АКАДЕМИКТЕР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қары іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті (бұдан әрі – Департамент) мен Алматы қаласындағы 23 үкіметтік емес ұйым арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға байланысты екіжақты келісімге қол қойылды. Солардың бірі – академик Алексей Фелипович Цеховойдың басқаруындағы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясы.
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ дың конференц-залында Халықаралық Ақпараттандыру Академиясы төралқасының Дүниежүзілік электробайланыс және ақпараттық қоғамкүнін атап өтуге арналған Кеңейтілген отырысы болып өтті. Төралқа отырысына Президиум мүшелері мен арнайы шақырылғандар қатысты. Президиумге тіркелген қатысушылардың барлық саны 80 адам шамасында.
Кеңейтілген төралқа отырысында сөз сөйлеген Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасасу бөлімінің басшысы Мақсатхан Анапин жиынға қатысушыларды кәсіби мерекелерімен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
Бөлім басшысы өз сөзінде Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының қызметі тек қана Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де белгілі екенін айтты. Сондай-ақ, ақпарат табиғатын тану, ақпараттық технология, экологиялық және ақпараттық-сараптама, қоғамдық ақпараттандыру мен әлемдік біртұтас ақпараттық қоғам құру қызметіндегі бұл тәуелсіз ұйымның ерекшелігіне тоқталды. Үйымның басты қызметі ақпараттық тұрғыдан жетілген, өресі биік және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қоғам құру екенін, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел алдында сөйлеген сөзінде осы мәселелерге ерекше көңіл тоқтатып, назар аударатынын сөзіне желеу етті. Бұл абыройлы міндеттің үдесінен Академия экономика, мемлекеттік басқару жүйесі, азаматтық қоғам институттары, халықаралық ұйым, БАҚ және әлеуметтік салалар бойынша шығып жүргендігі де қаперден қалған жоқ. Бөлім басшысы сөзін қорытындылай келе: «Біздің және сіздердің сала қызметінің өзектілігі мен көкейкестілігі осы жерде тоғысады» деп, екіжақты қатынастарға ерекше тоқталды.
Президиум жиынының талқылау қорытындысы бойынша шешім қабылданып, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясы қызметінің келешек дамуының басым бағыттарының қатарында Департамент пен Академия арасындағы біріккен іс-шаралар өткізу мен екіжақты ақпараттық қолдау көрсетіп отыру мәселесі атап өтілді.

