ҚАЗАҚТЫҢ МЫРЗАҒАЛИЫ!
ҚАЗАҚТЫҢ МЫРЗАҒАЛИЫ!
Қазақ спортындағы жарық жұлдыздардың бірі – Мырзағали Айтжанов. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясының арнайы жобасы аясында біз даңқты бапкердің жеңісті жолын назарларыңызға ұсынамыз.
Айтжанов Мырзағали Құланұлы 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Ол – жастар арасында КСРО және Еуропа чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жеңіл салмақта жұдырықтасса да, жойқын соққыларымен жанкүйер есінде қалған нокаутер. 15 жылда 245 кездесу өткізіп, оның 210 кездесуінде жеңіске жеткен.
Мырзағали Құланұлы 2009-2018 жылдар аралығында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Он жылға жуық уақыттың ішінде Айтжановтың арландары жұмыр жердегі айтулы додаларда Қазақстанның көк туын биікте желбіретті. Жалпы осы уақытта білікті бапкердің шәкірттері дүниежүзілік бәсекелерден 70 медаль еншіледі. Мырзекең бастаған құрама Олимпиада ойындарынан 2 алтын, 3 күміс, 2 қола еншілесе, әлем чемпионаттарынан 5 алтын, 8 күміс, 7 қола медаль олжалады. Азия ойындарынан 8 алтын, 5 күміс, 2 қола жеңіп алса, Азия чемпионаттарынан 15 алтын, 7 күміс, 6 қола олжалаған.
– Ұлттық құрама жігіттері әрбір жаттығу күні басталар сәтте Әнұранды шырқайды. Мен олардан ең алдымен шеберлікті емес, тәртіпті талап етемін. Оқу-жаттығу жиындарында міндетті түрде кітап алып жүремін. Жиырма күнде бір романды оқып үлгерген кездер болды. Себебі, мен әдебиетті жақсы көремін. Бала кезімде батырлар жырын оқып, аңыздар мен ертегілерге сүйсініп, кітаптағы батыр кейіпкерлерге еліктейтінмін. Қазақ талай нәубеттен аман өткен қайсар халық қой. Сондықтан спортшы тек спортты ғана емес, тарихын да білуі тиіс. Ол да жігерді жанитын күш, – деген еді Мырзағали аға бір сұхбатында.
Шәкірттерінің бойына да отаншылдық пен ұлттық рухты сіңіре білген бапкердің өрендері ел сенімін ақтады. 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында қазақ былғары қолғап шеберлері 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншілеп, әлемді таңғалдырды. Бұл жетістікті таяу жылдары қайталау өте қиын болатын шығар. Сонымен қатар 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында қазақстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды. Міне, осы ғажап жетістіктерді жоғары бағалаған АИБА Мырзағали Айтжановты 2013 және 2014 жылы әлемнің үздік бапкері деп жариялады. Мұндай атаққа Қазақстаннан бұрын-соңды ешкім ие болмаған. Бірақ, әлемді мойындаттым деп даңдайсып кеткен Мырзағаны көрмедік. Сол баяғы қалпы. Жасты жастай, үлкенді үлкендей сыйлайды. Басынан сөз асырмайды, ісіне бекем.
Қазіргі таңда Түркістан облысының боксшыларын дүбірлі додаларға даярлап жүрген Мырзағали Айтжанов тағы да Олимпиада, Әлем чемпионаты жүлдегерлерін даярлауды көздейді. Тәуелсіздігіміздің нығаюына өз саласы бойына айрықша үлес қосқан бапкерге елдің құрметі жоғары.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
#Қазақстанныңтанымалспортшылары #ЗнаменитыеспортсменыКазахстана
