«AMANAT» САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ТЕРЕКТІ АУДАНЫНА САПАРЫ ТҮЙІНДЕЛДІ
«AMANAT» партиясының сайлауалды республикалық және Батыс Қазақстан облыстық штабтарының Теректі ауданына сапары аудан орталығында түйінделді. Теректі ауылында штаб мүшелері кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Республикалық сайлауалды штабының мүшелері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов пен "Қазақ тілі қоғамы" ҚБ төрағасының орынбасары Максим Рожин мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы салаларында субсидиялар мөлшерін арттыру, шағын және орта бизнес субъектілерін көбейту және сол нысандарда жаңа жұмыс орындарын ашу көзделгенін жеткізді. Шаруа қожалықтарының басшылары Ертарғын Менешов пен Аманғали Бөкенбаев салада бірқатар түйткіл барын тілге тиек етті. Партия өкілдері оларды қаперге алатынын және тиімді тетіктері қаралатынын атап өтті. Облыстық сайлауалды штабының мүшелері Снежанна Имашева, Табылғали Сапаров, Дінмұхамед Сәтбаев, Анвар Агаев, Сержан Идиятов, Софья Ізмұханбетова, Айгүл Есекенова және Бауыржан Ғұбайдуллин халық алдында пікір білдіріп, ауыл жұртын саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды.
