Перейти к содержимому
Обложка сообщества Политика

"Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм"

2024 жылғы 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өзекті сұрақтардың кең ауқымын айта отырып, алдағы кезеңде Республикамыздың даму жолындағы жаңа басымдықтарды алға қойды. Бұл сұрақтар ел өмірінің көптеген салаларына қатысты болды, дегенмен әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар экологиялық сипаттағы мәселелердің қозғалғанын және осы бағытта қойылған міндеттердің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) толық сәйкес келетінін ерекше атап өткім келеді.

Президент экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған табиғи ортаны қорғауды дамыту алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі екендігін баса айтты. Осы мәселені шешу аясында ол экологиялық тұрғыдан маңызды үш бағытқа назар аударды. Біріншіден, біздің еліміздің халқы жағымсыз экологиялық факторлардың әсерінен сақталуы тиіс, ал ол үшін қоршаған ортаны қорғау саласына эмиссияларды мониторингтеу жүйелерін қоса алғанда, ең озық технологияларды енгізу қажет. Бұл қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығарындыларын анықтау және есепке алу үшін өте маңызды, өйткені ластауыштар халықтың денсаулығына тікелей және жанама әсер етеді. Екіншіден, республикамыздың бірегей биоәртүрлілігін сақтау мәселесіңің өзектілігі айтылды. Мемлекет басшысы экологиялық тепе-теңдікті сақтау және елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін негіз ретінде табылатын орман алқаптарын көбейту маңыздылығын ерекше атап өтті. Үшіншіден, бұл "Таза Қазақстан" экологиялық жобасы. Президент бұл жоба өте маңызды және тұрақты негізде жүргізілуі тиіс, ал қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау еліміздің әрбір азаматы үшін күнделікті дағдысына айналуы қажет деді.

Біз, экология мамандары, Мемлекет басшысының бастамаларын толығымен қолдаймыз және алға қойылған міндеттерді шешу үшін бар күшімізді саламыз.

Мұхитдинов Азамат Мирасбекұлы

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы

0
0
124

Еще по теме