ҚЫЛМЫСҚА ҚАТАЛДЫҚ – ҚОҒАМҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Парламенті 2010 жылғы 23 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен...

Қазақстан Республикасының Парламенті 2010 жылғы 23 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Қылмыстық кодексінің 175 (ұрлық), 178 (тонау), 181 (қорқытып алушылық) баптарының бірінші бөліктері, яғни негізгі құрамдары бойынша көрсетілген іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылыққа 16 жастан бастап тартылатындай етіп өзгерістер енгізді. Бұған дейін бұл қылмыстардың бірінші бөлігі үшін жауаптылық 14 жастан басталатын еді. Ал екінші, үшінші бөліктері, яғни адамдар тобы, бірнеше рет немесе ірі мөлшерде (500 айлық көрсеткіш), үй-жайға кіріп істелсе, жауапкершілік бұрынғыдай 14 жас болып қалдырылды. Бұл өзгертулер қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға ізгілік (гуманизм) қағидасын қолдануды көздейді.

Мен құқықтанушы ретінде қазіргі кезеңде қылмыстық статистика көрсетіп отырғандай, елімізде кәмелетке жасы толмағандар қылмыстылығы өршіп, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке, адамзаттың құқықтары мен заңды мүдделеріне зор кеселін тигізіп, алаңдатушылық тудырып отырған кезде бұл өзгерістер төңірегінде күдікті мәселелер бар деп түйіндеуіме негіз бар.

Дегенмен, мен Парламент заңдарын төмендетуден аулақпын. Гуманистік қағиданың негізінде мемлекеттің қылмыс жасаған адамға жеңілдіктер жасау туралы көзқарасы емес, негізінен қылмыс жасаған адам мен мемлекеттің арасында бірін-бірі сыйлаушылық бағытын ұстану жатады. Гуманизм қағидасын қылмыс жасаған адамға жеңілдіктер жасау деп біржақты түсінуге болмайды. Бұл қағиданың мазмұнында қылмыскердің қауіптілігіне қарай қаталдықты қолдану арқылы қоғам үшін дұрыс, ізгі қатынас жасалады деген ұғым да жатады. Сондықтан да ізгілік тек қылмыскерлерге ғана емес, жәбірленушіге, жалпы қоғамға да қатысты қолданылуы қажет. Оны жөнсіз, орынсыз, оңды-солды қолдана беруге де болмайтынын естен шығармағанымыз жөн шығар.

Қылмыскерлерге гуманизмді қолдануды құптарлық фактілер деуге болар еді, алайда «айдың да ақ жүзінде дақ болады» демекші, өмірдегі кейбір жағымды әрекеттер мен жетістіктердің арғы жағында кейіннен «әттеген-ай» дегізетін, пайдасына зияны жалғаса жүріп, сол жетістіктерімізді кемшілікке айналдыратын жайлардың да болатындығын ескеруіміз керек сияқты.

Аталған қылмыстар үшін жауаптылықтың 16 жастан емес, бұрынғыдай 14 жас боп қалдырылуы жөн деуімнің себептеріне тоқталсам.

 

Оцените пост

0