Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

An anonymous club of monsters

- Жак, қалай... қалай ғана мені тастап кеттің? Қалай ғана? Енді, енді мен не істемекпін? Сен.. Көздерінен аққан ыстық жастарды сүртуден қалған.

- Эгоист. Өзін ғана ойлаған эгоист... қолымен сары-қоңыр түске боялған еденді қағып қалды. Бөлме іші жайсыз. Бейне бір адамдар көбірек қиналсын дегендей қабырғалар сұрқай тартқан түсқағаздармен қапталған, ал кішігірім люстра болса, бір шеті сынық болуы керек, жарыққа ұмтылып сыртындағы шынысынан ішіне кіріп қайта шыға алмай жанып кеткен көбелектердің қабіріне айналған - бөлме ішін күңгірт етіп тұр. Сондықтан болар, Мэредиттің бойын əлде бір ауыртпалық билеп, шыдамастан дəлізге қарай шығып, бұрышта тұрған орындыққа жайғасты.

Енді байқады, барлығы қайтып кеткен екен. Бірді біреуі қалмаған.

- Қызық? - деп ойлады, -Адамдар қызық. Не себепті кезінде етене араласпаған адамның өмірі үзілген тұста ғана оны еске алады екен? Неге көлгірсіп ешбір қайғы бойларын қинамаса да көз жастарына ерік береді екен? Əлде қызық көруге, тірі екендерін сезну үшін не жұрттың сөзінен қорыққаннан келеді ме? Шамасы соңғысы болса керек.

Тақ-тақ-тақ. Дəліздің арғы тұсында біреудің сұлбасы көрінгендей. Жүрегінің дүрсілі жиілеп,

тілі байланды.

- Бұл ненің дүрсілі? Кім мұнда? Үнсіздік. Жалт қарады. Ешкім жоқ. Тек сол құрғыр лампалар ғана бір өшіп-бір жанып күлкі еткендей жымыңдап тұр. Ешбір қозғалыс байқалмады.

- Қағыс естіген болармын? Жак, көріп жатсың ба? Менің санам да сенсіз уланып жатқандай? Қайдағыны естіп, қайдағыға елеңдей беремін.

Кенет, қараңғылықты тұмшалаған бөлмеден күлкі естілгендей болды. Кəдімгідей біреуі əзіл айтып жиындағыларды түгелімен ішек-сілелерін қатырып күлдіргендей, тіпті, арасындағы біреуінің көзінен жас шығардай шыдай алмастан жер тепкілегеніндей-тін. Мэредит орнынан жайлап қана тұрды да ашыңқырап қалдырған есігінен табыттағы Жак жатқан бөлмені сығалай қарады. Ойына не келіп не кетіп жатқаны белгісіз, бірақ бойына қан жүгірген болу керек, көп бүктеле отырғанынан ұйып қалған аяқтары жүгіруге дайын тұрғандай. Бір сұлбалары адамға ұқсас топ Жактың суреті қойылған үстелдің шетін жағалай бір-бірімен күбірлесіп, ескі уақыттағы естеліктерін қайта еске түсіріп отырған жаңа ғана кездескен достар тəрізді арқа-жарқа күйде отыр. Жүздеріне қарап түрлерін анығырақ көрейін деген еді болмады. Беттері біресе бар біресе қайта жоғалып кететіндей. Мэредит ішінен “ - Жынды болайын дегенмін бе?” деп қолып шымшып алды. “Ай! Өңім”. Көздерін қолымен қайта қайта сүртпкетеп тағы да қарады. Бесеу екен. Арасындағы біреуінің бойы ұзын ал қасында отырғанының бойы ең қысқасы болу керек, сырттарынан қарасаң əкесі мен баласы секілді. Қалғандары орта бойлы болуы керек бір-бірлерінен отырған жерлерінен ешбір айырмашылық байқалмады. Түгелдей дерлік барлығы да үстеріне қара жамылған, беттеріне аппақ бетперде таққандай, себебі, солғырт тартқан жарықтан жүздері бөлме есігіндей жерден көрінбей жатыр.

- Құдай-ау, жын-шайтандар осындай болады екен ғой. Сонда олар да көңіл сұрап келеді ме? Тоқта, олар не, олар да қайғырады деген сөз бе бұл? Жо-жоқ. Мұндайды кім көріпті? Хыхыхы... Тоқта, сен көріп отырған жоқпысың, сен емес пе куə болып отырған?.. Міне саған, жамандықты жасайтын тек жындар емес, жақсылықты түсінетін адамдар ғана емес. Бірақ бұлар менің баламды қайдан біледі? Тозаққа алып кетп...Мүмкін емес!”

Сырррр... сырттан тірелген Мэредиттің кесірінен, есік құрғыр ішке қарай сыртылдаған ащы дауысын шығара ашыла кетті. Сол-ақ екен, жайма-шуақ көңілде отырғандардың барлығы да дыбысқа елең ете бастарын бұра қалды. Дəл айтыпты, беттері əлдеқандай бетпердемен жабылған. Сұрғылт не ақшыл екенін ажыратуға қиын бір тондағы, адамның келбетіне келтіргісі келгендей қара бояумен қос қастың, мұрын мен ауыздың орнына түп-түзу етіп қысқа-қысқа сызықтар сызылған. Мэредит қорыққанынан бір орнынан қозғалмай тұрып қалды. Əлгі үсті-басы көмкерілгендердің бірі қолын көтеріп, бұл жəндікке назар аудармаңдар дегендей ишара танытқан еді, барлығы да бұрынғы жайларына орналасып, енді жат біреу естіп қоймасын дегендей сыбдырласа бастады.

- Сонымен, Анонимді құбыжықтардның кезекті жиналысын ашық деп жариялаймын,- деді ішіндегі орта бойлы төрде отырғаны. Сəл кідіріңкіреді де ең ірісіне қарап “Анамызды шақыр” деді. Сол-ақ екен Мэредит əлгі топтың ішіне енді де кетті.

- Сіз бізді танымайтын шығарсыз. Бірақ, мұнда отырғандардың барлығы, балаңызды қоса, сіздің клубымыздың осы санына қатысқаныңызды, былайша айтқанда, айырықша қонағы болғаныңызды қалаймыз. Бұл құрметке іліккендердің саны аз. Не дер екен деп Мэредиттің бетіне басын бұрды.

- Мммм... Сс-іздер кім-сіздер? Дауысы үзіліп-үзіліп шықты.

- Кім дегені несі, жаңа ғана айттым емес пе? Кулбтың аты сізге ешнəрсе демей ме өзі? Қастарына жаңадан қосылған адамға телміре сəл қарап,

- Жарайды, сонымен бүгін кім бастағысы келіп отыр. Анашым, сізді солай атасақ болатын шығар. Мұндағылардың барлығы бір Анонимді құбыжықтар клубының мүшелері. Сіздің де ұлыңыз соның қатарында тұғын. Міне, осы өмірмен қош айтысқан ұлыңызға құрмет ретінде көңіл айта əрі бір жағынан кезекті жиынымзды өткізбек болып келіп тұрғанымыз осы. Білем, бұны балаңыз да қалар еді. Сəл кідіріңкіреді де,

- Иа, Ватанабэ, бастай бер,- деп қарама қарсы отырған еңгезерге сөз кезегін берді.

Мэредит жақын келген соң енді жақсылап түрін көрейін деп қанша үңілсе де болмады. Барлығы бұлыңғыр. “Қарғыс атқыр нау лампаны ма...”

- Сонымен, барлықтарыңа сəлем. Есімім Ватанабэ Сато, мынау менің қызым Акеми.

Қасында қозғалмай отқан қуыршаққа күлімдеп қарап сөйлегенде ғана Мэредит бағана адам қатарына санаған бойы ең кіші баланың жай ғана қуыршақ екенін байқап, шошынғаннан шыққан дауысы шығып кетпеуі үшін қос қолымен бетін жауып қалды.

- Ол кезде бəрі де басқаша тұғын. Акеми анасы үшеуміздің бақытты шағымыз. 1941 жылдың 9 желтоқсаны, əлі есімде, азанмен дүкенімді ашып əдеттегідей радионы қосқанымда Жапон Империясының Перл Харборды отқа өртегендігі, соның əсерінен Америка дүниежүзілік соғысқа қадам басты деген хабарламаны естіп бір орнымда қатып қалғанмын. Аспан айналып жерге түскендей болып, ішім бір зұлматтың төніп келе жатқандығын сезгендей тыныштық бермеді. Күдігімнің орындалуына көп уақыт керек болған жоқ. Бір түннің ішінде кеше ғана араласып жүрген таныстарымыздың барлығы үшін “сатқын жапондарға” айналдық. Көршіміздің ұлы сол соғыста қаза тапқан-тын.

Аз ғана пауза ұстап, дірілдеп тұрған оң қолына қарады да, оны өзге қолымен басып, ешкім көрмесін дегендей қара мантиясына сұға кетті.

- Түн ортасы тұғын. Акемидің ыстығы шығып дəрі-дəрмекке орталыққа, дəрігерге кеткен едім. Қайтып келгенімде көргенімді əлі де ұмыта алмай...

Жылап жібергендей қалтылдаған қолымен көздерін сүрткендей болып бетпердесін жауып, біраз кідірді де:

- Қызым мен жарымды пышақтап кетіпті. Əлі есімде, еден беті қып-қызыл қан. Қарсылақан деп ойладым. Барлық заттар шашыраған. Херуми мен Акумидің өлі денелері...Үлгергенімде, тезірек...

- Болды, болды, жетеді. Тыныштал, сенің мұнда ешбір кінəң жоқ. Кінə адамдарда, ұлтың үшін құбыжыққа санаған адамдардың ғана мойнында,- деді қасында отырған тағы бір орта бойлысы. Дауысының жіңішкелігі жас қыз екендігін білдіріп қойды.

Сөзді жалғастыра:

- Менің оқиғам. Ммм. Есімім Сарасвати, жасым он үште, оқушымын. Ой, естен шығып кетіпті ғой, кезінде болғанмын. Қызық, мектепке асығып, бірге бару үшін Дженниді күткен кездерім, сариімді автобустың ішінде шешіп боянғаным кеше ғана өткендей. Қысқасы кешкі ас үстінде, биологиядан болуы керек, соңғы емтиханға үш күн қалған, соны тапсырсам арқамнан қандай ауырлықтың түсетіндігін, жақсы баға алсам Дженнидің үйіне “пижама кешіне” жіберуге уəде беріп қойғанын айтып анаммен шүйіркелесіп отырғанмын. Əкем сөзімді аяқтаған соң маған қарады да сəл кідіріп барып,

- Сарасвати, сен бой жеттің. Салтымыз бойынша, Жаратқанның қалауымен, сені Аджиттің кіші ұлы Прабхуға тұрмысқа бергелі жатырмыз. Анаңмен сөйлесіп, барлық керек жарақтарыңды дайында,- деді де орнынан тұрып шығып кетті. Сондағы, менің күйімді көрсеңіздер, “- Бəрі бітті” деген ішкі дауысымды естісеңіздер ғой. Екі айдан кейін үйге қашып келдім. Мені ол үйде адам қатарына санамайтынын, итше сабайтынын айтып, көгерген қол-аяғымды көрсеткеніммен де “отбасының масқарасын шығарасың, абыройын төгесің” деген суық жауаптан басқа сөз естімедім. Үйге қондырмастан ағамды шақырды да кері қайтарып жіберді. Күліп жіберді. Сондағы жүзін көрсеңіздер ғой анамның?! Хахххх. “Отбасы абыройы” ?Кхххм.

Қызға қарап отырған Мэредит не дерін білмеді. Осындай ғұмырлардың сансыз екендігін сезгендей, іштей “Қалай ғана өз тағдырыңа налымақсың?” деді. Сөйлей берейін дегенде оң жағынан жайлы естілетін үн шықты.

- Бұны айтудың өзі күлкілі,- сəл күлімсірегендей болып, мені құбыжық еткен бейшаралардың көзсіз сенімі. Қатарлы африкандық ислам дінін ұстанушы отбасыданмын. Есім білгелі қолымнан құран түспеген, қатал əкемнің арқасы болса керек. Бірде, қаланың ортасында жиналып тұрған жұртты көріп, қызықтан қалмайын деген оймен сығылысып барып ортасына жеттім. Қарасам алдымда мойнына жіп байлап асылып тұрған екі адамды көрдім. Бастары, қолдары, аяқтарына шейін қимылсыз. Кенет қасымдағы еркектер жерге еңкейіп қолдарына тас ала бастады. Не болып жатқанын тек өлі денелердің қасында тұрған əйел адамның жан-дауысы шыққанда ғана білдім. “Салдақы! Қалай ғана дəтің барды? Зинақор! Шариат заңын қалай ғана бұздың?”. Тек соңғысын естігенімде басыма “Бұлардың барлығы мұсылмандар емес пе? Бұлардың барлығы ислам жолындағылар емес пе? Ең керемет санаған дүнием адамдардың саналарын мұншалықты улағаны қалай?” деген ойлар келгені есімде. Сол ойлар келе-келе күдікке, күдіктерім сұрақтарға айналды, ал сұрақтарым болса сыртқа шығуға асықты. Діннің алып келген кеселіне куə болғаным мұнымен аяқталмады. Басымды көтеріп айналама өзге көзқараспен қарай келе ол қарама-қайшылықтардың, мен келіспейтін, мен ғана емес рационалды сана келіспейтін сұмдықтарды көре бастадым. Ақыр аяғы бас тарттым. Иа, 23 жыл серік еткен дінімнен бас тарттым. Зорланған қыздарды кінəлі етіп, зорлаушыларды ақтағанда, Алла жолын таңдаудан бас тартқандарды дарға асқанда, радикализмді туындатқанда, қоғамды жіпсіз байлап, құбыжықтардан құтылып отырғанда мұндай Жаратқанның сөздері жазылған Құранды, осыған итермелеген исламды қабылдай алмадым. Мүмкін емес, егер Жаратушы болса, оның бұл сұмдыққа негіз салуы мүмкін емес. Сонымен, санамда болып жатқан осы арпалыспен үй ішіндегілермен бөліскенімде не болғанын білесіздер ме? “Есін жисын” деген ниетпен мені сарайға қамап тастады. Дегенмен, қанша құбыжық қатарына саналсам да күресуге бел байладым. Күресу дегенім тірі қалуым тұғын. Ол үшін шекара асуыма тура келді. Мен ол жерде бұдан артық тыныстай алмадым, өмір сүре алмадым. Нидерланды елінде босқын статусымен тұрып, кейіннен радикалды исламға қарсы қозғалыстарды ұйымдастыра бастадым. Исламда христиан дініндегідей реформалар қажет екендігіне сендім. Талай жолдан өттім. Міне енді мемлекеттік партияда бой көрсете бастағанымда үйімнің алдын қоршаған исламисттерге тап болдым. “Аллаға қарсы шығатын сен кімсің? Сатқын!”,- естігендерім осылар болды. Сонымен не керек, Европаның өзінде маған қоқанлоқы көрсетіп қана қоймастан, артыма түсіп қуғындай бастады. Соңы физикалық шабуылдарға дейін ұласты. Сол қақтығыстардың бірінде ешбір жазығы жоқ көрші тұратын отбасы жапа шекті. Исламисттерге, негізінен сырттан келген мұсылман мигранттарға менің “теріс пропогандам” ұнамастан үйімді өртеуді жоспарлапты. Қателесіп көрші үйді отқа ораған. Олардың жалғыз қыздары жан тəсілім етті. Сол сəттегі менің күйімді көрсеңдер... Уххх. Аруыр күрсініп барып сөзін жалғады,

- Менің іс-əрекеттерім, менің радикализмге қарсы сенімде жасаған шараларымның нəтижесі осыған алып келді. Ертесінде елшіліктен хабарлама келіп, менің елде қалған отбасымның жоғалып кеткені жайлы естідім. Шыдай алмадым. Бұған шыдау мүмкін де емес.

- Кешірім өтінем,- деді Жанат, ал бұның барлығына менің ұлымның не қатысы бар?

Көздері жалт-жалт ете отырғандарға қарады.

- Оның себебін өзіңіз де білесіз, оған сенімдімін.

- Бірақ..? Менің балам, ешкімге кесірі жоқ, құмырсқаны да ренжітпейтін Жак... Қалайша? Неге? Өксіп-өксіп жылады. Көңілі барлығын сезді, санасы бəрін де түсінді. Не себепті, оның бұл “құбыжықтар” қатарында екенін түсінді. Ішін өкініш пен сағыныш жалыны жандырып бара жатыр. Жерге қарай сұлайып құлады, қос тізесін құшақтай, жалғанда жалғыз қалғанын сезгендей үнсіз жатты. Үнсіздік пен жалғыздық мəңгілікке ұласқандай құлазыған тыныштықтан өзге...

0
0
431

Еще по теме

An anonymous club of monsters - Yvision.kz