Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

«ӘЛІППЕ» ЕШҚАЙДА ЖОҒАЛҒАН ЖОҚ! ШОЛПАН КАРИНОВАМЕН СҰҚБАТ

Әліппе жайлы өзекті сұрақтарға Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова жауап берді. Біздің министрлік үшін арнайы түсіндірме берген ол «Әліппенің» ешқайда жоғалмағанын, қазір жалпы білім беретін мектептегі 18 мектеп алды сыныптарында және 30 балабақшаның 5 жастағы балаларға арналған ересектер тобында сынақтан өтіп жатқанын айтты. Болашақта «Әліппе» нөлінші сыныптарға келіп түседі. Осылайша, бірінші сыныпқа барлық бала бірізді оқу бағдарламасымен оқып, бірдей деңгейдегі дайындықпен келеді.

 

Бастапқы білім берудің жаңа оқу бағдарламасына көшу процесі қоғам назарын аударуы заңды. Мысалы «Әліппе» деген атаудың өзі жұрттың жадында мектеп табалдырығын аттаған баланың алғашқы қадамымен, бірінші сыныбымен байланысты сақталған. Сондықтан да баласы біріншіге барған көп ата-ананың таңданысы түсінікті. Себебі өткен жылдан бастап олар құлақ үйренген «Әліппенің» орнына «Сауат ашуды» оқып жатыр. Бұл жайында түсінік беруін сұрап біз Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Кариноваға хабарласқан едік.

 

С.: Шолпан Таңатқызы, жаңа қазақ әліппесі қашан, қай сыныптан бастап енгізіледі?

 

Ш.: Ата-аналарды сабырға шақырғым келеді. «Әліппе» ешқайда жоғалған жоқ. Әріптер мен дыбыстар, сөздерді оқытатын барлық бағдарлама сол 1-сыныпта қалған. Тек оқулық пен пәннің аты «Сауат ашу» деп өзгерді. 2016-2017 жылға арналған оқу бағдарламасы мен типтік оқу жоспарына сәйкес, бірінші сыныпқа «Сауат ашу» пәні енгізілді. Ол «Әліппе» мен «Ана тілін» біріктіреді. Қазіргі кезде барлық бірінші сыныптар осы бағдарламамен оқып жатыр.

 

Әліппе білім беретін 48 мекемеде сараптамадан өтіп жатыр. Сынақты сүйемелдейтін арнайы шаралар жоспары жасалған. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Мектепке дейінгі балалық» атты республикалық орталық мамандары сынақ жүргізіліп жатқан мекеме педагогтарымен бірлесіп, аталған материалды 5 жастағы балалар қалай қабылдап, сіңіре алатынын жыл бойы зерттеп, талдау жасайды. Сынақтың нәтижесі барша педагогикалық қауымдастық талқысына шығарылады. Педагогтар талқылаған соң бұл мәселе бойынша ақырғы шешім қабылданады.

 

С.: Оқулықтың бірінші сыныптағы мақсаты қандай болуы керек?

 

Ш.: Мектепке дейінгі білім беру баланы 1-сыныпқа интелектуалды және физикалық тұрғыда дайындауды көздейді. «Әліппенің» арқасында балалар әліпбиді жаттап қана қоймай, сөздердің дұрыс дыбысталуын үйреніп, грамматикалық сауатын қалыптастырып, сөздік қорын молайтады. Бағдарлама мақсаты – бес жастағыларға әріп танытып, жаздырып, дауысты-дауыссызды ажыратып, екі-үш сөзден тұратын қарапайым сөйлем құрауды үйрету. Мұнымен қатар, әріптерді бастырып, нүктелеп шығудың арқасында баланың саусақ ұшының икемділігі артып, сезімталдығы күшейеді.

 

С.: Әліппе қайда, сынақтан қалай өтіп жатыр?

 

Ш.: Баспа «Әліппені» құрастырып болды. Сынақ өтіп жатқан мектепке дейінгі 18 сынып пен мектепке дейінгі білім беретін 30 мекеменің тізімін министрлік тамыз айының басында бекіткен болатын. Әдістемелік басшылық, жұмыс дәптері, ойыншық, постер, әріптер кассасы, бояйтын дәптер секілді көрнекі құралдар мен таратып беретін материалдар бар. Қазан айының ішінде біліктілікті көтерудің «Өрлеу» ұлттық орталығы мектепке дейінгі сыныптар мен балабақша тәрбиешілеріне «Әліппе» әдістемесі бойынша сабақ беруді үйретіп семинар-курстар ұйымдастырады. Сондай-ақ бір жыл ішінде «Мектепке дейінгі балалық» атты республикалық орталық мамандары онлайн түрде және сапарға шығып жергілікті жерлерде семинар-тренингтер өткізеді деп жоспарланған. Дөңгелек үстелдер мен басқа да түрлі шаралар ұйымдастырып, педагогтар өзара тәжірибе алмасып, жарты жылды қортындылайды. Осы сынақ қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдары білім беру процесіне әліппені енгізу туралы шешім қабылданады.

 

С.: Қазақтың жаңа әліппесінің салмағы қанша? Көлемі қандай?

 

Ш.: Әліппенің салмағы мен көлемі гигиеналық талаптарға сай келуі керек. Сіздің қолыңызда «Әліппенің» сынақ нұсқалары тұр. Орыс мектептеріне арналған Букварь 280 г, көлемі - 290х205 мм. «Әліппе» - 250 г, көлемі 260х205 мм, қалыңдығы 6 мм аспайды. Педагогтар мен ата-аналардың пікірі ескерілекеле «Әліппе» оқулығының қалыбы өзгеруі де мүмкін.

 

С.: «Әліппе» қалай енгізіледі?

 

Ш.: Біздің басты мақсатымыз – «Әліппені» 2019 жылы нөлінші сыныпқа енгізуге дайындау. Бұл уақыт ішінде оқулықты сынақтан өткізіп қана қоймай, балалар бақшасы мен мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттырып, жаңартылған «0+11» циклді 12 жылдық білім беру бағдарламасына сай құжаттарды ретке келтіру керек. Осылайша, нөлінші сыныппен 100 пайыз қамту үшін алда екі жыл уақытымыз бар.

0
0
2301

Еще по теме

«ӘЛІППЕ» ЕШҚАЙДА ЖОҒАЛҒАН ЖОҚ! ШОЛПАН КАРИНОВАМЕН СҰҚБАТ - Yvision.kz