Перейти к содержимому

Арақ туралы ақиқат

Бірден айтайын пост мазмұны арақты жарнамалау емес, арақ туралы білгенімді бөлісу, ал, ішу-ішпеу әркімнің өз һақы. Жалпы, қазақ қорғамы меніңше бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым салауатты өмір салтын ұстанады, тек ол күштеу жолымен емес, шынайы үгіт-насихат тәртібімен жүруі қажет. Мысалы, "бәлен ауыл арақтан бас тартты" деп көрсетеді, сосын арақ-шарапты сындырып, төгіп жатады, маған бұл жасанды көрінеді, айналып келгенде ешкім арақ-шарабын тегін бермейді ғой, оны сатып алып, бульдозердің табанына тастауды ұқпадым.

Сонымен, тіліміздегі «арақ» сөзі қазіргі таңда (қатты) спирттік ішімдікті білдіреді.

Біз білетін Кеңес заманында арақсыз мәселе шешілмейтін, былайша айтқанда валюта десе болар, бір шаруаны істету үшін арақ төлейсің, үйіңде арақ тұрмаса, дұрысы, 50 грамм құймасаң келген кісі ренжиді. Той-томалақта міндетті түрде арақ болады, әдетте төбелессіз аяқталса, "той қызықсыз өтті" деген түсінік қалыптасқан еді. Бағасы да есімде 5 сом 40 тиын. Арақ валюта деп жоғарыда айтқандай КСРО ішкі түсімінің бірі арақ арқылы келетін.

Өз басым араққа жоқпын, әрине дәмін көрдім, біздің студенттік, қалыптасу шағымыз 90 жылдарға келіп, арақтан гөрі Қарағанды сырасын жақсырақ білдік.

Арақтың, жалпы ішімдіктің арғы тарихына қарасақ бағзы заманнан бері адам баласы мысалы, Қытайда, Мысырда, Қос Өзен аралығында (Месопотамияда) жеміс-жидектерден, балдан және астықтан ішімдіктерді алуды білген. Ал, таза этанолды (спиртті) алғаш ойлап тапқан араб алхимиктері (араб дегенде оның ішінде парсы да түркі жұрты да бар) болатын, бұл шамаммен 8-9 ғасырлар еді. Дистилляцияны дамыта отырып, «аль-кохлды», яғни, алкогольді жетілдірген де солар болатын. Иә, парсы, монғол, түркі, араб елдеріне «арақ» (عرق, arq) атауы бәсенеден белгілі, бір қызығы алыстағы кәріс жұртында (Корей түбегінде де) арақ «арак-джу». Жаңылмасам Қытайда да "ālākè jiǔ".

Және арақтың түбі өңірлерге байланысты өзгеретін сияқты, мәселен, Түркияда анис арағы көбірек таралған, түрік арағы жанындағы елдерге де әсер еткен, мысалы, Ливан, Ирак, Сирия, Балқан елдері де анис арағын тұтынады. Көбінесе ракы атауымен белгілі. Түсі сүт сияқты, дәмі де ұнамады шынымды айтсам.

Бір қызығы дүние жүзі жылына 50 млрд. доллар көлемінде арақ өнімдерін тұтынады екен. Арақ дегенде оған қаттылығы 20 проценттен жоғары коньяк пен бренди, виски мен ромды, джин мен текиланы, ликер мен абсентты және т.б. жатқызуға болар.

Біздің өңірге қатысты айтатын болсақ арақ әуел баста жылқы сүтінен жасалған. Кейін оның орнын орыс арағы басты. Әзербайжанда молокандардың арағын көрдім. Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне, яғни Шри-Ланкадан бастап Индонезияға қатысты айтатын болсақ арақты (атауы да арақ) күріш пен пальма шырынан жасайды. Әйтеуір адамнан айла қалмаған. Бір қызығы, Грузияға сапарымда коньяк ішіп есі-түсінен айырылып, уланған Иран жастарын көріп едім. Соған қарағанда тығылып ішкенше Кавказға келіп дәмін көрейік деген болар. Бастысы, арақ атаңнан қалған ас емес.

Суретте: Сәрәндіп аралындағы (голланд Цейлоны) арақ өндірісі, 1675 жыл. Ботаник Пауль Херманның кітабынан иллюстрация.#Арақ #Ішімдік #Amandyq Amirkhamzin

Еще по теме