Перейти к содержимому
Обложка сообщества Творчество

ҚАМШЫНЫҢ ҚАСИЕТІН ТҮСІНГЕН ҚАЗАҚ БАЛАСЫ

Жігітке жеті өнер де аз. Халық нақылы Қамшы өру – көшпенділердің өткен ғасырлардан бастап келе жатқан дәстүрі. Қамшы – ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы секілді бірнеше түрге бөлінеді. Ата-бабамыздан мұра болып жалғасқан дәстүрді бүгінгі күннің жастары да жалғап келеді. Соның бірі – Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Рсалдиев Ерасыл. Ерасылмен қамшы өру өнері жайлы сұхбаттасқан болатынмын.

- Қамшы өруге деген қызығушылық қашан пайда болды және кімнен үйрендің?

- 13 жасымда ауылда жүргенде жездемнің қамшысын үзіп алдым. Ол қамшыны сатып алды деп ойлап үйдегілерге қалай айтарымды білмедім. Кейін оны жездеме айтқанда қамшыны өзі өргендігін білдім. Сол уақыттан бастап қамшы өруге деген қызығушылығым пайда болды. Қамшы өруді жездем мен оның інісінен үйрендім.

Қамшының қай түрін жиі өресің?

- 8, 12, 24 жуан өрімді қамшыларды жиі өремін.

- Бір қамшыны өруге қанша уақытыңды жұмсайсың?

- Бір қамшыны толықтай өріп шығу үшін кемінде 4-5 сағат уақытым кетеді.

- Қамшыдан басқа қандай бұйымдар жасайсың?

- Қамшы өрумен қатар арқан есемін, таспы тілемін, киіз басамын, ағаш ер жасаймын. Темірден үзеңгі, ауыздық жасаумен және тері илеумен айналысамын.

- Болашақ мамандығыңды осы өнеріңмен байланыстырасың ба?

- Мүлдем байланыстырмаймын. Әзірше болашақта қандай мамандық иесі болатынымды шешпедім.

- Тапсырысқа бұйымдар жасайсың ба?

- Бір рет жасағанмын, одан кейін тапсырыс алмаймын. Тек өзім үшін өріп, өнерімді хобби ретінде көремін.

- Қамшы қолданыстан мүлдем шығып кетеді деп ойламайсың ба?

- Қамшы қолданыстан мүлдем шығып кетті деп ойламаймын. Меніңше, қамшының қасиетін түсінетін әрбір қазақтың төрінде ілулі тұр деп ойлаймын. Ал ауыл тұрғындарының қолданысында бар және бола береді.

- Қамшы өру сен үшін терапия ма?

- Иә, қамшы өру арқылы жаным тынышталады, ойым тазарады. Шындығын айтқанда, қамшы өруден ләззат аламын.

- Ұлттық қолөнерді жандандыру үшін не істеу керек деп ойлайсың?

- Ұлттық қолөнерді жандандыру үшін мектептерде қолөнер сабақтарын қосып, бұйымдардың неден және қалай жасалатынын көрсету керек. Сонда оқушылардың қолөнер бұйымдарын жасауға қабілеттері ашылады деп сенемін.

- Болашақта дәстүрлі қолөнерді дәріптеу мақсатында үйірме ашқың келе ме?

- Әрине, ойымда бар. Балаларға темірден бұйым, ағаштан ертоқым жасауды, тері илеуді, арқан есуді үйретіп, қолөнерге баулығым келеді.

- Жан сырыңды ақтара айтқан әңгімеңе, мағыналы сұхбатыңа көп рақмет. Өнерің өрге жүзе берсін!

1
0
489

Еще по теме

ҚАМШЫНЫҢ ҚАСИЕТІН ТҮСІНГЕН ҚАЗАҚ БАЛАСЫ - Yvision.kz