Ивент-маркетинг – есте қаларлық шара

Алия 2010-7-8 09:20
8101
2
0
-9

Қазақстан нарығында ивент-маркетингтің бүгінгі қолданыс аясын, хал-ахуалын білмек мақсатта "Қазақстан Іскері" газеті "Кар-Тел" компаниясының Қарағандыдағы филиалының коммерциялық директорын әңгімеге...

Қазақстан нарығында ивент-маркетингтің бүгінгі қолданыс аясын, хал-ахуалын білмек мақсатта "Қазақстан Іскері" газеті "Кар-Тел" компаниясының Қарағандыдағы филиалының коммерциялық директорын әңгімеге тартқан еді. Алина Шарипова ханым маркетингтік стратегиялардағы осы құралдың рөлімен, өз компаниясының тәжірибесімен ой бөлісіп, пікір-ойын ортаға салды.

- «Кар-Тел» компаниясы Ивент-маркетинг құралын қалай және қашан қолдана бастады?

- Ивенттер пиар кампаниялар үшін қолданылады. Ивент бағытта біз бас компаниямыз ресейлік Вымпелкомның тәжірибесіне жүгініп, Қазақстанның нарығына маркетингтік шараларды қызықты етіп ұйымдастыру жағынан пионер болып кірдік. 2005 жылы компания еліміздің нарығына келген кезде ивент-маркетинг түсінігі кең тарала бастады. Офисіміз ашылғанда шоу-бағдарлама ұйымдастырылып, ойындар өткізіліп, алғаш сатып алушыларымыз үшін сыйлықтар табыс етілді. Ең алғаш қадамдарымыз сол болды. Осындай ивенттерді ұйымдастыруда ол кезде арнайы мамандар мен компаниялар жоқтың қасы, ал біз үшін бұл өте маңызды еді, сол себепті алғаш шараны өз күшімізбен ұйымдастыруға бел будық.

Кейін әлеуметтік ірі шараларды ұйымдастыруға кәсіби мамандарды шақырып, бірігіп жұмыс жасай бастадық. Осылайша алғашқы «Әлеуметтік сенбілігіміз» де өтті. Бұл сенбілік Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылары арасында өткізілді, ең белсенді қатысушыларды ынталандырдық. Корпоративті клиенттеріміз үшін Боулинг лигасын үнемі өткізетін болдық. 2007 жылы ірі ивенттер басталды, алаңдарда концерттер ұйымдастырып, бүкіл облыс бойынша мәдени шараларды қолға алдық. Мысалы, облыс орталықтарынан алыс орналасқан ауылдарда байланысымызды орнатқаннан кейін спорттық күндер, сонымен қатар, еліміздің бес облысында айтыс фестивалі өткізілді: ақындар айтысы мен танымал әншілер концерттері ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға өз үлесін қосты. 2008 жылы Наурыз мейрамына қарсы Вен балы стилінде кеш ұйымдастырған болатынбыз, бұл жай ғана көңіл көтеретін кеш емес, қайырымдылық аукцион болды. Компаниямыздың қарауында мүмкіндіктері шектеулі балалар интернатының оқушыларымен салынған суреттер осы аукционға шығарылды, ал шараға келген серіктестер, диллерлер және басқа да қонақтарымыз оларды сатып алды. Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері үшін  әлемнің кез келген нүктесіне тегін қоңырау шалу акциясы жасалды. Ардагерлер мереке күні өз майдандастары мен туыстарына қоңырау шала алды. 2009 жылы дағдарыстың салдарынан маркетингтік бюджеттер қысқартыла бастады, біздің компания да ондай шаралардың санын азайтты, себебі сапалы ивентты ұйымдастыру үшін көп қаражат керек. Биылғы жылы 5 жылдығымызға орай 5 әлеуметтік шара өткіздік. Мысалы, ағаш отырғызу, орталық саябақта құс үйшіктерін орнату сияқты пайдалы істерді қала тұрғындарымен бірігіп жасадық.

- Осындай шараларды жаңа қызметті жарнамалау мақсатымен жасайсыз ба?

- Жоқ, жаңа қызметтер жайында хабарлау үшін біз дәстүрлі маркетингтік құралдарды қолданамыз. Ал ивент-маркетингке қатысты шаралар сапалық мақсаттарға бағытталады, яғни брендке деген лояльділікті құру, компанияның имиджі әлеуметтік бағытта жұмыс жасайтынын көрсету үшін жасалынады. Сол себепті осындай шаралардан нақты ақшалай қайтарымдарды күтпеу керек.

- Ал Қазақстан нарығында бүгінгі күнге дейін қай компаниялар ерекше Ивенттер өткізіп, басқаларға үлгі бола алды деп ойлайсыз?

- Ірі компаниялардың ішінен «Эфест Қарағандыны» атап өткім келеді. Олар жыл сайын музыкалық фестивальдар өткізіп, танымал ресейлік және қазақстандық жұлдыздарды шақырып отырады. Сол сияқты, «Диззи» сауда маркасы жаз айларында қала ортасында жастарға арнап көңіл көтеретін шаралар өткізеді. Стандартты коммуникацияда локальді компаниялар үшін «Кока-кола» да көптеген шаруалар ұйымдастырып тұрады.

"Қазақстан Іскері" №12 (46)

Оцените пост

-9

Комментарии

Чтобы написать комментарий нужно войти в систему