«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫ ПОДСТЕПНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«AMANAT» партиясының сайлауалды республикалық және Батыс Қазақстан облыстық штабының мүшелері үгіт-насихат шаралары шеңберінде Теректі ауданына барды. Партия өкілдері алдымен Подстепное ауылына ат басын тіреп, жұртшылықпен жүздесті. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына кандидат Снежанна Имашева ауылдық жерлердегі ағайынның әл-ауқатын жақсарту тетіктері сайлауалды бағдарламада қарастырылғанын айтты. Жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жас мамандарды ауылға тарту – негізгі бағыттар. Республикалық сайлауалды штабының мүшесі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов тұрғындарды саяси додада белсенділік танытып, «AMANAT» партиясын қолдауға шақырды. Ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдалануы енді жіті қадағаланатынын, егер агроқұрылымдар игермесе, жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне қайтарып алып, еңбекқор жандарға беру жұмыстары күшейтілетінін жеткізді. Дәл осы штабтың мүшесі, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Максим Рожин партиялық тізімдегі кандидаттар қатары 75 пайызға жаңарғанын, олардың әр салада табысқа жеткен белсенді азаматтар екенін атап өтті. Облыстық сайлауалды штабының мүшелері Табылғали Сапаров, Дінмұхамед Сәтбаев, Анвар Агаев, Сержан Идиятов, Софья Ізмұханбетова, Айгүл Есекенова, Бауыржан Ғұбайдуллин сөз сөйлеп, ауыл жұртын сайлауға қатысуға үндеді. Кездесуде мектеп директоры Марат Сыхов партия өкілдеріне ауылдастар атынан сәттілік тілеп, саяси ұйымның әр саладағы белсенділігіне тоқталды. Партия өкілдері кейін іс сапар шеңберінде ауданның өзге ауылдарына бағыт алды.
