Перейти к содержимому
Обложка сообщества Новости области Абай

Абай атындағы драма ұжымы Қызылордада «Еңлік – Кебек» классикасын көрерменге ұсынды

Аталған театр биыл Талдықорған қаласында өткен Бикен Римова атындағы III халықаралық «БИКЕН FEST» театр фестивалінде дәл осы қойылыммен бас жүлдені иеленген болатын. Қызылордадағы премьераны Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Қойылымның көркемдік деңгейі жоғары. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов және Мағауия Абайұлының әдеби мұраларына сүйене отырып сахналанған. Айта кетейік, «Еңлік – Кебек» — қазақ әдебиетіндегі алғашқы драма туынды, оны Мұхтар Әуезов 1917 жылы, небәрі 20 жасында жазған.

Режиссері – Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» Жұлдызбек Жұманбай. Ол заманауи режиссура мен дәстүрлі сахналық тәсілдерді үйлестіре отырып, ұлттық рух пен тарихи болмысты терең жеткізе білді.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп жазған Абай хакімнің өсиеті қойылымның рухани өзегіне айналды.

Басты рөлдерді сомдаған талантты әртістер: – Еңлік – Еркеназ Қуанышқызы – Кебек – Расул Семейғазы – Баяндаушы – Азамат Нұрғамыс

Ұлтымыздың тарихында айрықша орын алатын Еңлік пен Кебек тағдыры арқылы елдік, бірлік, адамгершілік пен махаббат сынды мәңгілік құндылықтар көркемдік тұрғыда айшықталды.

Айта кетейік, Абай облысының Қызылорда қаласындағы мәдениет күндері аясында аймақ басы Берік Уәли бастаған жүзден астам адамнан тұратын делегация келді. Құрамында Парламент депутаттары Қайрат Тастекеев, Мақсат Толықбай, кәсіпкер Дулат Тастекеев, аймақ ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері бар.

Биыл қыркүйекте Семей қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өткен еді. Екі аймақ арасындағы мәдени байланыс осылайша өзара құрмет пен рухани ынтымақтастық негізінде жалғасуда.

Сондай-ақ, Абай облысының делегациясы Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысып, жаңа стадионда өткен концерт пен дрондар шоуын тамашалады.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

0
0
3851

Еще по теме

Абай атындағы драма ұжымы Қызылордада «Еңлік – Кебек» классикасын көрерменге ұсынды - Yvision.kz