Abilympics олимпиадасы
WorldSkills — халықаралық қозғалыс, оның мақсаты – жұмысшы мамандықтарды кеңінен таныстыру және олардың мәртебесін көтеру. WorldSkills Kazakhstan-2017 чемпионатының шеңберінде бірінші рет бірнеше бағыттағы кәсіби шеберлік сайыстары өтті. Олар: «Abilympics» — мүмкіндігі шектеулі оқушылар арасында, «Deafskills» — есту қабілеті нашар студенттер арасында және Zhasskills ұлттық чемпионаты — жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында (жұмысшы құзыреттер бойынша). «Abilympics», DeafSkills және Zhasskills кәсіби шеберлік конкурсына Қазақстан, Татарстан Республикасы және Ресей Федерациясының командалары қатысты.
Бұдан бөлек, 2017 жылғы 3 мамырда “Көрме” орталығында осы чемпионаттарды қолдау және дамыту бойынша бірлескен әріптестік меморандумына қол қойылды.
Қол қойылған меморандумдардың жүзеге асуы есту қабілеті нашар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларының қолжетімді болуына жағдай жасайды, олардың кәсіп тұрғысынан тәуелсіз болуына және кәсіби қабілеттерін шыңдауына ықпал етеді, мансабының өсуіне, қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласуына жағдай жасайды.
Қазақстан WorldSkills қауымдастығына 2014 жылы кірді және үшінші жыл қатарынан колледж студенттері арасында өтетін техникалық және кәсіби қабілетті шыңдайтын әлемдік сайысқа қатысып келеді. Қозғалыс Испаниядан бастау алған, ал біздің еліміз елуінші мүше. Биыл WorldSkills Kazakhstan чемпионаты 23 құзырет бойынша өтті (қатысушылар кәсіби қызмет саласы бойынша топтарға бөлінген). Өздерінің қаласы мен облысынан үздік шыққан екі жүзден астам қатысушы төрт күнге Астанаға (“Көрме” орталығына) келіп, күш сынасты, қабілеттерін тексерді, мүмкіндіктерін жұмыс берушілер мен сарапшыларға көрсетті, сондай-ақ, алдағы қазан айында БАӘ-де өтетін әлем чемпионатында қатысу мүмкіндігі үшін таласты.
Abilympics қозғалысы өткен ғасырдың 70-жылдары Жапонияда пайда болған және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту ісіндегі үлкен қолдаушы. Мақсаты – мүгедектердің кәсіби қабілетін жақсарту, қызығушылығын арттыру және жұмыс берушілерге танытудың жаңа жүйесін ұсыну.
Абилимпикс қозғалысының негізгі міндеттері:
1. Жұмысшы мамандықтарды таныту және олардың беделін көтеру, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ерте бастан мамандыққа бейімделу, ынталандыру, бейімдеу және жұмысқа тұрғызу.
2. Белгілі бір кәсіпорындар мен мамандықтар үшін мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан білікті мамандарды тарту.
3. Аймақта чемпионаттар өткізуді мүгедектер үшін жаңа жабдықталған жұмыс орындарын ашу тетігі ретінде пайдалану.
4. Сарапшылар қауымдастығын және жаңа коммуникация желісін құру, қашықтықтан оқыту жүйесін жолға қою.
5. Тосқауылдарға сарапшылардың баға беруі.
Абилимпикс халықаралық чемпионатын өткізу қатысушы елдерге не береді? Бұл қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қатысты қоғамның көзқарасын өзгертеді, мемлекетті кез келген деңгейде қолжетімді білім алу үшін барлық жағдай жасауға итермелейді, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін де біліктілігі жоғары маман болып, жақсы жұмысқа қол жеткізуге ынталандырады.


























