"АШЫҚ ӘКІМДІК" ШАРАСЫ ӨТТІ.
ТҰРҒЫНДАР АРЫЗЫ ТЫҢДАЛДЫ
Аудандық мәдениет үйінде ашық әкімдік шарасы өтті.
–Атқарушы билік пен қарапайым халықтың кедергісіз диалог алаңына айналған ашық әкімдік шаралары пандемияға байланысты қолға алынбай қалған еді. Шектеулер жеңілдегелі осындай шаралар өткізуді жоспарға енгіздік. Ашық әкімдіктің алғашқы шарасы бүгін аудан орталығы Сайқында бастау алса, ертең ауылдық округтерде жалғасатын болады, – деді аудан басшысы Нұрлыбек Даумов.
Алғаш боп, аудан әкімінің алдына келген Айнагүл Темешева материалдық қолдау қажеттігін айтады.
–Өзім жалғызбасты анамын, денсаулық жағдайына байланысты тағайындалған аз-маз жәрдемақым бар, жалақым да аз. Бар тапқаным баламның киім-кешігі мен үйдің жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерден аспайды. Азық-түліктің қымбаттығы та бар. Соңғы кезде денсаулығым да сыр беріп жүр. Қалаға баруым үшін порталға тұруым керек. Жолақым бар, қалада жүріп-тұруға да қаржы керек. Барымның басын құрай алмай жүрмін. Осы тұрғыда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының І төрағасына да, ауылдық округ әкіміне де бардым, жағдайымды айттым. Үйдегі тірлікке де шамам жетпейді. Әжетханаға шұңқыр қазудың өзі мен сияқты жалғызілікті әйел үшін үлкен шаруа, – дейді ол.
Шағымданушының арызына орай тиісті мекеме басшылары, ауданның бас дәрігері Анарбек Белисанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин өз тараптарынан көрсетілетін қызметте еш кедергі жоқтығын айтады. Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов облыс орталығына баруға ниеті болса, порталға тіркеуді күні ертең-ақ қолға алатынын айтады.
Ардагер ұстаз Нелля Нарболова ұстаздардың ардагер кеңесінің төрайымы боп тағайындалғанын айтып, кеңес жұмысына қолдау көрсетуін өтінді. Аудан басшысы кеңес жұмысын жандандыруға тиісті жағдай жасалатынына, таяу күндерде кабинет те қарастырылатынына уәде берді.
#орда_ақпарат
#ашық_әкімдік
