АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛҒА ЖӘРДЕМДЕСКЕН АДАМДАР АҚШАЛАЙ КӨТЕРМЕЛЕНДІ
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдар қалай ынталандырылатыны туралы түсіндірді.
Жандос Жұмабаев бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу болып табылатынын атап өтті.
Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесу:
1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлау;
2) Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру болып табылады;
3) Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу үшін кейіннен маңызы болған өзге де жәрдем беруді қамтиды.
2020 жылғы 15 ақпаннан бастап сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін сыйақының сараланған жүйесі жұмыс істейді.
Соңғы 3 жылда Алматы облысының 20 тұрғыны сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлады.
2020 жылы Алматы облысының 13 тұрғыны 2,3 млн.теңге көлемінде сыйақы алды.
2021 жылы 6 адамға 1,2 млн.теңге көлемінде сыйақы берілді.
Осы жылдың басынан бері Алматы облысының 1 тұрғыны 194 460 теңге көлемінде сыйақы алды.
Талдау көрсеткендей, негізінен азаматтар парақорлық, ұрлау және билікті теріс пайдалану фактілері туралы хабарлайды.
Ақшалай сыйақыдан бас тартқан жағдайда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органға тиісті өтініш береді және ол үшін грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түрінде көтермелеу белгіленуі мүмкін.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерімен немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы ақпараттың бар болуы кезінде барлық азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің "1424" телефоны бойынша CALL-орталығына хабарлауды немесе Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі 36/42 мекенжайы бойынша орналасқан Алматы облысы бойынша Департаментке жүгінуді сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі.
