ҚАЗАҚ ҺӘМ 4-ШІ ДУМА ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ һәм 4 – ші дума» атты «Айқап» журналында жарияланған мақаласы саяси ахуалға толық, қазақ халқының абыройы мен ар – намысын, болашағын үндейтін жазба екені мәлім. Атауы айтып тұрғандай, төртінші думаға қазақ өкілдерінен депутаттар сайлануы жөнінде түйіткілді мәселе қозғалып, халықтың қамын жейтін жандардың қара көз қандастарымыздан болмауы қынжылтатыны баяндалған. Айта кетейік, мемлекеттік дума дегеніміз – Ресей империясында құрылған конситуциялық – монархиялық бағыттағы заң шығарушы орган. Және осы сайлауда қазақ азаматтарының бой көрсетпеуі Ахмет Байтұрсыновтың қалам тартып, өз мақаласына арқау етуге себеп болды. Қазақтың жері мен қым – қуат тірлігін сол аймақта мекен ететін жаннан артық ешкім білмейтіндігін алға тарта отыра, халқымыздың жай – күйі ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кететінін мәлім етіп, билікке ұмтылмаған жерлестеріне қарап налиды. Өз мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Орынборда тұрған қазақ азаматтары ішінде 163 Түркістан жағынан келген Қоңырқожа Қожықов бар, ақылдасып басқа жолмен қазақтан депутат болу жайын қарастырдық», - деп бұл мәселеге сайлау алды науқаны басталмай тұрып кіріскендерін, тіпті «ашық хат» жолдап, үгіт – насихат жұмыстарын жүргізгендігін айтады. Алайда, отаршыл саясаттың озбыр тірлігі бұл қадамдардың бәріне тосқауыл қойып, қазақтың жай – күйін дұрыс жеткізе алмаған. Тіпті, олардың өздеріне тән жобасы әзірленіп, жоспар бойынша «жер мәселесі турасында проектілер» қаралмақшы болғаны мәлім болды. Сан ғасырлар бойы найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап келген, кең жазиралы жерімізден айырылуға қауіп төнгенін қарапайым халық тіпті дұрыс түсінбеген де болатын. Еліміздің әр пұшпақ жеріне жан ұшыра шырылдап, жаңа жобаға қарсылық танытқан азамат, тіпті бұл әрекеті үшін билік органдарынан омақаса таяқ жеп, қатаң жазаға ұшырағаны да тарихтан баршамызға белгілі. Қазақ деп шырылдап жүрген Ахмет Байтұрсынұлы өзхалқының азаматтарының заңды білмеуі салдарынан сайлауға түсуге де қауқарсыз екендігін алға тартып, өз құқықтарын білмей жерінен айырылып қала ма деп қапа болады. Осылайша ол хал мүшкіл, жер мәселесі қозғалғанда қазақтардан азамат болмайды, олардың жағдайын түсіндіре алмайды деп дал болып, осы мақсатта ел азаматтарынан думаға депутаттыққа өкіл беруді өтінеді.
Ахмет Байтұрсыновтың сөзінше 3- - ші Думада қазақтар жөнінде сөз қоғалғанда жақтасатын ешкім болмай, қарапайым халықтың мұңын арқалайтын адам табылмаған. Қорғауға ниеттенсе де, жергілікті жұрттың жағдайынан бейхабар болғандықтан, әсерлі ешнәрсе айта алмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, жұрт тілегі сол күйі өз арасында талқыланған мәселе төңірегінде қалып қойған. Сол себепті, Ахмет 4 – ші Думада барынша қазақ азаматтарының сайлауда бой көрсетіп, депутаттыққа тағайындалуына бар жанын салды, қолынан келгенше шараларды жүзеге асыруға тырысты.
Тіпті, аталмыш думада сайланған төрт жүз қырық екі депутаттың, алтауы ғана мұсылман екендігін алға тартатын болсақ, бұл жайт та Алаш зиялысын толғандырмай қоймайды. Тым болмаса мұсылмандар саны артса, қазаққа жаны ашып, қарайласады – ау деген ниетте, бұл мәселенің де шетін шығарып айтып, мақалада айна қатерсіз сипаттаған. Алты миллион діндес, қандас қазақ ағайындарына қамқоршылық көрсетер деген үмітпен, ол мұсылман адамдардың депутат болуын құптап, қаймағы бұзылмаған қалың елінің қамын ойлап, қалай болса да қорғап қалуды көздейді. Бұл жанашырлығы мақалада байқалып, тіпті мұсылман бауырларына хат жолдап, думаға тым болмаса бір қазақ сайлансын деген өтінішін оларға да мәлім еткенінен айқын аңғаруға болады.
Ахмет Байтұрсынұлы төртінші думаға депутаттыққа сайлануға сәйкес келеді – ау деген үміткерлердің тізімін түрлі өкілетті органдарға жіберіп, ашық хаттар жолдап, жан – жақты жұмыстар атқарады. Саясаттан терең хабары бар жан, бәрін заң аясында, тиісті талапқа сай орындағанымен, түйіткілді мәселе өз шешімін таппай тұрғандықтан, оны жалпақ жұртқа баспа бетінде жариялауды жөн көріп, аталмыш мақаласында барлық жайтты жайып салады. Қанша тырысса да қазақтан думаға депутат сайланбағанына іштей өкініш білдіріп, ашық наразылық танытып, әлі де болса қалың жұртты қалың ұйқыдан оятуға тырысады, саналарына сәуте түсіруді ойлайды. Мақала арқылы маңызды мәселелерді айналып өтпеуге шақырады. 1912 жылы жарияланған бұл жазба, өте құнды құжат есебінде. Себебі, бұл жерде саяси өмірге белсене араласқан адамдардың аты – жөні, сол заманның бейнесі және қазақ қоғамының тынысы жазылған.
Ел тәуелсіздігі мен халық билігі жат жұрттың қолында тұрған тұста мұндай мақала жариялап, мәлімдеме жасаудың өзі үлкен ерлік. Себебі, қаламнан төгілген әрбір сөз жіті бақылауда болып, арандатушылық, халық жауы, сатқындық деген тіркестерді арқалауға себеп болып, қиянат жасалатын уақытта, ешқандай жеке басына төнетін қауіпке қарамай, халқының көзін ашуға ұмтылған азаматтың бұл әрекеті расымен кез – келген жоғары мақтауға лайық!
Қазақ баспасөзінде ойып тұрып орын алатын, қоғамдық сананың оянуына түрткі болып, ұлттық мәдениетті мәйегіне көтеруге тырысқан, теңдік мәселесі, саяси көзқарастарды жіпке тізгендей етіп баяндап отырған «Айқап» журналы да Алаш зиялыларының үнін жаңғырық қылып, қара халықтың көзін ашуға нағыз көмекші құрал болғандығын айта кеткеніміз жөн.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегі өте көп. Ол ағартушы, ғалым, ақын, жазушы, журналист және өте білікті саясаткер. Барлық қасиеттерін топтастыра келе келешекті ойлаған азаматқа деген құрмет ешқашан ортаймақ емес!
Айдана ХАБИБУЛЛА
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті
Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева