Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

БІЛІМ КҮНІ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ САБАҚ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?


2 қыркүйек күні еліміздің мектептері жазғы демалыстан оралған шәкірттерін қарсы алды. Жаңа оқу жылын көп мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар толқыған көңіл-күймен бастады: бірінші, екінші, бесінші және жетінші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқиды.

“Қыркүйектің осы бір қуанышты күнінде барша ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, кәсіби тұрғыда өсу және талантты шәкірттер тілегім келеді. Ал балалар жақсы оқыса, оқып-білуге құштар болса, сонымен бірге тілалғыш әрі тәртіпті болса деймін. Каникулда әріптестерімді де, оқушыларымды да сағынып қалдым”, – дейді Алматыдағы №83 мектеп-гимназияда бастауыш сыныптарға сабақ беретін ұстаз Татьяна Юшкова. Мектептегі салтанатты жиыннан кейін Татьяна Викторовнаны әңгімеге тарттық. №32 бөлмеге күзгі күннің сәулесі шуағын шашып тұр, балалардың жүзі бал-бұл жанады, барлығы мәре-сәре. Бір-бірімен емен-жарқын сөйлесіп, орындарына жайғасуда. Құдды бір-бірін жаңа көргендей. Жаздай балалардың жақсы демалғаны байқалады, әңгімелерін айтып тауыса алмай жатыр. 

Татьяна Викторовна 21 жылдан бері мектепте жұмыс істейді. Ол Педагог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру институты Құрмет грамоталарының иегері, білім беру саласындағы бірқатар жұмыстар мен зерттеулердің авторы. Ұстаздың қаламынан туған жұмыстың бірі “Дала” журналында жарық көрген. Ал былтырдан бері Татьяна Викторовна жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Естеріңізде болса, 2016-2017 оқу жылында бірінші сыныптардың оқу бағдарламасында өзгеріс болған еді. Біртіндеп бес күндік оқу аптасына және критериалды бағалау жүйесіне көшу биыл да жалғасын табады. 

Татьяна Викторовнаның шәкірттері үшін бұл бағдарлама таңсық емес, олар биыл екінші сыныпқа көшкен. Оқу жүйесіндегі өзгерістерге сенімсіздік білдірген ата-аналарға педагог жаңа бағдарламаға күмәнмен қараудың да, одан қорқудың да қажеті жоқ екенін айтады. “Бұл өзгерістің барлығы балалардың болашағы үшін жасалып жатқаны анық”, – дейді шәкірттері жаңа оқу бағдарламасына еш қиналыссыз ілесіп кеткен ұстаз. Ал сенбі күндері балалар қосымша шығармашылықпен айналысады, №83 гимназия музыкалық бағыттағы оқу ордасы. Оқушылар ата-аналарымен бірге экскурсияларға шығып, циркке және театрға да барыпты. 

Жаз мезгілі – ұстаздар қауымы тынығып, отбасына көңіл бөліп қана қоймай, жаңа оқу жылына да дайындалатын кезең. Татьяна Викторовна да жазғы демалыста қарап жатпай, жаңартылған мазмұн бойынша қосымша әдебиеттерді іріктеп алып, өз бетінше кәсіби біліктілігін көтерумен айналысыпты. Мұғалім мектептегі оқытудың жаңа әдістемесі дер кезінде енгізіліп отыр деп есептейді. Оның пікірінше, бұл жүйе балаларға білім беріп қана қоймай, қарқынды дамып жатқан ғасырда бәсекеге қабілетті болуларына да ықпал етеді. 

Мектептер де жаңа жүйе бойынша оқытуға дайындалды. Интерактивті тақта, проектор, дыбыстық құрылғылар секілді заманауи құрал-жабдықтар көз тартып қана қоймай, оқу жылының табысты боларынан да хабар бергендей. Татьяна Викторовна оқу жылындағы ең алғашқы және салтанатты сабақты бастады, оның тақырыбы – “Мен өз елімнің патриотымын”. Татьяна ханымға және барша ұстаздар қауымына кәсіби және жеке табыс тілейміз. 

Бұдан кейінгі репортаждарымызда Алматының басқа мектептерінде Білім күні қалай өткеніне тоқталамыз. Бізбен бірге болыңыздар. 

P.S. Жаңартылған оқу мазмұны туралы басқа да материалдармен келесі сілтемеден таныса аласыздар: https://yvision.kz/post/774178.

 

 

 


0
0
577

Еще по теме

БІЛІМ КҮНІ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ САБАҚ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ? - Yvision.kz