АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСҚАСЫ МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ШАРУАЛАРҒА ГИДРОПОНДЫ ҚҰРЫЛҒЫ ӘДІСІНЕ ӨТУДІ ҰСЫНАДЫ
Бұл туралы Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев мәлім етті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін молайту мақсатында гидропонды құрылғы арқылы астықты өсіру әдісіне ауысса төрт түліктің жем-шөбі де молынан жетеді.
«Бүгінде ел арасында жиі аталып жүрген «гидропоника» әдісі арқылы малды азықтандыру дейтін бар. Мәселен, 35 кг арпаны сол құрылғы арқылы өсіретін болсақ, 350 кг өскін шығады. Яғни, бұл технология арқылы аз уақытта құнарлы әрі мол өнім алуға мүмкіндік болады. Құрамында 70% дәрумендер, макро және микро элементтер бар . Маңғыстаулық шарулалар осы тәсілге көшсе тиімділігі мол болмақ. Қазіргі уақытта мұны өндіріп дайындап жүрген жергілікті кәсіпкерлер бар. Десе де, әр шаруа қожалығының иесі осы тәсілді қолға алса, өңір бойынша мал азығына деген сұраныс азаяр еді»,- деді Бақтыбай Ізімтаев.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданында «МясМолКорм» ЖШС-гі «гидропоника» әдісімен 2 жылдан бері мал азығын өндірумен айналысады. Жаңа технологиялармен жабдықталған шағын цех айына 15-20 тонна мал азығын дайындайды.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ
