БАЛАҢЫЗ ТЕСТІЛЕУГЕ ДАЙЫН БА?
Танымал блогер Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz ресми сайтын қарап, “ата-аналар үшін шолу” жариялады.
20 маусымнан 1 шілдеге дейін 100 мыңға жуық орта мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Бұл ауқымды шара ондаған ұйымдастырушылар тобының табанды да қажырлы жұмысын талап етеді. Тестілеу бүкіл ел аумағындағы 165 арнайы пунктте өтеді. ҰБТ-ның сұрақтары – мемлекеттік құпия, оған тіпті Білім және ғылым министрінің де рұқсаты жоқ.
Тест қорытындысының маңызы зор, себебі баланың жоғары оқу орнына түсу-түспеуі соған байланысты. Биылдан бастап шекті балды жинай алмаған түлектердің де студент атануға мүмкіндігі бар: 1-8 тамыз аралығында қайтадан өтетін ҰБТ-ға қатысып, ақылы бөлімге түсе алады. Тестілеуге мұқият дайындалып, сынама тесттен өтемін деушілер болса, http://www.testcenter.kz/ сайтында бар болғаны 260 теңге төлеп тапсыра алады.
Ұлттық тестілеу орталығының бұл ресми порталы мектеп оқушылары тестілеу сынды жауапты шараға мұқият дайындалып, мазалаған сауалдарына жауап алу және ҰБТ-ны онлайн тапсырып тәжірибе жинақтау үшін арнайы ашылған. Блогер Максим Гринкевич (сілтемесі: https://facebook.com/pacifisttt) жуырда http://www.testcenter.kz/ сайтына кішігірім шолу жасады. Оның өзінің де өсіп келе жатқан балалары бар. Сондықтан, Максим ҰБТ секілді маңызды мәселемен қазірден таныса берген жөн деп есептейді. Өйткені, уақытқа тоқтау жоқ, зыр етіп өте шығады. Блогердің көзқарасы оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де қызық болады деп сенеміз.
Сырт көрінісі және навигация
Іздеу жүйесіне “Ұлттық тестілеу орталығы” деп терсеңіз, бірден http://www.testcenter.kz/ сайтына сілтеме шығады. Сондықтан, дәл адресін білмесеңіз де, ресурсты оп-оңай тауып аласыз. Орталықтың сайты бұрыннан бар, бірақ қазір оның сырт көрінісі де, мүмкіндігі де мүлдем бөлек, қосымша бөлімдер ашылған. Портал заманауи безендірілген, мемлекеттік қызмет жүйесінің стилистикасына да сай. Ал егер ескі нұсқасы пайдалануға қолайлы еді деушілер болса, басты беттің жоғарғы жағындағы сілтеме арқылы өтуге болады. Сол тұста көзі нашар көретін пайдаланушыларға арналған нұсқа да бар.
Сынама онлайн тестілеу
Онлайн тест тапсыратын бөлімді табу үшін “Мектеп бітірушілер мен талапкерлерге” бөлімінің ішіндегі “Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ)” сілтемесі бойынша өту керек. Ашылған беттен сол жақ бағандағы үшінші сілтемеге, яғни “ҰБТ/КТ дайындалу үшін сынама online-тестілеу” дегенді іздейміз. Сол кезде http://www.testcenter.kz/ru/entrants/ent-kta-try-onli.. парақшасы ашылады, онда тіркелу, ақысын төлеу туралы ақпарат берілген және тест тапсыруға сілтемелер бар. Жоғарыда айтқанымыздай, онлайн тестілеуден өту ақылы. Сайтта көрсетілген реквизиттер бойынша банк арқылы немесе “Касса 24” терминалы арқылы 260 теңге төлеу керек. Онлайн төлеу мүмкіндігі сайтта қарастырылмаған. Ақысын төлегеннен кейін логин аласыз, ол сіздің электронды поштаңызбен бірдей және құпиясөз беріледі. Сайтта бұл туралы толыққанды және түсінікті жазылған.
Ақпарат және статистика
Блогер Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы ақпараттың молдығына және оның ұсынылу сапасына да баға берген екен. Мұнда ҰБТ-ға дайындық, оны тапсырудың ерекшеліктері туралы да білуге болады. Осылайша, талапкерге қажетті барлық ақпарат бір жерде жинақталған, оны тауып алу оп-оңай, ал одан да маңыздысы ақпарат алғашқы дерек көзінен, яғни ҰБТ-ны ұйымдастыруға жауапты ұйымнан алынған. Мұнда статистика да көп, олар көрнекілік түрінде берілген. Өткен жылдары ҰБТ-ны қайда және қашан тапсырғанын сол арадан білуге болады. Мәселен, нәтижелерді салыстыра отырып, 2016 жылы Павлодар облысының түлектері үздік шыққанын біле аласыз. Сонымен қатар, ҰБТ-2017 науқанының нәтижелерін қадағалауға да мүмкіндік бар.
Қорытынды
Максим Гринкевич ҰБТ тапсыратын немесе тапсырып қойғандар үшін пайдалы ғана емес, сонымен бірге қызықты да сайт тауып алғанын айтаы. Біраз дүние үйренгенін, мәселен, терминдерді түсініп қалғанын жасырмайды. “Егер бұл тақырып қызықтыратын болса, міндетті түрде сайтқа кіріп, танысқандарыңыз жөн, – дейді Максим. – Кейбір сауалдардың жауабын сол жерден оп-оңай табасыздар”. Біз де блогердің сөзіне қосыламыз және http://www.testcenter.kz/сайты ҰБТ-ны сәтті тапсырып, қалаған оқу орындарыңа түсуге жәрдемдеседі деп ойлаймыз. Сайт барлық оқушылар үшін пайдалы, соның ішінде алдағы уақытта тест тапсыратындар үшін машықтанып, тәжірибе жинауда тапсырмайтын ресурс. Сынақтан өтетіндердің баршасына табыс және жақсы нәтиже тілейміз!

