83. "ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР"
1939 жылы 5 ақпанда Жаңақала ауданы,Толыбай ауылдық советінде туған. 1946 жылы Жаңақазан ауылында С.М.Киров атындағы мектепке барып, 10 жылдықты тәмамдаған. 1956-58 жж. Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында оқып, «техник-механик» мамандығын алған. Одан әрі Толыбай ауылдық советінде М.И.Калинин атындағы колхозға жұмысқа алынып, тракторшы болған. 1959-63 жж. Кеңес қарулы күштерінің теңіз-әскери флотында аға матрос қызметін атқарған. Әскерде жүріп 1961 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясының қатарына енген. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарғаннан кейін, туған елге оралып, жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы совхозда 1963-77жж электрик болып қызмет істеді. 1973ж еңбек ете жүріп Орал ауыл шаруашылық техникум сырттай оқып, агроном мамандығын алды.
1977-93 жж. Құрманғазы атындағы шаруашылықтың кадр бөлімінің аға инспекторы, 1993-95жж. Құрманғазы атындағы совхоз директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.1995 жылдың маусымынан бастап 1997 жылдың маусымына, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін Құрманғазы атындағы ұжымдық шаруашылығында бас агроном болып жұмыс істеді. Еңбектің қай саласында болмасын ол өзінің еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, талапшылдығымен көпке үлгі бола білді. Ж.Кенжеғалиев еңбек еткен жылдардың бәрінде толағай табыстарға қол жеткізіп, ел экономикасын көтеруде қажырлықпен жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, совхоз кәсіподақ комитеті мүшесі қызметін адал атқарды. Ж.Кенжеғалиев «Еңбек ардагері» медалімен, совхоз дирекциясы, партия, кәсіподақ ұйымдары тарапынан Мақтау, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Құрметті еңбек демалысына шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Саралжын ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Ж.Кенжеғалиевке Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 28 қыркүйектегі №4-2 шешімімен "Құрметті азамат" атағы берілген.
