"АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ!"
9 мамыр - Ұлы Жеңіске 76 жыл. Соғыс халқымыздың басынан кешкен ең ауыр күндері еді. Ерлер отанын қорғауға қан майданға аттанғанда, тылда қалған еңбектеген бала мен еңкейген кәрия, аналар жеңіс үшін еңбек майданында аянбай тер төкті. Олардың жанкешті ерлігі мен бейнеті ешқашан ұмытылмақ емес.
9 мамыр күні "Nur Otan" партиясының атынан сайланған аудандық маслихат депутаты Қайрат Жақыпов "Ардагерлерді ардақтайық!" жобасы аясында Казталов ауылының тұрғыны тыл, еңбек ардагері Ешмұқан Меңешов атамыздың шаңырағында болып, айтулы мерекемен құттықтады. Баладай қуанған атамыз: - Елдің тыныштығы бұзылмасын! Ұрпақтарымыз аман болып, еліміз өркендей берсін! - деген ақ батасын берді.
Ешмұқан ата соғыс уақытында үлкендермен бірге тылда талай қиын жұмыстарды атқарған. Қаратөбе ауданының тумасы. Біздің қасиетті өлкеге жұмыс бабымен келіп, ауданымыздың өркендеуіне үлес қосып біраз басшылық қызметтерді атқарды. Ұзақ жылдар мәдениет саласын басқарған. Соңғы уақытта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болды, қазір аудан орталығында кіші ұлы Бауыржанмен бірге тұрып жатыр.
