Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

2020 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ БАЛАЛАРДЫ ҚАЛАЙ 100% БАЛАБАҚШАМЕН ҚАМТУҒА БОЛАДЫ?

 
Астана қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі мекемелерді жасақтау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Анара Төлебаева мемлекеттік балабақшада балалардың бәріне бірдей орын жетпейтінін жоққа шығармайды. Мұның себебін туу деңгейінің жоғарылығымен және қарқынды көші-қонмен түсіндіреді. Былтырғы жылдың өзінде ғана елордада 26 мың сәби дүниеге келген. Сырттан көшіп келушілер Астана халқының санын тағы да елу мың адамға арттырған.

Статистика бойынша, ай сайын кезекке 1,5 мың бала қойылады. Балабақша кезегін күтіп тұрған балалардың жалпы саны – 78 мың. Осы арада ескере кететін жайт, әр аймақта балабақшадан орын кезексіз ұсынылатын азаматтар тобы бар, олар: Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасының балалары, ата-анасының біреуі мүгедек балалар және т.б.

Осының бәріне қарамастан, кезек жылжып келеді. Президенттің тапсырмасымен алтыншы жыл елімізде “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарламаның басты міндеті – 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балаларды 100% балабақшамен қамту. Бағдарламаны жүзеге асыруға 190 миллиард 536 миллион теңге бөлінеді делінген (республикалық бюджеттен – 41 миллиард, жергілікті бюджеттен – 149 миллиард). 

“Мектепке дейінгі мекемелерді дамытудың арқасында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көлемі артып келеді. Соңғы жылдары жаңа нысандар бой көтерді, жекеменшік балабақшалар ашылды, бұрын жекешеленіп кеткен кей балабақшалар қайтарылды”, – дейді министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Махсұтова. 
Біз Астанадағы №45 “Самұрық” балабақшасының меңгерушісі Құбажай Шампетовамен сөйлескен едік. Бүгінде бұл бақшаға 370 бала барады. Құбажайдың сөзіне қарағанда, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарына жылға жетер-жетпес уақыт кеткен. Шенеуніктердің кабинеттерінен атшаптырым ойын залын жасаса, қосалқы бөлмелер арт-терапияға арналған бөлме болып шыға келген. Мұнда сазбалшықпен ойнауға, алақанмен сурет салуға немесе түрлі-түсті құмнан сарай тұрғызуға болады. Педагогтар осылайша бүлдіршіндерді өнерге баулиды, қиялын ғана емес, моторикасын да дамытады. 

Бұл корпуста, сондай-ақ, дыбыс жазу студиясы бар. Балалардың репертуары да бай: бүлдіршіндерге арналған қарапайым әндерден бастап, күрделі шығармаларға дейін орындайды. Жас өнерпаздар түрлі конкурстарға қуана-қуана қатысады, ал олардың сахналық киімдері осы балабақшаның тігін цехында тігіледі. 

Статистика бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінде елімізде 9297 мектепке дейінгі мекеме қызмет етеді. Олардың 4725-і балабақша болса, 4572-сі шағын орталықтар, мұндай орталықтар балабақша кезегін айтарлықтай азайтты. 

Анара Төлебаева шағын орталықтарды 4 сағат бойы түрлі дамыту сабақтарын өткізетін тегін үйірме іспетті деп түсіндірді. 
“Ата-аналар баласының 1-сыныпқа дайындықпен баруы тиіс екенін түсінеді. Шағын орталықтарға осы дайындық мәселесіне айрықша назар аударылады, оқу бағдарламалары өте тиімді. Орталықтар бүкіл қала көлемінде барлық ауданда бар”, – дейді Анара. 

Өткен жылдың қазан айынан бастап биылғы шілде айына дейін елімізде 66 шағын орталық ашылған, олардың 44-і жекеменшік. Жалпы алғанда, мектепке дейінгі мекемелер желісі 538 нысанға артты, олар 60 мыңнан астам баланы қабылдай алады. 49 мемлекеттік және 394 жекеменшік балабақша салынған, олардың екеуі тұрғын үй кешенінің астыңғы қабатында орналасқан. Солардың бірі – “Алпамыс”. Жетінші жыл жұмыс істеп жатқан балабақшаға бүгінде 200-ден астам бала барып жүр. Үш қабатты мекеменің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуық. Жеке бассейні, спорт және музыка залдары бар. 

Бұл балабақша барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып салынған, мұны мамандар жіті бақылаған. Мұнда тамақты да өздері жасайды, кір жуатын жер де өздерінде. Асханадан әр топтың тамағы арнайы лифтімен жеткізіледі. Бұл балабақшаның өзгешелігі де жоқ емес. Мысалы, балалар шатырда серуендейді. Өйткені алаңқай шатырда орналасқан, сәкілер мен әткеншектер де осында. Алаңқайдың аумағы тұтастай қоршалған, сондықтан құлап кету қаупі жоққа тән. 

Кезекте тұрғандардың біразын жекеменшік балабақшаларға орналастыру да мемлекет ұсынып отырған балама тәсілдің бірі. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелерге қаражат бөлінеді, бұл ата-аналардың қалтасына салмақ түсірмеудің амалы. Егер балаңыз үш жасқа толғанымен мемлекеттік балабақшаға кезек келмесе, кез келген жекеменшік бақшаға жолдама ұсына алады. 

Анара Төлебаеваның айтуына қарағанда, білім басқармасының сайтынан кез келген ата-ана мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшалардың тізімін таба алады. “Ата-ана алдын ала балабақшаны таңдап, оның шарттарын біліп, содан кейін ғана біздің комиссияға жолдамаға келе алады. Егер ата-ана тізімдегі балабақшалардың ешбірін ұнатпаған болса, тағы бір амалы ұсынылады: тұрғылықты жеріндегі балабақшадан кеңес алу. Бұл бала тәрбиесімен өзі айналыса алатын ата-аналар үшін тиімді”, – дейді ол. 

Жаңа оқу жылынан, яғни 1 қыркүйектен бастап кеңес беру орталықтары барлық мемлекеттік балабақшаларда ашылады, мұнда ата-аналар келісім-шартқа қол қою арқылы баланы үйде қалай оқыту керек, қандай бағдарламаға арқа сүйеу керек, белгілі бір жасында бала қандай мәліметтерді меңгеруі керек дегендей толып жатқан сауалдарына орай кеңес және әдістемелік қолдау ала алады.

 
0
0
540

Еще по теме

2020 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ БАЛАЛАРДЫ ҚАЛАЙ 100% БАЛАБАҚШАМЕН ҚАМТУҒА БОЛАДЫ? - Yvision.kz