Бүгінгі тоғызыншы күн Ақсу- Жабағлы қорығында орналасқан Жетімсай тауына барудан басталды. Жетімсай тауы жоталардың арасындағы жалғыз орналасқан тау. Біз тау етегінен бірінші кардонға дейін көтеріліп, кәсіби мамандармен кездестік. Олар бізді тау табиғатымен таныстырып, бұл аумақтың әсем жерлерін көрсетті. Тауға көтерілген сайын біз табиғаттың сырларымен көрісіп,оның ғажап тылсым дүниелерімен ұштасқандай болдық. Мөлдір, таудан аққан бұлақ, жолда кездескен емдік өсімдіктер, аспанда қалықтап ұшқан құстардың дауысы барлығы бізге жан рахатын сыйлағандай. Ең басты айта кететін жайт,бұл аумақтың әсемдігі көптеген оқушылардың ойында түрлі жоба тақырыптарының пайда болуына әсер етті.Жоғарыда айтқанымыздай, бұл аумақтың табиғаты өте бай. Мұнда сәлбен (шалфей), Грейг және Кауфман қызғалдағы, зарафшан аршасы, итмұрын сынды емдік өсімдіктерді кездестіруге болады.
Келесі біздің саяхатымыз Түлкібас ауданы,Жаскешу ауылындағы кірпіш жасайтын жеке кәсіпкерлердің жұмыс орнында жалғасты.Бұл кәсіпорын Аубакиров Серікті көне кірпішпен қатар қазіргі кірпішті салыстыру жайлы жобаға талаптандырды.
Шымкентке оралған соң, біз мәжіліс залында ерекше концертті тамашаладық. Бұл концерт ғылыми экспедициямыздың аяқталуына арналған болатын. Шымкент,Павлодар,Семей окушылары өздерінің өнерін көрсетіп,таланттарымен бөлісті. Біздің жеті қырлы, бір сырлы өнерлі досымыз Сағадат Нұрмұхамед қазақтың қара домбырасымен ,өзінің әдемі әуезімен көрермен көзайымына айналды. Достық лебізімізді білдіріп, кешке барлығымыз балдай тәтті торттан дәм таттық. Қорытындылай келе, бүгінгі күн өзінің табиғатымен, әсерлі көрінісімен есте қалды.