Жолдауға -қолдау
Жолдауға -қолдау
2021 жылғы 01 қыркүйек күні сағат 11-00де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Жолдаудың қазіргі уақтыттағы маңыздылығы - бүкіл әлемді жайлаған пандемиядан кейінгі кезеңдегі, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елді одан әрі нығайту, ұлттық құндылығымыз - егемендігімізді нығайту, елдегі бейбіт өмір, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау, саяси жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, еңбек нарығында тиімді эко жүйе құру, адам құқығын қорғау, ұлттық бірлікті нығайту бойынша нақты міндеттерді айқындай келе, Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Жолдауда атап өтілген негізгі 5 бастаманың маңыздылығы өте жоғары. Біріншіден, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешім етті, бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер ететіні айқын. Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайдаҮкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Үшіншіден, микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді. Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді. Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.
Жолдауда көрсетілген басым мақсаттар – дамуымыздың шешуші кезеңінде тұрған егемен еліміздің қарқынды дамып, нығаюы үшін, тұрақтылық пен ел тыныштығын сақтап, халықтың әл-ауқатын күшейту жолында жауапкершілікпен, абыройлы еңбек етсек, белгіленген мақсат-межелерімізге жететініміз айқын. Ел болашағы ретінде баршамызға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлесе, аянбай еңбек етейік. Жолдауға қолдау көрсетейік.
«NurOtan» партиясы Іле аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Сатибаев Алмасбек Қожабекұлы

