Ақ лала гүлдер мекені

Сәрсенбінің сәтіндегі ой немесе таңғы пәлсапаҚазір "Кітап оқитын ұлт" деген жоба жүріп жатыр, өзім қатыспасам да жалаң науқаншылдыққа айналдырмай қолдайтын дүние екен деп ойладым. Келіншегім біраз кітап оқыған, әлі де оқиды, арасында ойларымен бөліседі. Жұмыс, саяхат, тіршілік деп жүріп көп нәрсеге мән бермейтініміз шын, алайда бір сәт әдебиет, өнер тақырыбына әңгімелесетініміз бар. Жалпы, әрбір мықты еркектің артында әйел тұр деп есептеймін, жақында Нұрғиса Тілендиев туралы күшті мақала оқыдым, сонда оның әйелі тіпті шығармашылықпен айналыссын деп Нұрғиса атамыздың темекісіне дейін әкеп қояды екен. Шынымен мықты.Сонымен, не айтқысы келді дейсіз ғой, әңгіме "Кітап оқитын ұлт" жобасынан туындап жатыр ғой, кітап оқыған жақсы, өз басым ауылдың кітапханасының тұрақты оқырманы едім, кейін Арқалықтың кітапханалары, содан соң, Қарағандының кітапхана залдары сүйікті орындарға айналды десем болар. Бірақ, бір нәрсені айтқым келеді, ол кітаптың киесі бар. Әсіресе, балалық шағыңда кітап қиялыңды шыңдайды, өмірге іңкәрлігіңді артырады. Мысалы, Машқар Гумеровтың, Жюль Верннің және Бердібек Соқпақбаевтың, Сайын Мұратбековтің кітаптары қандай еді? Маған әсіресе халықтар, мемлекеттер, тарихи оқиғалар туралы кітаптар оқыған ұнайды, мектеп кезінен елдердің тарихын, халқы санын, мәдениетін, орналасқан жері мен астанасын, саяси құрылымын терең зерттедім. Кенже ұлым да маған тартқан әр мемлекеттің туы, астанасы, орналасқан жерін көзді жұмып отырып айта береді. Басты айтпақ ойым кітаптың киесі дегенім кітаптың ішіне түсіп кетпей сырттағы шынайы өмірден алшақтамау керек. Былайша айтқанда, біздің қоғамдағы мына жайт ұқсас, адамдар әлеуметтік желідегі өмірді шынайы өмірмен шатастырады. Әлеуметтік желіде бәрі әсем, жылтыраған болып көрінуі мүмкін. Алайда, шын өмір басқа, қатал, өктем!Иә, кітап туралы айтып жатырмыз ғой, келіншегімнің оқыған кітаптарының бірі Григорий Петровтың "Ақ лала гүлдер мекені" атты кітабы. Бірінші Петровтың тұлғасына тоқтала кетейін, ол дін жолындағы адам, әрине, әркімге өз діні лайық, бірақ оның басты айтпақ ойы неде? Финляндия атты қазіргі Еуропаның ең дәулетті елдерінің бірі бар, әсіресе, оның мектеп жүйесін мақтайды. Шынында мақтауға тұрарлық па? Финдер бұл жетістікке бір күнде жеткен жоқ, заманында швед боданында, одан орыс боданында болды. Батпақты-сулы өлке кедей аймақ еді, ауылдары тұрмысқа қолайсыз, ал, еркектері ішімдік көп тұтынып, әйелдері тұрмыс тауқыметімен балаларына да қарауға мұршалары болмайтын. Және, ұлттық езгі рухани кемдікпен қатар жүретін, финдер өз жерінде екінші сорттағы жұрт сияқты еді. Кешегі күнгі бізді еске түсірмейді ме? Сонда, рухани-ұлтық мешеуліктен шығу жолы қалай еді? Яғни, басты идея, өркениетке, білімге, жақсы өмірге тырысу, кәсіпкерлікті бастау жоғарыдан бұйрықпен емес, адамдардың өзінен, төменнен басталуы тиіс және оның жолында еріктілер - ағартушылар тұрды. Яғни, әр фин рухани сауатты, білімді болуы тиіс және өз өмірін өзгертуі қажет. Ұлт ондай тұлғаны туғызды да, ол Йохан Вильгельм Снелльман еді. Біздің Алаш идеясымен мұраттас, тіпті "Оян қазақ" сарыны естілетіндей ме? Бір қызығы, біз орыс бодауында қалсақ, олар 1917 жылы жеке мемлекетін құрып үлгерді, алайда, Кеңестік Одақ 1939 жылы Финляндияға шабуыл жасап, елдің 20 пайыз аумағын басып алды, тіпті, КСРО құрамында Карель-Фин одақтас республикасын құрды. Финдер Ленинград түбіндегі аумақтан, елдің екінші қаласы Выборгтан айырылып, Солтүстік Мұзды мұхитқа шығар аумағынан да бас тартуына тура келді. Бұл маған Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айырылған қазіргі күнгі Грузияны елестетеді. Бәлкім мұндай жағдай Украинада да орын алуы мүмкін, оған әрине уақыт төреші. Сонымен әр фин ұлы мұраты үшін еңбек етті, қазіргі күні финдер Әлемдегі ең бақуатты, ең бақытты елдердің бірі. Айтқандай, Алаш арыстары 1863 жылы басталған Мэйдзи реформасы туралы айтып еді, үлгі қылды, одан бері қанша заман өтті, жапоннан соң Сингапур, Тайвань елдері қалай дамып кетті, тіпті 1990 жылдары экономикасы бізден артта болған Корея Әлемнің сегізінші еліне айналғанда қайран босқа өткен отыз жылымыз-ай деп күйінемін. Бастысы бұл кітап қоғамға мотивация береді, яғни, саналы, сауатты, ашық қоғамды құру өз қолымызда екен. "Болмаса да тырысып бағайық", ол әрбіріміздің мұратымыз болуы керек.Айтқандай, кітапты оқып жатырмын, ерте оқымағаныма өкіндім!#Финляндия #Ақ лала гүлдер мекені #Amandyq Amirkhamzin