Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ҚОҢЫРАУ ҮНІ ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕП...


Бүгін еліміз бойынша салтанатты түрде Білім күні өтті. Мектептердің есігі айқара ашылып, балалар шуына толды. Ата-анасының жетелеуімен келіп, білім ордасының табалдырығын тұңғыш аттаған бүлдіршіндер алғашқы ұстазымен танысты. Білім мерекесі күні біз Алматының үш мектебіне барып, қуаныштарына ортақтасып, №148 мектеп оқушысының анасымен де сұхбаттасқан едік.

«Құрметті ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар! Сіздерді оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Республикамыздағы барша ата-аналар атынан мұғалімдерге алғыс айтқым келеді. Мұғалім – қастерлі мамандық. Жанкешті еңбектеріңіз үшін әрқашан бас иеміз. Балаларымыздың жолы ашық болсын. Ата-аналарға балаларды арлы, әдепті етіп тәрбиелеп, ынтасын арттыру барысында сабыр мен төзім тілеймін», - деді Гүлшат Әдіғалиева.

Гүлшат — көп балалы ана. Жұбайы екеуі 5 баланы тәрбиелеп отыр. Биылғы білім күні олар үшін қос қуаныш. Гүлшат №158 мектепте мұғалім ретінде еңбек жолын бастаса, қызы Аялы бірінші сыныпқа барады.

Гүлшат Шығыс Қазақстанның Зайсан қаласында туып-өскен. Мектептегі қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббаты осы пәннің мұғалімі болуға жетеледі. Төрт жыл бұрын ол отбасымен бірге Өскеменнен Алматыға көшіп келді. Төрт баласы №148 мектеп-гимназиясына барады. Тұңғышы Мирас 10-сыныпқа, қызы Шұғыла 6-сыныпқа, Алуа 3-ші сыныпқа көшсе, Аялы 1-ші сынып табалдырығын аттады. Кенжесі Інжу балабақшада.

Гүлшат оқу жылының басталуын балаларымен бірдей қобалжып күтеді. Өзінің алғаш мектепке барғаны әлі есінде. Қос бұрымына анасы байлап берген ақ бантигі желкілдеп, жаңа сөмкесін иығына асып, мектепке асыққаны күні кешегідей көз алдында. Одан бері аттай 25 жыл өткен. Бүгін де Аялысымен бірге сол алғашқы қоңырау соғылған күнгі жүрек тебірентер сәттерін қайта бастан кешкендей болды. Қызы да таң бозынан тұрып, сөмкесін неше рет ақтарып, қоңырау салтанатына баруға асықты.

Гүлшат мектепке дайындық барысында еш кедергі болмағанын айтады. Балаларға мектеп формасы мен оқуға керек-жарақтарын ерте бастан сатып алып қойған. Мектептен тегін кітап берді. Аялы да алғашқы оқулықтарын алып үлгерді. Гүлшат мектептің көп балалы ата-аналарға көрсететін қамқорлығына рахмет айтады. Мысалы оның балалары мектепте тегін тамақ ішеді.

Гүлшат үшін оқу жылының басталуы ғана ерекше болған жоқ. Жазғы демалыс күндері де қуанышты күндерге толы болды. Көшіп келгелі бері бірінші рет туған жері Шығыс Қазақстанға қыдырып барып қайтты. Гүлшат балалардың демалысын мәнді етіп өткізуге барын салатынын айтады. Сондықтан да бос уақыттарында балалар факультатив сабақтарға қатысады. Биыл олар жазды тек демалысқа арнап, тұңғышының 10-сыныптан кейiнгi маңызды демалысында ештеңеге алаңдамауына жағдай жасады. Әрі, ата-әжелерін де қатты сағынған.

Гүлшаттың балалары түгел оқу озаты. Мирас дәрігер болғысы келеді. Биылдан бастап жоғары оқу орнына түсуге дайындала бастайды. Шұғыла ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болсам дейді. Ол ағылшын тілінде бірнеше рет ғылыми жоба қорғап, мектептегі түрлі шараларды осы тілде өткізіп келеді. Алуа әзірге өскенде кім болатынын шешкен жоқ. Бірақ оқуды жақсы көретіні анық.

Кішкентай Аялы жаңа бағдарлама бойынша білім алатын болды. Бұл жайында сынып жетекшісі алғашқы жиналыста айтты. Гүлшат балалардың бірінші сыныптан бастап шет тілін қатар алып жүретініне қобалжулы. Дегенмен, жаңа заман талабы сол екенін де түсінеді. Балалары болашақта үш тілде еркін сөйлеп шықса ұтылмайтынына көзі жетеді.

Көп балалы ана балаларды оқуға қалай ынталандыратынын да жасырмады. Ол білімдінің жолы әрдайым ашық екенін жұбайымен бірге өз өмір тәжірибелерінен мысал келтіре отырып, ұқтырып келеді. Гүлшат бала жетістікке педагог пен ата-ана бірлесіп күш біріктіргенде ғана жететінін айтады.

Келесі репортаж барысында біз Алматыдағы №83 мектепте Білім күні қалай өткенінен хабар береміз https://yvision.kz/post/777324; 
Сондай-ақ, №175 мектеп оқушысының арманы жайында да біле аласыздар .

 


0
0
995

Еще по теме

ҚОҢЫРАУ ҮНІ ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕП... - Yvision.kz