110. "ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР"
1941 жылы 15 шілдеде Атырау қаласында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын қарапайым жүргізушіліктен бастап, ұзақ жылдар автокөлік саласында басшылық қызметтер атқарды.
1965 жылы Мәскеу қаласындағы Ленин атындағы Бүкілодақтық политехникалық институтты бітіріп, инженер-механик мамандығын алды. 1967-71жж. «Гурьев құрылыс» автобазасы бастығы, 1971-75жж. Ералиев автокөлік кәсіпорны бастығы, 1975-88жж. Маңғыстау облыстық өндірістік автокөлік кәсіпорны бастығы, 1988 жылдан бастап Теңіз кенішіндегі «Теңізмұнайқұрылыс» механизация мен транспорт басқармасының бастығы, 1992 жылы аталмыш кәсіпорынның бастығы, 1994 жылы «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамының бас директоры, кейін президенті болып сайланды.
Кәсіпкерлікке бет бұрған соңғы 15 жылда Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосты. Ол басқарған өндірістік құрылым, күрделі құрылыс, жол жөндеу, шағын және орта бизнесті дамытуда, жеке кәсіпкерлер мен шағын мекемелерді «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорны арқылы қаржыландыруда көп жетістіктерге қол жеткізді.
Тәуелсіз Қазақстанның туын тіктеп, шаңрағын биіктеткен еңбегі бағаланып «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды. Қоғамдағы қайраткерлік белсенділігі үшін «Князь Данило Московский» ІІ дәрежелі ордені, Тәуелсіз елдер достастығының «Достық жұлдызы» ордені, Европа бизнес орталығының «Сократ» ордені, Халықаралық дәрежедегі Кеден одағы елдерінің «Құрметті азаматы» атанды. Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы», «Құрметті автокөлікшісі» атқтары бар. Атырау қаласының, Жылыой ауданының, Ақтау қаласының, Қарақия, Түпқараған аудандарының, Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы».
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы шалғай елді-мекендерге газ құбырын тарту және газбен қамтамасыз ету барысында «TNS», «Теңізмұнайқұрылыс» мекемесі 3 жыл салынуға тиісті жоғары қысымды 70 шақырымдық магистральды газ құбырын 10 айда салып бітірді. Соның арқасында ауданның 20 елді-мекені 100 пайыз газбен қамтамасыз етілді.
Т.Жұмағұловқа Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №50-8 шешімімен "Құрметті азамат" атағы берілген.
