ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА
Оңғар Дидар - Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы. Бүгінгі күні домбыра өнеріне қызығып, дәстүрлі музыканы мектеп қабырғасында дәріптеп жүрген жас талант.

- Ең алғаш домбыраны қолға алған сәтің есіңде ме? Бірінші рет қай шығарманы орындадың?
- Әрине, есімде. Инстаграм желісінен Қуандық Рахымның домбырамен ән орындауын көріп қызығушылығым оянған. Домбыра тартуды білмесем де, әпкемнің домбырасын алып отыратынмын. Сонымды байқаған анам мені домбыра үйірмесіне жіберді. Алғаш рет домбырамен «Еркем-ай» әнін орындаған болатынмын.
- Домбыра тарту қанмен келген талант па әлде еңбектің жемісі ме?
- Қанмен де, еңбекпен де келген деп айтсам болады. Әкем де, анам да домбырамен ән салатын адамдар.
- Домбыра сен үшін сырлас досың ба?
- Иә, жалғыз қалғанда қолыма домбырамды алып іштегі сырымды ақтарамын. Жалғыз отырғанда домбыра тартқанды жақсы көремін.
- Саған домбырамен күй шерткен ұнай ма немесе ән айтқанды жақсы көресің бе?
- Ән мен күйді бөліп жара алмайсын. Маған екеуі де ұнайды.
- Қазақ сахнасындағы сен үлгі тұтатын өнер иесі кім?
- Мен үлгі тұтатын өнер иесі – Қуандық Рахым. Барлық әндерін сүйіп тыңдаймын, патриоттық әндерін ерекше ұнатамын. Сонымен қатар, халық әндерін керемет орындайды. Мен де Қуандық аға сияқты атағы елге жайылған, өнерден өз орнын тапқан азамат болғым келеді.
- Әлемдік танымал әндерді домбырамен орындағың келе ме?
- Әлбетте, орындағым келеді. Бірақ, әзірше әлемдік емес, отандық әндерді үйреніп алғым келеді. Қазіргі уақытта Мейрамбек Беспаевтің «Ару-Ана» әнін домбырада орындап үйреніп жүрмін.
- Талабыңа нұр жаусын, өнерің өрге жүзе берсін, Дидар! Армандарыңның орындалуына тілектеспін, болашақта қазақ өнерінің шыңына жетесің деген сенімдемін.
Дүйсен Қарақат, Алматы қаласы №58 жалпы білім беретін мектептің 11 "Ә" сынып оқушысы Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы