АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына және Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізге 76 жыл толып отыр.Осы айтулы мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Сол қан майданда елі үшін,жері үшін соғысқан халықтың батыр ұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Панфилов ауданының мақтанышы Қожахметов Сембек атамыздың өмір жолына көз жүгіртсек, Сембек Қожахметұлы 1925 жылы қазан айының 25-ші жұлдызында Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Қоңырөлең ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.
1942 жылы Көктал ауылының Абай атындағы орта мектебінің қабырғасында жүріп 17-ге толмастан Ұлы Отан соғысы басталып,Кеңес Армиясы қатарына алынып Ворошилов қаласындағы кіші командир курсын бітірген соң Сталинград майданына шайқасқа кіріп,одан әрі Ленинград қаласын қорғауға қатысқан.Осыдан соң 1945 жылға дейін фашистік басқыншыларға қарсы соғысып,1945 жылы Фашистік Германия тізе бүккен соң Қиыр-Шығыс майданына Жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанып ол шайқаста жаудың дзот амбразураларын шептерін талқандап, жаяу әскерге жол ашуды жүзеге асырған.Осыдан 1945 жылдан 1951 жылға дейін әскер қатарында болып,1951 жылы ауылға оралған.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «1,2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
Әскерден келіп 1951 жылдан 1976 жыл аралығында Ішкі істер органдарында түрлі қызмет салаларында қызмет атқарған.1976 жылы IIО қатарынан зейнеткерлікке шыққан.IIО қатарында атқарған қызметі үшін «Ел игілігіне еселі еңбегі», «1,2,3 дәрежелі IIО-да мүлтіксіз қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен қатар көптеген құрмет грамоталарымен,бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Бүгінде Панфилов ауданына қарасты Көктал ауылының қадірлі қариясы, 9 бала тәрбиелеп өсіріп,бүгінде 30 немере,10 шөбересі бар.
Біздердің бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз ардагер ата әжелеріміздің арқасы деп білемін. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Ұлы жеңістің қандай күшпен келгенін ешбір азамат ұмытпайды.
