Перейти к содержимому

"Қазақтың" жолын қуған "Қазақ тілі"

«Қазақ тілі» газеті – өз дәуірінің жалынды жыршысы бола білген, халыққа дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ел мен жердің амандығы үшін қызмет еткен басылым. Газетте жұмыс істеген журналистер мен олардың азаматтық белсенділігі және шығармашылығындағы ізденістер бұл газеттің өн бойынан көрінеді.

Семей губкомы мен Атқару комитетінің органы болған «Қазақ тілі» газетінің алғашқы нөмірі 1919 жылдың желтоқсанында Семей қаласында жарық көрді. Бұл басылым Семей, Павлодар, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездерінде таралып тұрды. Газет жетісіне үш рет, көлемі төрт бет болып шықты.

«Қазақ тілі» газетінің қандай мәселелер көтеріп отырғандығын сонда жарияланған мақалалардың тақырыптарынан байқауға болады. Мысалы, 1920-1930 жылдары аралығындағы нөмірлерде «Әйел теңдігі туралы», «Барлық күш оқуға», «Жерден ізде», «Жергілікті кеңес өкіметін құру», «Қызылдар майданы» деген айдарларда сол кездегі негізгі мәселелер көтеріліп отырған.

Газеттегі ең маңызды, ең өзекті мақалаларды Алаш қайраткерлері жазып отырды. Алаш зиялыларының бүкіл елдегі хaлықтың ой-сaнaсын оятып, сaяси көзқaрaсын қaлыптaстырaтын мaқaлaлaры жиі жaрық көргендіктен, Кеңес үкіметі гaзетті тұрaқты түрде бaқылaудa ұстaды. «Қазақ» газетінде көтерілген ұлттық дербестікке қол жеткізу, оқу-білім, ғылым жетістіктері, өркениетті мәдениетке қол жеткізу, дін мен тілді сақтау сынды тақырыптарға жазылған мақалалар «Қазақ тілі» газетінде жалғасын тапты. «Қазақ тілінің» шығып тұруына М. Әуезов, М. Тұрғанбаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов секілді қоғам қайраткерлері атсалысты.

             «Қазақ тілі» газетінде қазақ тарихы, қазақ этнографиясы, мәдениеті туралы көптеген мақалалар жарық көрді. Қазақ тарихын жазу мәселесі ХХ ғасырдың 20-жылдары бірнеше рет мерзімді басылымдарда ашық түрде көтеріліп, қазақ зиялылары халықтың ұмыт болып бара жатқан тарихын, келешек ұрпаққа жазып қалдыруға шақырған еді. М.Дулатов, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және т.б. мерзімді баспасөз беттеріне нақты құжаттарға сүйенбесе де, бұрынғы жазылған ғылыми еңбектерді қолдана отырып, қазақтың шығу тегінен бас­тап хандық құрған кезең, қазақ этнографиясы, көне ескерткіштері, қазақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөніндегі қазақ тарихына қатысты ғылыми мақалаларын жариялап отырды. М.Дулатовтың «Қазақ-қырғыз тарихы туралы», «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» мақалаларын, Ж.Аймауытовтың «Әзірет Сұлтан», Е.Омаровтың «Қазақ тарихынан» және тағы басқа тарихи мәселелерге арналған ірілі-ұсақты мақалалары  дерек көзі ретінде аса құнды. Қазақтардың шығу тегі туралы мәселенің аса маңызды екендігін, оны жан-жақты зерттеу қажеттігін М. Дулатов «Қазақ тілі» газетіне жариялаған «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» мақаласында айқын көрсетіп берді.

          Газетте бұдан бөлек аштық, жұт мәселесі, халық ағарту ісіндегі өзгерістер, зиялылардың қудалауға ұшырауы және ұлт мәселесі жөнінде мақалалар жарияланды. А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бастаған топтың сол кезеңде «Қазақ тілі» газетіне жазған мақалалары әлі күнге дейін өз өзектілігін жоймай, тарих беттерінде сақталып келеді.

 

Серік Досымжан

ҚазҰу-дың 1-курс студенті

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

0
0
484

Еще по теме

"Қазақтың" жолын қуған "Қазақ тілі" - Yvision.kz