Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында мал бордақылау – бизнестің негізгі салаларының біріне айналды. Әсіресе, ауыл азаматтары кәсіпкерліктің ең ыңғайлы түрі деп бағалауға көшті. Мысалы, Қазығұрт ауданында «Қайып ата» деп аталатын серіктестік бар. Оның президенті Жарас Ертаев деген азамат. Белгілі кәсіпкер өз отбасына ғана емес, ондаған ауылдастарына жұмыс тауып беріп отыр. Салықты уақытылы төлеп тұрады. Сол арқылы, еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.
Қазір «Қайып атада» 1 мыңнан астам ірі қара мал бордақылануда. Асылтұқымды ірі қара мал ұстап, бордақылауды олар осыдан 3 жыл бұрын бастапты. 2010 жылы қорасында 200 бас ірі қара мал болған. Алғашқы жылдың өзінде 500 тоннадай ет өндіріпті. Кейін ауыл кәсіпкерлері түскен қаражатқа Қазақстанның солтүстік облыстарынан асылтұқымды ірі қара малдың баспақтары мен бұзауларын сатып алып келе бастады. «Ірі қара мал Оңтүстік Қазақстанды жерсінер ме екен?!» деген ойдың болғаны рас. Бірақ, оларға ерекше күтім жасалып, жемшөбі мен суын уақытылы беріп тұрған жұмысшылардың еткен еңбектері зая кеткен жоқ.Біртіндеп, салмақ қосулары жақсара бастапты.
– Асылтұқымды ірі қара малға ерекше күтім керек. Малдәрігерлік талаптар бізде бұлжытпай орындалады. Зоотехниктің де жұмысы жетіп артылады. Біз шаруашылығымызды үлкейту үшін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 191 миллион теңге қаражат алдық. Олар бізге пайыздық өсімі төмен несие берді. Соған мал бордақылайтын қора салдық. Мал азығын өсіретін жерімізді агротехникалық талаптарға сәйкестендірдік, – дейді қожалықтың атқарушы директоры Сырым Ертаев.
Сырым «Қайып атаның» президенті Жарастың туған бауырының ұлы. Шалдар «жерге ұрып алғандай, пысық жігіт» деп риза пейілмен айтып отыратын азаматтардың бірі.
– Мал шаруашылығын жүргiзiп, басқаруды Сырымға сенiп тапсырғанымда қателеспеген екенмін. Сенiмдi ақтады. Сиырға күтім онасауды біледі. Жұмысшылармен ортақ тіл табыса алады. Жоспарлаған iсiмдi дөңгелетіп алып кетті. Жұмыстың көзiн тапты. Құдық қаздырып, су шығарды. Мал азығын дайындау үшiн 500 гектар жер телiмiн жалға алды. Қазір ауылдағы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейдi Жарас Ертаев.
«Ауылдағы» дегеннен шығады. «Шарапхана» – Қазығұрт ауданындағы үлкен елді мекендердің бірі. Осы маңда қазір 4-5 мал бордақылайтын қожалық бар. Оларды ашқандар өз ісінің қыры мен сырын жақсы білетіндер. Қожалықтардың басшылары, негізінен, кезінде «Қайып атадағы» мал бордақылайтын қожалықта жұмыс істегендер. Жұмыстық қыры мен сырын меңгеріп алған соң, Жарас Ертаевтың батасын алып, өздерінің серіктестіктерін ашыпты. Олар да асылтұқымды бұқаларды сатып алып, бордақылай бастапты. Шаруа қожалығының алдағы кезге жасаған жоспарлары да жақсы. Қазақтың ақбас сиырларын көбейтудi межелеп қойыпты. Малдың тезегiнен биогаз өндiру де ойларында бар. Жылыжай салмақшы. Жемiс-жидек беретiн көшет ағаштарын биылғы көктемнен бастап отырғызбақшы. Ол үшiн Сайрам ауданынан арнайы жер телiмдерiн алуға әркеттеніп жүр. Осы үшiн мемлекеттен қажеттi қаражат алмақшы. «Қайып ата» ЖШС-нің президенті Жарас Ертаевтың Шымкентте халыққа қызмет көрсететiн қоғамдық орындары, дәмханалары да бар. Бордақылап жатқан асылтұқымды бір бұқасының еті: берісі – 800-900 мың теңге, әрісі – 1 миллион теңгеге жететін кәсіпкердің аяқ алысы жаман емес.
БҰҚА БАҚҚАНДАР БАЙИ БАСТАДЫ
