Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ — БІЛІМ БЕРУДЕ МАҢЫЗДЫ ЖАҢАЛЫҚ ЖОҚ. ЕНДІ САПАНЫ ЖАҚСАРТУҒА КІРІСЕМІЗ

Биылғы жылдың ерекшелігі - білім беруде маңызды жаңалық жоқ. Тек сапаны жақсартуға кірісеміз.

2017-2018 жылғы жаңа оқу жылы басталды. Жұмыс бағыты қандай, биылғы оқу жылынан педагог, ата-ана, оқушылар не күтеді? Осы және басқа да сұрақтарға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жауап берді.

TENGRINEWS: Оқу жылы қалай басталды? Жұртты қандай өзгеріс күтіп тұр?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Жаңа оқу жылы тәртіпке сай басталды. Үш миллионға жуық бала мектеп табылдырығын аттады. Бұл - бала мен ата-ана үшін, тіпті қоғам үшін де маңызды сәт. Оларға осы жолда сәттілік тілеп қояйықшы!

Биылғы жылдың ерекшелігі – маңызды жаңалықтың жоқтығында. Негізгі шешімдер былтыр қабылданған болатын. Биыл және келесі жылы оны аяғына дейін жеткізіп, енгізу барысында сапаның ақсап қалмауына назар аударып, енген өзгерістерді мұғалімдердің өзі толық түсініп, игеріп кетуін қадағалауымыз керек. Биылғы жылды сапаны жақсарту үшін жұмыс жылы деп атауға болады.

Алғашқы мақсат – 2019 жылы нөлінші сынып пен «Әліппе» оқулығын енгізуге дайындық. Оның ішіне 2019 жылдың қыркүйек айына дейін «Әліппені» сынау, балабақша тәрбиешілері мен нөлінші сынып мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, барлық құжаттарды 12 жылдық оқу жүйесіне сәйкес «0+11» күйіне келтіру кіреді. 2019 жылдың қыркүйек айына дейін нөлінші сыныппен 100 пайыз қамтамасыз ету жұмыстарына дайындыққа екі жыл арнамақпыз.

TENGRINEWS: Айтпақшы, «Әліппені» бастауыш сыныптың бағдарламасынан неге алып тастады, - деген сұрақты қоймаған адам болмады. Осыны түсіндіре кетесіз бе?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Егер 2015 жылдың білім беру стандартын қарайтын болсаңыз, онда «Әліппе» немесе «Букварь» орнына «Сауат ашу – «Грамота» пәнін енгізгенбіз. 2016 жылы мен министр болып тағайындалған кезде бұл жоба іске аса бастаған еді. «Сауат ашу» оқулығы дайындалып, сараптамадан өтіп, ақша бөлініп, барлық мектептерге жеткізілу үшін баспадан шығып қойған еді. Яғни, мен келгенше-ақ мақұлданған шаруа болатын.

Одан кейін бала әріп тануды «Сауат ашумен» емес «Әліппемен» бастауы керек деген мәселе көтерілді. Тіпті үкімет отырыстарында да бірнеше рет айтылып, «Әліппені» қайтару керек деген шешім шықты. Бірақ бұған да уақыт қажет еді. Нөлінші сынып енгізілетін болғандықтан, «Әліппені» 2019 жылы нөлінші сыныптан бастауды ұйғардық.

Өткен жылы стандарт жасалып, «Әліппе» оқулығы дайындалды. Сараптамадан да өтті. Қазір барлығы қолда. Тек, оқулықтың тираждалуы, яғни қорға енгізілу айналымы төрт жылда бір рет жүзеге асырылып отырады. Соңғы рет 2015 жылы болған. Ендеше, «Әліппе» 2019 жылы үкімет есебінен тиражға шығып, мектептерге жеткізіледі.

Тағы бір маңызды бағыт – өткен жылы басталған жаңартылған мазмұнға көшу. Биыл екінші, бесінші, жетінші сыныптар да көшеді. Оны бәрі біледі. Тек осы көшу процесі санаға салмақ түсірмейтіндей болса екен дейміз. Әсіресе бесінші, жетінші сыныптың оқушылары, ата-ана, мұғалімдері үшін шаруа шаш етектен. Біз үшін жаңартылған мазмұнның мәнін дұрыс түсінгені, қалыптастыру және жиынтық бағалаудың мағынасын оңай ұққаны керек. Осы жұмыс барысында туындаған барлық сұрақтарға жедел әрі нақты жауап дайын болғаны абзал.

Орта білім үшін жаңартылған мазмұн деген не екенін түсіндіре кеткен артық болмайды деп ойлаймын. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер алда келе жатқан техникалық, экономикалық және ғылыми өзгерістерді 30 жыл бұрын пайымдап, өзге деңгейдегі адам капиталының маңызын түсініп, білім беру мазмұнын өзгерту керек екенін ерте ұқты.

Өткен ғасыр соңында бұл елдер мектептегі білім берудің жаңа мазмұнын дайындап, көше бастады. Онымен қатар, бағалаудың ортақ жүйесін жасап, ол бойынша бәсекелестікті бастап та кетті. Бұл жүйе қазір PISA деген атпен белгілі. Қазақстан оған төртінші рет қатысып отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша жаңартылған мазмұн Назарбаев зияткерлік мектептері мен Қазақ-Түрік лицейлерінде 10 жыл бойы сынақтан өтті. Бүгінгі күні бұл мектептің оқушылары Оңтүстік Корея, Жапония, Швейцариялық оқушылармен иық теңестіріп, халықаралық олимпиадаларда жүлде алып, әлемнің, республиканың беделді жоғары оқу орындарына қиналмай түсіп жүр.

Енді бұл оқу бағдарламалары барлық мектептерге енгізіле бастады. Яғни, НЗМ мен ҚТЛ түлектерін жетістікке сүйреген бағдарлама елдегі әр оқушы үшін қолжетімді деген сөз.

Тағы бір мақсат – 2019 жылдан бастап жоғары сынып үшін пәндерді ағылшын тілінде өту болмақ. Биыл ағылшын тілінде пән енгізу бойынша кең ауқымды жоба басталады. Мың жарымнан астам пән мұғалімі ағылшын курсынан өтті. Осы жылдың маңызды жұмысы деп осы жаңа жүйеге көшудің тетіктерін, қиындықтарын екшеп, қателіктен сабақ алуды атауға болады. Сабақ беру сапасы қандай, бұл процесті ана-ана, балалар қалай қабылдайды. Біз 2019 жылға қарай жоғары сыныптардағы бірқатар пәндердің толық ағылшынға көшуіне мектептерді дайындауда барлық мектептің мұғалім, директорларымен тығыз байланыста боламыз. Келесі жылы барлық ұсақ-түйегіне дейін талқылап, керек болған жағдайда ағылшынға өту кестесіне өзгеріс енгізу үшін биыл жыл бойы бұл қанатқақты жобаға мониторинг жасалады.

TENGRINEWS: Ағылшын тілі барлығына бірдей керек емес деген пікір бар. Мысалы ауылды жерлерде. Ал сіз бұл іске бекініп отырсыз.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Біз ауылдағы ата-аналармен жиі кездесеміз. Олардың «балаға ағылшын тілі қажет емес» дегенін естімеппін. Біздің халық, әсіресе ауылдағы тұрғындардың психологиясы басқаша. Мен бұған қуанамын. «Менің арманым орындалмаса да, баламның арманы орындалсын». Міне, барлық ата-ананың ойы осы.

Енді мемлекет тарапынан қарап көрейік. Қазір халықтың 30 пайызы ауылдық жерде тұрады. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3 пайызға да жетпейді. Болашақта, біз қаласақ та, қаламасақ та ауылдағы ағайынның саны азаяды. Ауыл шаруашылығындағы өнімділік деңгейі деген бар. Бұрын 100 адам істейтін шаруаны қазір 10 адам-ақ атқара салады. Ертең бір адам тындыра салатын болады.

Нәтижесінде ауыл балаларының көпшілігі қалаға қарай қоныс аударады. Егер олардың білім деңгейі айтарлықтай төмен болса, екі қолдарына бір күрек таба алмаса, ешкімге керегі жоқ болып шығатын болса, бұл – бәріміз үшін үлкен трагедия болмақ. Сондықтан да әр қазақстандық қалада тұрсын, мейлі ауылда тұрсын, бірдей, сапалы білім алуы керек. Бірақ ауыл мұғалімдері бөтен тілде сабақ бере ала ма, жас мұғалімдерге жағдай жасай аламыз ба, тек тірек мектептерден бастаймыз ба? Бұл сауалға жауап іздеп, лайықты шешім қабылдауға уақытымыз бар. Біз бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап отырмыз.

TENGRINEWS: Ағылшын тілін үйрену үшін мемлекет қаражаты шашылмауы тиіс,- деген ойға қалай қарайсыз. Сіздің пікіріңіз қандай?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Ағылшын тілі – математика немесе физика секілді пән. Оған мемлекет қаржысы бөлінеді. «Болашақта тұрмыста, өмір сүру барысында ағылшын тілі қажет пе?»-деген сұрақ «химия, биология, математика сияқты өзге пәндер бізге не береді?»-деген сауалмен қатар тұр. Балалардың бәсекеге қабілеттігін арттыратын білім мен білік болашақта оның жұмыс табуына септігін тигізеді. Сондықтан да үкімет қаржы бөлуі керек.

TENGRINEWS: Биылғы тамыз кеңесі кезінде мектепте қамқорлық кеңесі болуы маңызды дедіңіз. Министрлік мұнымен не айтқысы келді?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Мынаны қараңыз, қазірдің өзінде ата-аналар мен қамқорлық кеңесі мектеп директорларына: «Өзімізге ыңғайлы етіп сабақ кестесін жасайық»,-деп жатыр. Әзірге бұл белсенділік Алматы қаласында байқалады. Ал келесі жылы немесе келесі тоқсанда бүкіл ел осылай пікір айтатын болады. Біздің көздегеніміз де осы. Ата-аналар мен қоғам, мектеп әкімшілігі арасында тең құқықты, сауатты диалог қалыптасуы керек. Бұл – мектеп өмірін жақсарту үшін керек.

Қамқорлық кеңесі мектепішілік шараларды ұйымдастырып, ондағы барлық жағдайға бақылау жасап отыруда маңызды орган болады. Тіпті директордың кандидатурасын бекіту кезінде де үлкен роль атқара алады. Бұған қоса, осы кеңестің бақылауымен мектептің академиялық, әкімшілік және қаржылық бостандығы да кезең-кезеңмен кеңейеді. Ең бастысы – бұған жәйлап өтеді. Алғашқы қадам ретінде мен облыс және қала әкімдерінің қамқорлық кеңестің дұрыс құрылуын, құрамына қоғамның белсенді өкілдері, мәслихат депутаттары, жергілікті БАҚ өкілдері кіруін қадағалауды тікелей өз бақылауына алуларын сұрадым.

TENGRINEWS: Мемлекеттік грант мәселесін айналып өте алмаймыз. Оның төңірегіндегі биылғы шу елдің әлі есінде. Осыған да түсінік бере кетсеңіз.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Қазіргі ережеге сәйкес, грант басымдық берілген салалар бойынша бөлінеді. Мысалы, шамамен 14 мыңы техникалық мамандықтарға, құқықтануға 45, ал 2,5 мыңы жалпы медицинаға болса, стоматологияға бар болғаны 45 қана грант бөлінеді.

Бұған сәйкес, қанша жоғары балл алса да жыл сайын бір мамандық бойынша түсу мүмкіндігі кем. Керісінше басқа мамандық бойынша балының төмендігіне қарамастан грантқа ілігеді. Мысалы, экономиканы таңдаған бала 125 балмен өте алмаса, педагогикаға 65 балмен де түсіп кетеді. Бұған жыл сайын ата-аналар наразылық білдіреді. Экономикалық қажеттілік әлеуметтік әділдік мәселесіне қайшы келіп жатады. Бұл - жаңалық емес, баршаға аян жайт десек те, жыл сайын сынақ тапсыратын балалар мен олардың ата-аналары үшін тұңғыш рет кезігетін кедергі. Сөйтіп, жыл сайын сол бір жыр қайталана береді.

Бұған қоса экономикадағы сұранысты анықтау жүйесінің орасан болуының нәтижесінде басымдық берілетін салаларға бөлінетін гранттар кеш жарияланады. Талапкер өз мүмкіндігін толық саралап үлгере алмай қалады. Бұл мәселені де қолға алдық. Мысалы, мамандық бойынша грант санын үш жыл бұрын жариялау ұсынылып отыр.

Екінші мәселе – жеңілдігі бар топтар. Ауыл квотасы мен жетім балаларға бөлінген квота жөнінде өзекті мәселе болмаса да, әрегідік сауалдар бар. Ал «Алтын белгі» төңірегінде әлеуметтік әділдік мәселесі – өткір болып тұр. Биыл грант ҰБТ кезінде жинаған балы бойынша таратылды да, «Алтын белгі» есепке алынған жоқ. Мақұлдаудан өткен соң республикалық комиссия «Алтын белгіліктер» алдындағы міндеттемені орындау үшін шамамен 4 пайыз грант бөлді.

Бұл да алғаш кездесіп отырған жай емес. Өткен жылы да біз біраз «Алтын белгі» иегерін жоғары оқу орындарының гранты бойынша орналастырған болатынбыз.

Айтпақшы, республикалық комиссияның биылғы жұмысына ата-аналар да қатысты. Олар тест орталығында болып, грант бөлетін компьютерлік бағдарлама жұмысымен танысты. Бұл процестің ешқандай алалаусыз, әділ жүргізілетінін көз жеткізді. Осы ата-аналар ашық баспасөз мәслихатына қатысып, көргендерін баяндап та берді. Оларға тағы да алғыс айтқым келеді.

TENGRINEWS: Талантты жастардың шет елге кетіп жатқаны жайлы ойыңыз қандай?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Біз сала бойынша сауалнама жүргізіп отырамыз. Сонда маңызды үш себеп анықталды. Алғашқысы – басқа елге көшуге бел буған отбасылар. Алдымен олар балаларын оқуға аттандырып, орнықтыруға күш салады. Әрі қарай өздері жылжиды. Неге отбасы болып көшуге шешім қабылдағаны – өзінше бөлек тақырып. Бұл да кеңінен талқыланып келеді.

Екіншісі – өз еліндегіге қарағанда кез-келген шет елдік білімді керемет деп есептейтін ата-аналардың сенімінен туған шешім. Неге екенін білмейді, қайда екенінен нақты хабары жоқ, қай университет жақсы деген сұраққа да жауабы әлсіз. Бірақ шешімдерінің оң екеніне күмәнсіз сенеді. Көбінесе олардікі дұрыс болып шығады. Өйткені шетте жүрген бала тез есейеді, әскердегідей ширайды, өмірге деген өз көзқарасын қалыптастыра бастайды. Ал үйге оралғанда ата-ана мұның барлығын байқап, шет елдегі оқудың сапалы болғандығынан деп түйеді. Оралған баланың таным көкжиегі кеңейіп, жаңа ойлар, идеялар пайда болады. Бұл да білім сапасының есебіне жатқызылады. Шын мәнінде қазіргі кезде балалардың шет елде оқығысы келетінін - жаһандық феномен, эпидемия десе де де болады. Мен бірнеше елдің білім министрімен әңгімелестім. Олар да осыны айтып отыр. Қытайлық оқушылардың тең жартысы ел аумағынан сыртқа барып оқуды жатып-тұрып армандайды. Қалай күресуге болады? Бұл жаһандық тренд. Соңғы 40 жылда әлемдегі шет елдік студенттер саны 8 есеге артқан. Бұл көрсеткіш әлі өсе бермек. Сондықтан, алдымен Қазақстанды осы үрдістің жетегіне ілестіре отырып, елді білім беру хабына айналдыру керек деп ойлаймын. Егер 20 мың бала оқуға кетсе, 50 баланы оқуға қабылдайық.

АҚШ-та шет елдік студенттер қазынаға қаржы құюшылар болып саналады. Ол тіпті кейбір кедей елдердің ІЖӨ көлемімен деңгейлес. Швейцария PhD студенттерінің 65 пайызы шет елдіктер, Швейцария жоғары оқу орындарының тең жартысы шет елдікі. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бүгінгі күні Ресей мен Қытай білім беруді экпорттау болашағын түсініп, студент тарту жөнінде кең ауқымды бағдарлама қабылдауда. Осылайша, Ресей жыл сайын шет елдік студенттерге деп 15 мың грант бөледі. Шет елдік студент санын қазіргі 220 мыңнан 710 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бізде 12,5 мың немесе 2,5 пайыз шет елдік студент оқиды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде орта есеппен алғанда 10-15 пайыз шет елдік студент оқиды. Ендеше бұл көрсеткішті 3-4 жылда 50 мыңға дейін өсіру керек. Біз университеттердің алдына осы талапты қойып отырмыз.

Биыл біз тұңғыш рет Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда “Қазақстанның білім күнін” өткіздік. Үндістан, Қытай мен Иранда да өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Яғни, жоғары білімнің жаһандық әлемі жедел дамып келеді. Оған да дайын болуымыз керек. Бізде «Болашақ» ХБО бар. Ол қазақстандық студенттерді шет елдік жоғары оқу орындарына жөнелтіп қана қоймай, шет елдік студенттерді елге тартумен де айналысады.

Менің ойымша, әлемдік университеттердің халықаралық кампустарын ашу мәселесін қарастыруымыз керек сияқты. Олардың танымалдығы жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылдың өзінде әлем бойынша шамамен 250 кампус болған. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция мен Австралияның ең үздік оқу орындары өздерінің филиал-қалашықтарын ашуға мүдделі. Бір ғана Малайзияның өзінде Куала-Лумпур мен Джохор штатындағы екі білім беру хабында осындай 12 кампус ашылған.

Үшінші – біздің жоғары орындардың сапа деңгейін шынымен де көтеру керек. Біздің қолымызда сараптама мен ұсыныстың түр-түрі бар. Оның ішінде оқу орындарындағы еркіндіктің аздығы, ағылшын тілі деңгейінің төмендігі, ескірген бағдарлама секілді көп проблема көтерілген. Жоғары білім саласындағы жемқорлықты жою да өзекті болып тұр.

Сондықтан да біз осы үш бағыттан бастайық деп отырмыз. Жемқорлықты жою, заманауи бағдарламалар және академиялық еркіндік. Біздің ойымызша, жемқорлықпен күресте экономикалық түп-негізінің себебімен күресу тиімді болады. Яғни, мемлекеттік емес, ЖОО жеке диплом үлгісін енгізуге көшу. Байқасаңыздар, соңғы жылдары жоғары оқу орындарындағы жемқорлық жайлы хабар жиі көтерілетін болып жүр.

Сапалы жоғары оқу орындарының санын арттыру керек. Бүгінде НУ, ХҚТУ, ҚБТУ секілді сапалы жоғары оқу орындары бар. Бұл - жақсы. Бірақ бізге осындай ондаған жақсы университет керек. Ең алдымен Астана мен Алматыда.

Білім берудің заманауилығына келер болсақ, біз Мәжіліске заң жобасын ұсындық. Ол бойынша ЖОО ректорлары білім беру бағдарламасының мазмұнын күрт жаңарта алады. Бұл заң жобасының біз үшін үлкен маңызы бар. Ол кәсіби қоғам, жұмыс берушілерге «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесе отырып, біздің жоғары оқу орындарының сапа, нарықтағы сұранысы, заманауилығына қарай білім беру бағдарламасының нағыз реестрін қалыптастыруға мүмкіндік береді. ЖОО ректорлары мен әкімшілік құрамы бұдан хабардар. Талқылау болып, осы бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Бұл – сапасыз, ескірген, қажетсіз білім беру бағдарламаларын нарықтан алып тастауға мүмкіндік береді.

TENGRINEWS: Соңғы кезде білім беру саласы төңірегінде дау көп. Бұл жайында пікір білдіре кетсеңіз.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Алдымен, өзгерістер ауқымын түсініп алайық. 6 күндік оқу аптасы соңғы 50 жыл бойы қолданыста болды. КСРО бес күндік оқу аптасын тек дамыған социализм мақұлданған соң барып енгізбек болды. Бұл жайында Кеңес энциклопедиясында да жазылған. Бұл – біріншіден.

Мектептегі білім беру саласы мазмұнындағы парадигманы өзгерту мен оған деген қадам соңғы 40 жылда болмаған жайт. Мен мектепте оқыған кезім есімде, 2016 жылға дейін аса өзгеріс болған жоқ. Бұл - екіншіден.

Бүкіл ел аумағында пәндерді шет тілде өтуді Ыбырай Алтынсарин кезеңінен бері қолға алмағанбыз.

Мұндай өзгерістер ың-шыңсыз өтіп кетеді деу – мүмкін емес.

Енді, дау деген қалай туатынын қарастырайық. Ол оп-оңай. Мысалы бір адам шығады. Мүмкіндігінше алыс ауданнан. Мұғалім емес. Оқулықтағы бір сөз, сөйлем немесе тұтас бір мәтіннің мазмұнына көңілі толмайды. Одан сұхбат алынады. Көп ұзамай «Ата-аналар (көпше түрде!) жаңа оқулықтың мазмұнына наразы» деген тақырыпта мақала басылады. Одан кейін авторлардан түсінік талап етіледі. Мамандардың әдістемелік түсіндірулері «Аты шулы (шуға айналып үлгерген!) оқулық авторлары түсінік берді» деген тақырыпта жарық көреді. Бітті. Одан әрі «Барлық мектеп жаңа мазмұнға көшетін болды» деген сарында мақалалар желісі көп күттірмейді. Тіпті «жеткен жеріміз осы болды», «бұл - сұмдық», шама келсе «шет елге қарай жылжу керек» деген сияқты үрейлі сөздерді де қосып, жаппай психозды қоздырып жіберуге болады. Бірнеше күнге трафик мәселесі шешілді дей беріңіз. Әрине, мұндай технологияға қарсы төтеп беру оңай емес.

Көбінесе фейктердің қолымен от көсеп, тіпті жап-жақсы мәтіннен шулы тақырып жасай қою да түк емес. Редакторлардың өздері мұндай «аты айғайлап тұрған» тақырып - мақаланы неғұрлым көп адам оқитынының кепілі екендігін айтып жұбатқансиды. Себебі мәтінде алаңдарлық ештеңе жоқ. Бүгінгі күннің талабы – осы болып тұр. Ол біздің қалауымыз емес. Нарықтың сұранысы... Қысқа қайырғанда: Nothing personal, it’s just business…

TENGRINEWS: Әлі талай дау-дамай болады дейсіз ғой?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Жаңалық енгізіліп, оған мыңның арасынан жоқ дегенде бір жанның көңілі толмаса – міндетті түрде. Бір жақсысы – технология екінің біріне қолжетімді. Республикалық ата-аналар комитеті балалардың әке-шешесімен чатта тікелей байланысқа шыға алады. Олар жаз бойы ата-аналарға талай пайдалы жаңалық жеткізгенін білеміз. Видеороликтер, бұйрықтар, хат үлгілері қолдан қолға көшіп жатты. «Күнделік» электронды журналын жасаушылар мобильді қосымшаны іске қосты. Енді ересектер ұялы телефон арқылы баланың бағасын ғана емес, сабақ кестесі, оқытушының ескертуі, БҒМ, аудан, облыс білім бөлімі мен директоры берген мәліметтен дереу хабардар болып отырады. Болашақта өзіміз таратқан ақпарат бұрмаланған жағдайда – осы арналар арқылы дереу түсінік беріп отыруға тырысамыз. Қалай дегенмен, ата-аналар толыққанды, дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алады.

TENGRINEWS: Әңгімемізді аяқтай келе, оқырмандарға не айтасыз?

ЕРЛАН САҒАДИЕВ: Қайталап айтамын, биыл маңызды өзгеріс болмайды. Білім беру саласындағы қиын да күрделі шешімдер өткен жылы қабылданып қойған. Биыл біз бұрын жоспарлаған істерімізді кезең-кезеңмен жүзеге асыруға кірісеміз. Бес күндік оқу жүйесі, жаңартылған оқу мазмұны, ағылшын тіліне көшу – мұның барлығы маған дейін басталған дүниелер. Мен тек кең ауқымда енгізу мәртебесіне ие болдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Біз – балаларды жарқын болашаққа дайындаймыз. Мен осы жаңалықтардың жүзеге ауына мұрындық болған өзіме дейінгі барлық министрлерге алғыс айтқым келеді.

Білім беру – әр ата-анаға қатысы бар сала. Сондықтан да олар тарапынан ұсыныс, наразылық, алаңдаушылық тууы – қалыпты жағдай.

Біз - ашық министрлікпіз. Кез келген сұрақ, ұсынысты тыңдауға, жауап беруге дайынбыз. Көпшіліктің тілегіне орай, үлкен онлайн-конференция өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Барлығыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбатқа сілтеме: https://tengrinews.kz/conference/220/

 


0
0
1522

Еще по теме

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ — БІЛІМ БЕРУДЕ МАҢЫЗДЫ ЖАҢАЛЫҚ ЖОҚ. ЕНДІ САПАНЫ ЖАҚСАРТУҒА КІРІСЕМІЗ - Yvision.kz