БАҚ-ТАҒЫ СӨЙЛЕУ МЕН ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

«Соңғы жылдары қазақ тілінде сөйлеу мен жазу мәдениеті бұзылды, бұған бұқаралық ақпарат құралдары ықпал етіп отыр, әсіресе, телеарналардағы диалектілер мен варваризмдерден аяқ алып жүре алмайтын болдық».
Астанада өткен «Тіл мәдениеті: сөйлеу және жазу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жоғарыдағыдай пікір айтылды. Әрине, бұл пікірмен келіспегендер де табылды. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған отырыста осы қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін қалай көтереміз деген сұрақтың жауабы берілгендей болды. Біз бүгін аталған басқосуда сөз алған белгілі ғалымдар мен қаламгерлердің пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.
Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы, қоғам қайраткері:
– Қазақ тілі қажеттілік болса ғана өмір сүреді. Сондықтан бұған әр қазақ үлес қосуы керек. Мысалы, менің қолымнан келетіні, баламды, немеремді қазақ етіп тәрбиелеу, ағайындарыммен қазақша сөйлесу.
Қазақтың саны көбеймей, тілі өспейді, қазақты көбейтудің екі-ақ жолы бар, бірі – оралмандарды көбейту, екіншісі – қазақ әйелдерінің баланы көп тууы үшін жағдай жасау. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Сталин «Батыр ана» мәртебесін енгізді, түсік жасатқандарды 25 жылға соттайтын тәртіп енгізді, бойдақ салығын төлеттірді, аз уақытта соғыста қаза болған 20 млн адамның орны толды. Біз де қазақтардың санын көбейтсек, қазақша сөйлейтіндер көбейеді. Бүгіндері еліміздегі қазақтар халықтың 65 пайызын құрап отыр, соның 35 пайызы қазақ тілінде іс жүргізе ала ма? Заман – күштінікі, демек, тіл де күштінікі, бір кезде Германия мықты болды, бүкіл Еуропа, АҚШ, КСРО неміс тілін үйренді, ал енді АҚШ күшейді, әлемнің 70 пайызы ағылшынша сөйлейді. Халық неғұрлым көп болса, тіл оралады. Тіл оралса, сапа да көтеріледі, сөйлеу мәдениеті де дамиды, Майқы биден басталатын шешендер институты қазақ тілінің байлығына бір дәлел, қазақ тілін қолданатындар көбейсе, сол байлыққа бас сұқпай кетпейді. (mtdi.kz)
