Қазақты қаншалықты сүйесіз?.....qogam.kz

Егер сізден біреу «Қазақты қаншалықты сүйесіз?» деп сұраса,қай қасиетіне бола «барынша» деп жауап берер едіңіз?Айтылған ой әр түрлі болары хақ.Мен үшін берілген жауаптың шынайы болуы маңызды.Жүрегіміздің түбіне терең бойлай,сол сұрақтың жауабын ізделік.Нәтижесі елі үшін еңірегендердің бірімін десеңіз,ол үшін қандай игі істер атқардыңыз? «Ұлтын сүйген ұлы істер атқарады» демей ме?Өткеннің ұлылары ұлт үшін аянбай қызмет етіп,кеше ғана құрдымға кетіп бара жатқан халықты құтқарып қалған Ахмет,Жүсіпбек,Міржақып пен Әлихандай зиялы қауым ұрпақ алдындағы парызын өтеп кетті.Ал бүгінгілер ше?
Бүгінгілер келер ұрпақтың несібесін жеп, қазақтың сүйегіне таңба болған бала
сатумен айналысып, жаманның жетегінде жүріп жеті тілді меңгерсе де туған тілге келгенде ат-тонын ала қашады.Аға –буын ұрпақ алдындағы парызын өтеудің орнына,қарызға батып барады – ау!Бірде Ғабекең «Бүгін ұлтшылдықпен күресу болып жатыр,ертең ұлтсыздықпен күресеміз» деген екен. Бүгінгі таңда ұлттың рухани тұтастығы мен ынтымақтастығы ыдырап,елім-жерім дейтіндердің қарасы қараған сайын бұлыңғыр.Кінәні кімнің мойнына артасың?Бүгінгі қазақ халықты емес,қара басты ойлауға көшкен қазақ.Әр қайсысы «бас басына би болып»(Абай),өзгеге жаны ашымақ түгіл жыртығына жамау болуға жарымай,ауыз жаласудың орнына арасын алшақ ұстап,көмегі тиген күннің өзінде көмекейі бүлкілдеп бірнәрсені дәмететін қазақ. Оның үстіне өздері қоймай,өсіп келе жатқан баласының санасын «бай боласын,бастық боласын» деп улайды.Нәтижесі,бастық болуды,бай болуды көздеген бала, өзі үшін оттаған хайуанның біріне айналар(Абай) .Ұлтына жаны ашыған адам «Ұлым үлкен азамат болып ер жетіп, елің үшін еңбек ет» демей ме? Осы кезде Жүкеңнің «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы - мемлекеттің керегі, қызметкері» деген сөздері ойыма оралады. Айта ,айта ауызға жара шықпаса игі.Бір жағынан айта бергеннен не пайда?Елдегі проблемалар менсіз-ақ айтылып та,жазылып та жатыр.Дегенмен,тоқитын көңіл болмаса,тыңдайтын құлақтың керегі не?
Бір кездері Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты мақаласын оқи отырып тебіренгенім әлі есімде.«Адам баласының өз ұлтына деген асыл сәулелі сүйіспеншілігі,Құдайға деген махаббатынан бастау алуға тиіс.Ал біздің жүрегімізде Құдайға деген махаббаттың шырағы сөніп қалған» деп басталатын мақала жүрегімді дір еткізді.Онан ары «Жүрегімізге үңіліп көрейікші,онда Құдай сүйетін қандай нұрлы сәуле қалды.Құдайдың үйі мешітке барсаңыз,өтірік мүләйімсіп,жасаған күнасы үшін кешірім сұрауға келген мыңдаған қазақтарды кездестіресіз.Сол қазақтар Құдайдың үйінен шыға салысымен,парақорлығын одан әрі жалғастырады,туған бауырына деген қатігездігі одан сайын күшейе түседі,бірін-бірі көре алмаушылығы онан сайын зораяды.Құдайдың өсиетін қате түсінген молдалар мешітке келген халықтан ақша алып,қалтасын қампитып,жалмаң-жалмаң етеді.Құдайдың үйі бізді имандылыққа үйрете алмаса,оған барғаннан біз не опа тауып жүрміз?» дейді.Мақалада қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер қамтылып,ащы шыңдықтар айтылған.Ең бір ұнаған түсі автордың халық пен құдайдың арасындағы байланысты көрсетуі.Расында да Құдай қазақты «қазақ» етіп жаратқан соң,өз ұлтыңа қарсы шығуың,жаралушының жаратушыға қарсы шығуымен тең.Хакім Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Aлланы жаннан тәттi.
Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi» демей ме?Ұлтқа деген махаббат орнамаған жүректе,барша адамзатқа деген бауырмалдық қайдан болсын?Ұлтты сүйе білудің өзі де ұлылық екен.Шіркін, бір-бірін бауырындай тұтып һәм қиын сәтте кеудеден қақпай қол ұшын беріп,өзі үшін оттаған хайуанның бірі емес,адамшылықтың қарызы үшін еңбек етіп, алланың сүйген құлының бірі болып, ыстық қайрат,нұрлы ақыл мен жылы жүрек бойды билеген заман туар ма екен? Міне,Абай аңсаған арманның биігі де осы болар..
АЙДАНА УСЕНБАЙ
