17 ҚАРАША - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ.
Құрметті студенттер қауымы!
Сіздерді, 17 қараша - Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!!!
Студенттік кезең – адам жадында ерекше естеліктерімен жатталып жаңғырып тұратын, мәңгілік ұмытылмастай өз алдына бөлек дүние. Мектеп бітіріп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар тек білім алуға ғана емес, өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге үйренеді. Студенттік шақ дегенде қызығы мен шыжығы мол – лекция тыңдап отырған уақыт, жоғарғы оқу орны қабырғасындағы бірінші бақылау емтихандары, жатақханада бір жапырақ нанды бөліп жеген достар, таңнан таңға жалғасқан сауыққа толы кештер, дипломдық, курстық жұмыстар, тағысын тағы көптеген естеліктер оралады. Мұндай қызықты шақты бастан өткеру - үлкен бақыт. Алайда, мәңгі студент болу ешкімнің де маңдайына жазылмаған. Сол бір күндер де өте шығады.
Әрбір жоғары оқу орындарында студенттердің біліктілігін арттыруда, білімділігін көтеруде, теориядан тыс, болашақ мамандарды, мейлінше, көбірек практикада баулуға жасалып жатқан жобалар жетерлік. Жыл сайын еліміздегі университеттердің қабырғасында білім алып жүрген жүздеген-мыңдаған студент бір ай немесе бір семестр деген сияқты белгілі бір мерзіммен шет елдің бетке ұстар үлкен жоғары оқу орындарында білім алып, сыртта практикадан өтіп келеді. Бұл жан-жақты білімді болашақ дайындау үшін жасалып отырған жағдайлардың, студент үшін үлкен мүмкіндіктердің бірі деуге әбден болады.
Сондықтан студенттік кезеңді кез келген жан үлкен сағынышпен, ерекше көңіл - күймен еске алары анық. Жастардың мерекесі болғандықтан, бұл күн студенттер қауымына өте танымал. Ендеше, қызықты өмір қаһармандары, мерекелеріңіз құтты болсын! Әр күндеріңіз білім мен жарқын естеліктерге толы болсын! Болашақта еліміздің тұтқасын ұстар адуынды азамат атануларыңызға шын жүректен тілектеспіз!
