АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛЕДІ
Аталған кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер — Ғалымжан Елеуов, Рахат Сыдықов, Асылжан Бүркіталин, Зульфия Сүлейменова қатысты.
Басқосуда үміткер Қайрат Сабыр кәсіподақ мүшелеріне алдағы уақытта облыста медицина саласында қандай жобалар іске асырылатынын айтып берді.
Оның айтуынша, алдағы бес жыл ішінде өңірде 15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, 2021-2022 жылдары Ақтөбеде медициналық орталық жанынан 100 орынға арналған балалар инфекциялық корпусы, 2022-2023 жылдары 200 орындық облыстық инфекциялық аурухана, 2022-2023 жылдары Темір аудандық ауруханасы, 2024-2025 жылдары Checkup және ПЭТ орталықтары, 2024-2025 жылдары облыстық қан орталығы салынып, 2025 жылға дейін 28 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ алдағы уақытта жыл сайын қатерлі ісікті ерте анықтау үшін кемінде 20 мың адамға скрининг жүргізу, диспансерлік топтың 100%-ын қамти отырып, дәрілік заттардың, балаларға арналған емдік тағамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық мекемелерге жыл сайын кемінде 20 құрал-жабдық сатып алу жоспарлануда.
— Ақтөбе медицинасын цифрландыру келер жылы аяқталады. Мобильді қосымшалар арқылы тұрғындар алдын ала дәрігер қабылдауына жазылып, ем ала алады. Сондай-ақ өңірде жыл сайын 20 медициналық жабдық сатып алынып, кем дегенде 12 дәрігер Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей секілді елдерде біліктілігін арттырады. Нәтижесінде бұл шаралардың барлығы 2025 жылға қарай тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 75,5 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сондықтан осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырамын, — деді Қайрат Сабыр.
Ал үміткер Асқар Қыстаубаевтың айтуынша, алдағы бес жыл ішінде облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін су, жылумен жабдықтау, көшелер мен аулаларды абаттандыру мәселелері шешіледі.
— Келер жылы Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласында қуаты 3 мың текше метр болатын биотазартқыш ғимаратын қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ алдымызда, атап айтсақ, 2022 жылы Ақтөбе қаласындағы Елек су тартқыштарының сол жақ және оң жақ жағалауларын кеңейту, 2025 жылы Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту құралдарын тәулігіне 75-тен 105 мың текше метрге дейін жаңғырту, 20 мың жеке тұрғын үйге 2,5 мың шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу және жүргізу міндеті тұр, — деген ол партияның бастамасы бойынша алдағы бес жыл ішінде жыл сайын кемінде 7 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, жыл сайын 150 аула абаттандырылатынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы жылдары өңірде коммуналдық қызметтер тарифтеріндегі өзгерістер қоғамдық талқылауда қаралатындығын айтты.
— Биылғы пандемия кезінде мектеп оқушыларының дені қашықтан оқуда. Індет кезінде мектептерде компьютерге деген сұраныс артты. Осыны ескеріп, Nur Otan партиясы халықтың әлеуметтік осал тобындағы балаларды компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етеді. Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі де түбегейлі шешіледі. Мәселен, алдағы бес жылда облыста 16 жаңа мектеп салынады. Сондай-ақ жыл сайын 10 мектепке жөндеу жүргізіледі. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тағы 6 білім беру мекемесі ашылады. 2025 жылға қарай педагог-модератор, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагогикалық шеберлік санаты бар педагогтардың үлесі 85 пайызға артады, — деген Сергей Вишняк кездесуге келген педагогтарды алдағы сайлауда Nur Otan партиясына дауыс беруге үндеді.
Кездесу соңында үміткерлер медицина және білім беру саласына қатысты қойылған бірқатар сауалдарға жауап беріп, бірлестік мүшелеріне Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы көрсетілген үгіт-насихат парақшаларын үлестірді.
Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстықсайлау қорынан төленді.
