“Қандас” советтік идеологиядан алған жаралардың салдары
Динаның жұмысы наурыз секілді мейрамдарда қызады. Дәл қазір ол 20 қыздан тұратын би тобына арнап қазақша көйлек тігіп жатыр. Уақытылы үлгеру үшін екі күнде 3-ақ сағат ұйықтадым дейді. Жақын маңдағы мектептер мен балабақшалар жиі тапсырыс беретін көрінеді. Көбінесе қазақша киімдермен қатар әртүрлі ұлттың сахналық киімін де тігеді. Бұл 2019 жылы Қытайдан көшіп келген Динаның күнделікті тіршілігі. Қазір өзі Алматының шетіндегі Абай ауылынан екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Үйі де, жұмыс орны да осы бір 40 шаршы метрлік аядай пәтер.
Дина Нұрдыбай Қытайдың Іле Қазақ автономиясына қарасты Нылқы ауданында туған. Жастайынан әжесінен қолөнер үйренген ол “Күнекей” деген брендпен қазақша киімдер тігіп, сатады. Өзі тұрған Қарасу ауылында 30 адамды жұмыспен қамтып, киім цехын ашқан. Қытайдағы қазақ өкілі ретінде халықаралық көрмелерге қатысып, ұлттық киімдерді насихаттап жүреді. Күнделікті тынбай еңбектенгеннің нәтижесінде шетелден тапсырыстар түсіп, тұрақты клиенттері көбейген. Дина сол сәттерді нағыз бақытты шағы ретінде еске алады. Кезекті тапсырысын өткізуге Үрімші қаласына жолға шығып бара жатқан оны қытай полицейлері ештеңе деместен үйінен ұстап әкетеді. Бұл шамамен 2017 жылдар. Ел арасында қытай билігінің ислам дінін ұстанатын халықтарға қысым көрсетіп жатыр деген ақпарат тарай бастаған кезі еді. Динаны ешқандай себебін айтпастан 11 ай түзету лагеріне қамап тастайды. Осы уақыт ішінде суық бетонға жатқызып, 72 сағат кісенделген темір орындыққа отырғызып, мәжбүрлі түрде алқапта сәбіз тергізген. Тіпті қасындағы жас қыздарды қытай полицейлері зорлаған кездерінде айтып берді. Лагерьден шыққан соң 9 ай үй қамақта отырған. Бұрынғыдай кәсіппен айналысып, ақша табуға тиым салыпты. Дина 2019 жылы Қазақстанға қашып келеді. Ең өкініштісі елім жерім деп келген Динаны тіпті туыстары да қабылдамаған. Одан бөлек азаматтық алу үшін органдағылар пара сұраған. Екі баласын бала бақшаға орналастыруға да ақша бердім дейді. Лагерьден шыққан соң Динаның денсаулығы күрт нашарлап кетеді.
- Қит етсе ауыра қалам. Ауруханаға барып ем алу үшін де ақша дәметіп тұрады. Қала берді қоғамның қабылдамауы да психологиялық соққы болып тиді. Бірақ жаратылысымнан ашық адам болғандықтан қоғамға барынша сіңіп кетуге тырысып келем.
Тілек Рысбек 2005 жылы Қазақстанға көшіп келеді. Қоғамға сіңіп кету оңай болмаған. Қазір ол шығармашылықпен айналысады. “Шыңжаң адамы” деген жоба бастап, қандастардың Қазақстандағы өмірі жайлы деректі фильмдер түсірген. Өз шығармалары арқылы қандастардың қандай кедергілерге тап болғанын, эмоцияналды психологиялық күйін, советтік идеологиядан алған жаралардың салдарын жеткізуге тырысам дейді. Әдеби шығармаларында да осы тақырыпты көтереді. Елге оралған қазақтарға оралман деген сөз негативті әсер туғызғаны үшін қандасқа ауыстырды. Бірақ Тілек қандас сөзі де шетелден келген қазақтарға немқұрайлылықпен қарап, оларға жеке атау беріп, отарлаудың көрінісі деп санайды. Қандастың түбірі “андас” деген сөзден шыққан. Оның мағынасы екі адамның қан арқылы серттесуі дегенді білдіреді. Яғни жасанды туыс.
- Бюрократилық мәселелер оң шешімін тапса, отар санадан арылсақ, азаматтық қоғам принциптеріне сай бәрін тең көретін, бір біріне жанашырлықпен қарайтын ұрпақ келетініне сенімім мол. Үнемі айтып жүремін Шыңжаң тек таргедия емес, үлкен мәдени мұралар ошағы.
Германиялық Руна Стенберг антрополог, географ. 2009 жылдан бері, Шығыс Түркістан өңірін зерттеп, Қытайдағы аз ұлттардың құқықтарын қорғаумен айналысып жүр. Қытайда, Қазақстанда, Қырғызстанда жұмыс істеген. Қытайдың жүргізіп отырған саясаты нағыз жауыздық деп бағалайды. 2017 жылдан бастап жәбір көрген халықпен сұхбаттасып, айғақ жинап, журналистерге, құқық қорғау ұйымдарына ақпарат таратады. БҰҰ-ның Шыңжаңдағы зерттеуіне қатысқан. Руна лагерьден шығып, басқа елге көшкен халыққа азаматтық беріп, медициналық көмек алып, психологиялық қолдау көрсетуге шақырады.
- Әлем бұл туралы бәрін біледі. Бірақ ештеңе істей алмай отыр. Көптеген мемлекеттер экономикалық тұрғыда Қытайға тәуелді алпауыт елдің күші басым болып тұр. Сондықтан көз жұма қарауға мәжбүр. Бірақ әлемдегі экономикалық жүйе тұрақталып, адам құқықтары бірінші орынға шығатын күн туады деп сенемін.
Руна ұйғырлар мен қазақтарды қайта тәрбиелеу лагерлеріне қамау тоқтады деген болжам барын айтады. Алайда адамдарды мәжбүрлі еңбекке жегіп, құлдықта ұстап жатыр деген ақпаратты да жоққа шығармайды.
Әбілқайыр Төлеухан 2017 жылдан бері Қытайдағы қазақтардың мәсесесін көтеріп келе жатқан ерікті. “Атажұрт” партиясымен бірге халықаралық ұйымдарға шағымданып жүріп, біраз адамды қамаудан шығарып алған. Елге келген қандастарға құқықтық, психологиялық жағынан қолдарынан келген көмекті береміз дейді. Кейде ақша жинап, үйсіз қалған жандарға баспана алып берген кездері де болған. Қазір Қытайда қазақ мектептерін түгелдей жауып тастаған. Тіпті үйінде қазақша кітап ұстауға, қала берді қазақша сөйлеуге де тиым салынып жатыр. Бір топ ерікті соның салдарынан 20 жастан төмен қазақ балалары тілінен, тамырынан айырылып жатыр деп дабыл қағуда. Әбілқайыр сол балаларға арнап бейімделу, сауат ашу орталығын ашқысы келеді. Бірақ барлығы қаражатқа келіп тіреледі дейді.
- Елге оралған қандастарымыз түрлі проблемалармен келеді. Қамауда жатып денсаулығынан айырылған, жүйке ауруларына ұшыраған қандастырымыз өте көп. Олар ем алуға, пихологиялық қолдауға мәжбүр. Тіпті елге келген соң, өткені қатты мазалап, өзіне қол жұмсамақ болғандар да кездесті. Біздің басты жұмысымыз сол кісілерді қадағалап, қолымыздан келгенше көмектесіп, қоғамға бейімделіп кетуіне ықпал ету.
Сегіз жыл бұрын ел арасында Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі аз халықтарға қысым көрсетіп жатыр деген ақпараттар тарай бастады. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьде миллиондаған адам отырады деп мәлімдеген. Ал Қытай үкіметі бұл әрекетін “экстремизмге қарсы күрес”, лагерьлерді “тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталық” деп атады. 2020 жылдың маусымындағы халықаралық зерттеулер қазақ ұйғыр секілді түркі тілдес ұлттардың санын азайту мақсатында әйелдерге күштеп конрацепция қолдануға мәжбүрлейтінін жариялады. Қытаймен тығыз экономикалық байланыстағы Қазақстан әлі күнге дейін Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге ресми баға бермеді. Ресми билік “Шыңжаңдағы жағдай - Қытайдың ішкі мәселесі” деген.
Тегисова Милана
