АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚОЛДАУ
АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚОЛДАУ «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер сайлаушылармен кездесуде ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, жастарды еңбекке баулу жайлы айтып берді. Үміткер Зулхуза Қожаев Мәртөк аудандық этно-мәдени орталық өкілдерімен онлайн кездесті. «Партия бағдарламасындағы басымдықтың бірі – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Коронавирус пандемиясы кезінде бұл бағыттағы жұмыстың салмағы артты. Жоспар бойынша 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 2021 жылы Мәртөк ауданында 2,8 мың, Ақтөбе қаласында 500 мүйізді ірі қараға арналған 3 сүт-тауар фермасы салынады. 2021 жылы Ақтөбе қаласында қуаты жылына 15 мың тонна болатын балмұздақ цехы жаңғырылып, Алға ауданында қуаты 120 тоннаға дейін құс етін және жылына 125 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасының құрылысы жүргізіледі. 2022 жылы Ақтөбе қаласында қуаты 20 тоннаға дейін жететін құс етін өндіретін фабрика салынады. Дәл сол жылы Шалқар ауданында 20 мың ұсақ мал бордақылайтын және өсіретін шаруашылық ашылып, 140 жұмыс орны құрылады. Жыл сайын облыстың 2 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен шаруа қожалығын қосымша субсидиялау қарастырылған», - деді Зулхуза Қожаев. Ауыл жастарының өмір сүру сапасын арттыру, оларға жағдай жасау туралы айтқан үміткер «Nur Otan» және «Jas Otan» жастар қанаты әрдайым тың жобалардың қолдап, іске асыруға септігін тигізетінін жеткізді. Жастарды жұмыспен қамту, шағармашыл және іскер жастарды қолдау басым бағыттың бірі болып қала бермек.
