайы мүшкіл еді. Енді соны Алматыдағы балабақшаның деңгейіне көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
С: “Даму” қорымен әріптестік туралы айтып қалдыңыз. Қор қандай қолдау көрсетті?
Ж: Бизнесті дамыту үшін несие алуымызға көмектесті, өйткені біз жаңа жұмыс орындарын ашқан болатынбыз. Бүкіл келісімшарттарды, сақтандыру, лицензия және есеп-қисапты тексерді. Қор мұның барлығын мұқият тексереді. Нәтижесінде алғашқы үш жылда қор балабақшаға алған несиеміздің пайызын жартылай қайтарымсыз өтеп берді, 7 және 14% болатын.
С: Қазір жекеменшік балабақшалардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс жүйесімен жұмыс істейді. Сіздер үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы қандай?
Ж: 2012 жылдан бастап “Балапан” бағдарламасымен жұмыс істейміз. Қазір осы бағдарлама бойынша Алматыда 72, Астанада 50 бала бар. Бағдарлама керемет, ата-аналарға көмегі зор. Алайда, мемлекет біздің артымыздан жүгіріп жүрмейді, барлығын өзіміз жасаймыз. Бұрын қиынырақ болатын, бізге стандарттарды бермейтін, қай стандартпен жұмыс істейтінімізді білмейтінбіз. Ал қазір жекеменшік балабақша иелерін де шақырып, қандай өзгерістер болып жатқанын, қандай талаптар бар екенін айтатын болды. Соңғы жылдары жекеменшік балабақшалар мен мемлекеттік балалар бақшасы тең дәрежеде, мемлекет бізге құлақ асады, жұмысымызға көмектеседі.
С: Құрылыс талаптары мен ережелері және санитарлық ережелер мен талаптардың көпшілігі бүгінде қайта қаралуда. Жекеменшік балабақшаларға қатысты қандай талаптарды өзгертуді ұсынар едіңіз?
Ж: Талаптарды өзгерткен дұрыс. Өйткені, мемлекеттік балабақшалар арнайы типтік ғимараттарда орналасады, ал жекеменшік балабақшаларға біраз дүниені өзгертуге тура келеді. Ашылған уақытта бізге де көп ескерту айтылды. Түзетуге, жөнін келтіруге, баламасын іздеуге тура келді. Барлығын бірдей талаптағыдай етуге кейде уақыт та, қаржы да жетпейді, сондықтан талаптардың мейлінше жұмсарғаны дұрыс. Әлбетте, балалардың қауіпсіздігі үшін негізгі талаптар сақталуы керек.
С: Сіздердің балабақшаларыңыз балаларға не береді? Бағдарламаларыңыздың ерекшелігі неде?
Ж: 1,5 жастан 4 жасқа дейінгі балалар қазақ тобына барады. Орысша сөйлейтін балалар үшін мұндай тілдік орта өте тиімді. Ал 3 жастан бастап ойын түрінде ағылшын тілі қосылады. 4 жастан асқаннан кейін балалар қазақ және орыс топтарына бөлінеді.
Балабақшаларымызда ойша есептеу, таэквондо бар. Таэквондодан балаларымыз жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Жаттықтырушымыз спорт шебері, балалармен жақсы жұмыс істейді. Жақында медицина маманын сылап-сипауды оқытатын курсқа жібердім, өйткені балалардың көпшілігі еңкейіп жүреді және майтабан көп кездеседі. Жаз кезінде даладағы бассейнге шомылып шынығады. Шаштараз, дәрігер сынды мамандықтардың негізін үйренеміз. “Дүкеніміз” бар, онда балалар сатушы да, сатып алушы да бола алады. Шығармашылықпен айналысамыз – қамырмен және сазбалшықпен жұмыс істейміз, сурет саламыз. Ұлттық мәдениетімізді де ұмытпаймыз. Мысалы, Наурыз мейрамында көже қайнатып, бауырсақ пісіріп, салт-дәстүрлі дәріптейміз. Балабақшаның есебінен дастархан жайып, ата-аналарды шақырамыз. Міндетті түрде бір салтты көрсетеміз, мысалы, қыз қуу секілді. Көпшілік аса пайдалана бермейтін бесікке салу рәсімін көрсетеміз. Педагогтардан балалармен баяғы ойындарды да ойнауды талап етемін. Біздің балалық шағымыз керемет еді ғой, бүгінгі балалардың балдәурен шағы да сондай болғанын қалаймын.
С: Қызметкерлеріңізге қатаң талап қоятын секілдісіз. Кадр мәселесін қалай шешіп отырсыз?
Ж: Қызметкерлерді өзім тәрбиелеп өсіргенді құп көремін. Мысалы, кәсіби білімі жоқ қызметкерлерім қосымша оқиды. Оқу ақысын жартылай өзім төлеймін, жартысын айлықтарынан ұстап қаламын. Тәрбиешілер мен меңгерушілердің бәрінің осы салада кәсіби білімі бар. Меңгерушілерді де тәрбиешіліктен өсірдім.
Жұмысқа кіріскен кез келген жаңа қызметкер алғашқы медициналық көмек, техника қауіпсіздігі және төтенше жағдай кезіндегі өзін ұстау жөнінен тренингтен өтеді. Мысалы, өрт болған жағдайда балаларды қалай қауіпсіз жерге шығару керектігін үйренеді. Медбикелер балалардың бір жері көгеріп қалса, шығып кетсе, мұрны қанаса не істеу керектігін үйретеді.
С: Қазір мектепке жеті жасарлар емес, алты жастағы балалар баратын болды. Осыған орай бағдарламаларыңыз өзгере ме?
Ж: Талаптарды азайттық. Мысалы, жеті жастағы балалар минутына 68 сөз оқуы керек болса, алты жастағы бүлдіршіндеріміз 28 сөз оқи алуы керек. Қалай болғанда да, балалардың мектепке дайын болуы үшін тырысамыз. Әр 3 ай сайын балалардан тест аламыз, тіпті екі жасар балаларға арналған тесттеріміз де бар. Не нәрсені білуі керек, оны қалай меңгерді, соны тексереміз. Ата-аналарға әр баланың өзінше талантты екенін қайталаудан жалықпаймын. Біздің міндетіміз – балалардың талабын ұштап, ары қарай дамыту.
С: Мектепке дейінгі тәрбие саласында енді қызмет ете бастайтын кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
Ж: Кез келген адам балабақша ашып көруіне болады. Бұл аса күрделі бизнес емес. Жеке тәжірибемнен айтсам, пайдасы шаш-етектен емес. Қызметкерлерімнің айлығын төлеймін, бүкіл шығындарды жабамын, сонымен бәрі бітеді. Көбінесе осылай. Шығындардың жабылғанына қуанамын. Несиені төлеп біткенде пайдаға да кенелерміз. Ғимаратты жалға алуды да құп көрмеймін, өйткені ақша жұмсап, жөндеу жасайсыз, құрал-жабдықтар аласыз. Ал меншік иесі кез келген сәтте келісімшартты ұзартудан бас тартуы мүмкін. Ең бастысы, мойымау, тоқтап қалмау. Ал азды-көпті кедергі міндетті түрде болады, ол бизнестегі тәжірибеңе де қарамайды.











