АГРОӨНЕРКӘСІПТІҢ ДАМУ ЖОЛЫ
Мен ғылыми-зерттеу институтының басшысы және ғалым ретінде Жолдауда көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдау, қазақстандықтардың іскерлік белсенділігін арттыру сияқты мәселелерге айрықша назар аудардым. Ең бастысы, Елбасының Жолдауы «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық дамуы» және «Агробизнес – 2020» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығы саласын өркендету арқылы еліміздің экономикасында құрылымдық өзгерістер жасауға мүмкіндік береді.
Әлемдік стандарттарға сәйкес елімізде ауыл шаруашылығы ауа райының құрғақшылығы жағдайында жүргізілуде. Себебі еліміздегі негізгі егін өсіруші аймақтардағы жауын-шашынның жылдық түсімі 200-350 мм құрайды. Осыған байланысты отандық өсімдік шаруашылығының климаттық өзгерулерге бейімделуі бойынша зерттеулерді күшейту қажет, яғни селекциялық жұмыстарға деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Осы орайда, сорттардың өнімділікті арттырып қана қоймай, олардың күйзеліске (құрғақшылыққа, аязға, қысқа, тұзға және ыстыққа) шыдамдылығын дамытуға мән беруіміз керек. Сондай-ақ негізгі ауыл шаруашылығы аймақтарында қалыптасқан егіншілік жүйесіне түзетулер енгізуіміз қажет. Өйткені ауа райының өзгеруі өсімдіктің вегетациялық кезеңіне ауытқулар енгізуде, осының салдарынан агротехникалық іс-шараларды жүргізудің оңтайлы мерзімдерін нақтылау қажеттігі туындап отыр. Мұнымен қатар ауа райының өзге-руі арам шөптердің өсіп-даму фазасына, өсімдіктерді қорғау заттарына зиянкестер мен аурулардың бейімделуіне және тағы да басқа салдарларға әкеп соғуда. Бұған іс-шаралардың кешенді жүйесі, егіншіліктің ғылыми-негізделген жүйесі қажет, оның құрамында егістік алқаптарының оңтайлы құрылымы (ауыспалы егістіктер), топырақты өңдеу, өсімдік шаруашылығын кеңінен әртараптандыру, егіншіліктің заманауи жүйелері және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің агротехнологиялары болуы тиіс. Қазақстанда экологиялық жағдайдың нашарлауы мен ауылшаруашылық жерлерінің тозуын ескере отырып, институт ғалымдары заманауи егіншілік жүйесін әзірлеудің ландшафты жолын ұсынған-ды. Мұның негізі – егіншілікті экологиялық қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ететін нақты аймақтар үшін теңдестірілген тұрақты агроландшафтарды жасау.
Мемлекетімізде сумен қамтамасыз ету келешекте республика экономикасын дамытудың маңызды әрі шешуші факторына айналатыны белгілі. Бұл – су қорларының тапшылығымен, атап айтсақ, мемлекеттер арасында су қорын бөлумен, суды пайдалануды қатаң шектеумен, аймақтық су шаруашылығы жүйесінде өзендердің ағу режимін өзгертумен, суармалы жерлердің тұздануымен байланысты. Жер бетінде ауызсу тапшылығының қарқынды өсуі суармалы суды үнемді пайдаланудың жолдары мен әдістерін іздеуді алдыңғы міндеттердің қатарына қоюды талап етуде. Көптеген зерттеулер суармалы суды үнемді пайдаланудың тиімді жолы ретінде дақылдарды тамшылатып суарудың маңызы ерекше екенін көрсетуде. Тамшылатып суару бұл – су барлық вегетациялық кезеңде өсімдіктердің тамырына ғана жіберіледі және ирригациялық ылғал қатар арасына жайылмай, тек өсімдіктерге ғана беріледі. Соңғы жылдары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы суармалы жерлерде танаптық дақылдарды, атап айтқанда, қытайбұршақ, жүгері, қант қызылшасы және күрішті тамшылатып суарудың тиімділігін зерттеу бойынша жұмыстар басталды. Зерттеу нәтижелері күріш пен қант қызылшасы сияқты суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру кезінде тамшылатып суарудың жоғары нәтижелілігін көрсетті. Алғаш рет жабын пленкасы астында тамшылатып суару негізінде күрішті өсірудің жаңа табиғатты қорғаушы технологиясы әзірленуде. Жаңа инновациялық технологияның ерекшелігі – күріш суға батырылмай және гербицидтерді қолданусыз өсіріледі.
Соңғы кездері икемді егіншілік (гибкое земледелие) концепциясы үлкен танымалдылыққа ие болуда. Бұл қуаң аймақтарда егіншілік жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Оның негізгі буыны – ылғалды мол жинаудың іс-шаралар кешені және осының негізінде – қалыптасатын ауа райы жағдайларына сәйкес егістік алқаптарының құрылымын оңтайландыру, сондай-ақ топырақты өңдеу, тыңайтқыштарды қол-дану, өсімдіктерді қорғау тәсілдері, т.б. жүйелерге түзетулер енгізу. Тәуекелді егіншілік жағдайларында бұл факторларды ескеру суару барысында икемді әрекет етуге, егістікті пайдалану құрылымын жедел өзгертуге және биоклиматтық әлеуетті толықтай пайдалануға мүмкіндік береді.
Біздің алдымызда Елбасы қойған ауқымды және күрделі міндеттер тұр. Ол міндет экономикалық өсуге, ауыл шаруашылығындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық құрылымдардың: білім-ғылым-өндірістің жүйелі жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз қажет. Жалпы, аграрлық ғылымды ұйымдастырудың жаңа жүйесінің бастапқы үлгісі қажет, онда іргелі және қолданбалы ғылым әдістерінің үйлесуіне негізделген кадрларды дайындау, трансферт пен алдыңғы қатарлы әлемдік жетістіктерге бейімделу, сонымен қатар экономикалық жағынан тиімді егіншілік жүйелерін әзірлеу үрдісі біріктірілуі тиіс. Әрқайсысымыз тек өз саламыздың ғана емес, ортақ, яғни бүкіл ауыл шаруашылығын дамытудың жаһандық мақсатын, өзара қарым-қатынасты жетілдіру қажеттігін жете түсінуіміз керек. Ол үшін бізде қажетті мүмкіндіктер мен әлеует бар екендігіне сенімдімін.
Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі, а.ғ.д, профессор
http://www.aikyn.kz/
