Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

МО РК 2013 M06 18
403
0
0
0

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік Кеңестің әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету...

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік Кеңестің әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін талқылау бойынша көшпелі отырысы болып өтті. Делегацияға Кеңестің төрайымы Айткүл Самақова басшылық жасады.

Әлеуметтік Кеңес мүшелері әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету шеңберінде Елордадағы Шәкәрім Құдайбердұлы көшесінің бойында салынып жатқан жатақханада болды.
Жатақхананың инфрақұрылысын таныстыру барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының бастығы полковник Ильдар Гиниатулин қонақтарды аталған нысанның құрылысымен ғана емес, жалпы әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде құлағдар етті.
Қазіргі уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің тұрғын үй қоры тұрғын үйлердегі пәтерлер мен жатақханалардағы бөлмелерді қосқанда, 20 мыңға жуықтайды.
Әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету құрылыс салу, тұрғын үй сатып алу және тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу арқылы жүргізіледі. Жыл сайын барлығы 800-ден 2000-ға дейін әскери қызметші баспанамен қамтамасыз етіледі.
Әскерлерді пәтермен қамтамасыз ету принципі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған соң түбегейлі өзгеріске түсті. Аталған Заң тұрғын үймен қамтамасыз ету және баспананы жекешелендіру тәртібін өзгертті.
Енді 2013 жылдың 1 қаңтарында әскери өтілі 10 жылдан кем әскери қызметшілер үшін тұрғын үймен қамтамасыз етілген сәтке дейін пәтерді жалға алғаны үшін өтемақы төленеді. Қазіргі таңда пәтерді жалға алғаны үшін берілетін өтемақыны алу тәртбі жеңілдетілді, ол үшін бар-жоғы үш құжат талап етіледі.
Биыл 7 мыңнан астам әскери қызметшіні тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Алдағы 2014 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өспек, яғни 10 мыңға жуық әскери қызметші пәтер тойын тойламақ деген болжам бар.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат бойынша әскери қызметшілердің барлық категориясын сатып алу, құрылыс салу және жалға алғаны үшін өтемақы төлеу арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.
Аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру 2013-2017 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерін толықтай баспанамен қамтамасыз ете аларлық 8-9 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік туғызады.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік Кеңестің көшпелі отырысы Қорғаныс министрлігінде жалғасты. Мәжіліс депутаттары әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне барынша көңіл бөлініп отырғанын, таяу жылдары әскери қызметшілердің баспана мәселесі толықтай шешілетінін атап өтті.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

Оцените пост

0