ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР МАРАФОНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
26 шілде күні аудан әкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте «Қайырымды істер марафоны» қорытындыланды. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жалпыұлттық жобаның қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитованың баяндамасы тыңдалды.
-Өткен жылы қайырымды істерге барша қазақстандықтарды «Волонтер жылы» біріктірсе, биылғы жылы «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында бұл жұмыстар жалғасын тауып, ауданда ақпан айында бастау алып, күні бүгін толықтай аяқталды. 24 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде Казталов ауылдық округі әкімінің ұйымдастыруымен бастау алған шара әр апта 16 округте өтіп шықты. Жалпы 250 адамға 141 кәсіпкер, шаруа қожалығы және ауыл тұрғындары болып 8 млн 257 мың 200 теңгенің көмегін ұйымдастырды. Қайырымдылық көмектің басым бөлігі азық-түлікті құрады. Казталов және Көктерек ауылдық округ әкімдері жихаз, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар, электротехникалар алса, Ақпәтер ауылында жасөспірім балалардың (аутизм, қатерлі ісік) ауруына қаржылай қолдау көрсетті. Ең ірі көмек Қараоба ауылында жеке кәсіпкер, меценат Лиза Кайбушеваның жеке тұрғын үй алып бергенін зор қуанышпен айта аламыз, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасына қолдау көрсеткен Қараоба ауылдық округінің әкімі Сәкен Ишанов, Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Нұрхат Болаев, Бостандық ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Манарбек Сүндетовке аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Айта кету керек, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Мемлекет басышы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту мақсатында ұйымдастырылған болатын.


