ҚАСАҚАНА ЖАЛҒАН АҚПАРАТ АРҚЫЛЫ МАНИПУЛЯЦИЯ ЖАСАУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
Қараша айында Алматыда «Қазақстанның медиа кеңістігі: қазіргі заманғы шындық» атты дөңгелек үстел өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында шындықты бұрмалау және жалған мәліметті қасақана тарату – жиынның басты тақырыбы болды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар алдарына нақты мақсат қойған. Ол – барлық тараптың мүддесіне сай, тығырықтан шығаратын жол табу. Бұған қоғам, мемлекет, ең алдымен - бұқаралық ақпарат құлдарының өзі мүдделі.
Дөңгелек үстел барысында еліміздегі БАҚ басшылары сөз алды. «Бас редакторлар клубы» ҚҰ президенті Ерлан Бекхожин, «Шынайы ақпарат үшін редакцияның қоғам алдындағы жауапкершілігі және дереккөзбен қалай жұмыс істеу керек – британ форматы» атты баяндама жасаса, «Медиа альянс» ҚҰ құрылтайшыларының бірі Арман Шораев «Журналистика этикасы мен фактілерді қайта тексеру жайлы «Медиа Альянс» ҚҰ саясаты» атты тақырыпта сөз алды. Пікірталас барысында Шораев мырза журналистика кафедраларының маман дайындау сапасына сын айтты. «Мектеп» баспасының директоры Сатыбалдиев Ерлан Әбенұлы оқулықтар төңірегіндегі фейктер жайлы кейс ұсынды. Ерлан Әбенұлы жаңартылған оқулықтар жайлы жалған мәлімет бүкіл БАҚ бетін жайлап кеткен кезде бір-де бір журналист ресми сұрау салып, ақ-қарасын айыруға тырыспағанын алға тартты.
Сондай-ақ жиналғандар халықаралық тәжірибе жайлы да сөз қозғады. SUCCESS K стратегиялық коммуникациялар агенттігінің атқарушы директоры Айко Төкен фейктерге мониторинг жасаудың әлемдік тәжірибесі жайлы айтты. Atameken Business Channel Бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қанат Сахариянов фейктерге қарсы әрекет ету шаралары жайлы айта келіп, «Өзара реттеу әлде айыппұл?» деген тақырыпта баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация вице-министрі Әжібаев Алан Ғазизұлы жарияланатын ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізуді міндеттейтін жаңа талаптар туралы айтты.
Дөңгелек үстелге ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, PR-шы клубының (Астана) өкілдері Сәкен Қалқаманов пен Ерлан Асқарбеков, Информбюро порталының бас редакторы Михаил Дорофеев, «Медиа-Мектеп» жобасының (Астана) жетекшісі Махаббат Есен мен SUCCESS K стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Көккөзова Ляззат Ержанқызы қатысты.
Пікірталас барысында: - Журналистердің этикалық кодексі — жалғандық па әлде кәсіби өмір заңы ма? - Сын мен өтіріктің ара жігі қайда? - Пресс-релизде жалған ақпарат жазылса, оны таратқан журналистің жауапкершілігі қандай? - Журналистің қателесуге құқы бар ма? - Фейк пен жалған ақпараттың шығу тегін анықтайтын арнайы орган қажет пе? Онымен кім айналысуы керек? - - Мұндай жұмыстың тиімділігін қалай білеміз? -Демократия — ортақ пікірге келу ме әлде үнемі дау айту ма? - «Бұқаралық ақпарат құралдары жайлы» жаңартылған заңда ақпаратты анықтау мәселесі қалай көрсетілген? - Пиаршы әрі журналист болып бір мезгілде жұмыс істеу этикаға қайшы емес пе? - Ақпаратты тексерудің әдістемесі қандай? - Нарықта шынайы пиар мен қара пиардың қайсысы басым? - Жоғары оқу орындарында журналист дайындау: дереккөзбен қалай жұмыс істеу керек, фейкті қалай ажыратуға болады? - деген тақырыптар қамтылды.
Отырыстың екінші бөлімі «Қазақстандағы жоғары оқу орындарында журналистика мен РR мамандығын дамыту» тақырыбына арналды. Елдегі ЖОО журналистика кафедрасы жетекшілері (КАЗҰУ, ЕҰУ, AlmaU, АТХУ, UIB, КИМЕП, ҚазХҚ және ӘТУ т.б.) маман дайындау сапасын көтеру жайлы өз ұсыныстарын айтты.
Фейк жаңалық тарату – қазір жұрттың барлығын алаңдатып отырған мәселе. Оны мүлдем жойып жіберу мүмкін емес. Ендеше болашақта да фейктің болатыны айқын. Дегенмен дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіби БАҚ фейкпен ақпараттың ақ-қарасын анықтау арқылы күресу керек деген шешімге келді. Атап айтқанда журналистердің кәсіби кодексі, жұмыс сапасын арттыру және факті тексеру саясаты — фактчекинг арқылы.
