Адам атаның туған жері

Иә, Қарақалпақстанға барған кезімізде осындай әңгіме естідік. Енді, толықтыра кетсем. Ел астанасы Нүкістен Көне Үргеніш бағытында, шамамен 10 шақырым қашықтықта Ходжейли (Қожа елі) қаласының маңында Миздакхан кешені (қала жұрты) орналасқан. Үлкен және ескі екені көрініп тұр. Аумағы 200 гектарды алып жатыр.

Бұл ежелі қала біздің заманымызға дейінгі IV–III ғассырларда пайда болған. Шаһар Гәуір қала (Кәпір қала) деген атаумен белгілі, яғни, заманында мұсылмандардың түсінігі бойынша кәпірлер тұрған. Ал, бұл кәпірлер кім дейтін болсақ, араб шапқыншылығына дейін, яғни VIII ғасырға дейін мұнда зорастризм дінін ұстанғандар тұрған. Яғни, отқа табынушылар.

Заманында Ұлы Жібек жолының бір тармағы осы өлке арқылы өткен және мұнда ірі сауда-қолөнер орталығы орналасқаны анықталған.

Кушан дәуірінде (I–IV ғасырлар) қала төңіректің батыс жағына орналасты. IX-XI ғасырлар аралығында қала гүленду кезеңін бастан кешірді, күшейтілген қамал салынады. Дегенмен, ғалымдар жерлеу дәстүрінің өзгергенін байқаған, яғни, аталған аймақ тұрғындары ислам дінін қабылдаған. Кейінгі аласапырандар кезеңінде қала тіршілігін тоқтата бастайды. XV ғасырда жаңадан бекініс салынады. Жұма мешіт пен ханака осы кезеңге тән.

Кешеннің батыс тарабын алатын болсақ мұнда бірқатар сәулет ескерткіштері орналасқан, олар: Мазлұмхан-сұлу, Халифа-Ережеп, Шамун-наби мавзолейлері, Жомарт қасапшы төбесі және т.б.

Халифа-Ережеп мавзолейінің қалдықтары Мазмлұмхан-сұлу мавзолейінен оңтүстікке 120-130 м жерде орналасқан, шамамен Х–ХI ғасырларға жатады. Мавзолей бүлінген, құлаған, дұрысы, алдыңғы порталы жоқ, астыңғы қабырғаларында қамыс төселген, дұрысы, ол қамыс жер сілкінісі кезінде амортизация рөлін атқаратын болған. Ғалымдар ғимаратты сопыларға қатысты деседі.

Миздакхан кешенінің келесі ескерткіші Шамун-нәби мавзолейі, ол манағы айтқан Жомарт қасап төбесінің жанында орналасқан. Оның ерекшелігі жеті күмбезбен көмкерілген. Ішіндегі, жерленген адамның (әлде адамдардың) зираты (немесе тасы дейміз бе) едәуір ұзақ, бір 20-30 метр бар-ау?!

Бұл ғимарат XIII–XIV ғасырларға жатады деседі, дегенмен, сыртқы жағы жөндеу көрген.
Шамун нәби өзі емші әрі балуан болған деседі. Кісі емдеп, дін таратқан.
Жомарт қасапшы туралы айтатын болсақ, өзі бай болған деседі. Жұт кезінде төңіректегі елді етпен қамтамасыз етіпті.

Дегенмен, бұл аңыз-әфсаналардың түбі бар. Мәселен, Жомарт мысалы қазақтың Атымтай Жомарт деген түсінігімен ұқсас, ал, арғы жағы бағанағы айтқан зорастризм дініндегі Дайтиа (яғни, Әмудария) өзені бойындағы Аирйанэм-Ваэджа (яғни, Хорезм өлкесі) аймағында тұрған жартылай адам, жартылай бұқа кейпіндегі мифтік Гаумардпен байланысты екен.

Иә, өлкенің тарихы тереңде, ал, Миздакханның өзі XIV ғасырға дейін өмір сүрген. Қазақтың "маздақтап жану" деген түсінігі де осы ұғымдардан келген болар.
Айтқандай, Адам ата туралы, ол осы өңірде туды деген әфсана зорастризм діні бойынша алғашқы адамға қатысты болса керек.

Ал, мен Миздакханды аралап болған соң, Гәуір қаланың жұртына шығып, төңірекке қарадым. Расында, бұл өлкенің тарихы тереңде және тура мағынасында топырақ астында тереңде жатыр екен!

Қарақалпақстан, 2024 жылғы 31 қазан, фотолар 1939 жылы түсірілген, фотоларды ұсынған Мұрат Калменов
