ЖКО-ның 70%-дан астамы жүргізушілердің кінәсі бойынша орын алады – ҚР ІІМ
ҚР ІІМ талдауы бойынша жолдардағы апаттардың басты себебі – көлік жүргізушілердің төмен көліктік тәртібі. ЖКО-ның 70%-дан астамы олардың кінәсі бойынша орын алады, деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Министр осы себеп бойынша ҚР ІІМ Жол жүру ережелерін қатаң бұзған үшін: алкогольдік мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне шығу, қозғалыс жылдамдығын асыру және басқалары үшін жауапкершілікті күшейтті деп хабарлады.
«Мысалы, осы жылы 28 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан сот тәртібімен айырылды, 21 мың жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталды, соның ішінде 3 мыңына әкімшілік тыйым салынған. Өткен жылдан бері ЖЖЕ-нің дәл осы қатаң бұзушылықтарының саны тұрақты түрде қысқарып келеді, бұл 2014 жылы қабылданған жүргізушілердің жасаған бұзушылықтары үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі заңнамалық шаралардың дұрыстығын көрсетеді», - деді министр ҚР Үкіметінің отырысы барысында.
Қ. Қасымов көлік тәртібін күшейту мақсатында өңірлерде жолдардағы бұзушылықтарды автоматты фотоға түсіру және бейне бақылауға алу жүйелерін кеңінен қолдану мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ жол-патрульдік полициясы қызметкерлерін бейнетіркеушілермен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
«Соңғы үш жыл ішінде еліміздің автопаркінің өсуіне қарамастан (3,1-ден 4,4 млн бірлікке дейін), көлік апаттарының негізгі көрсеткіштері тұрақты түрде қысқарып келеді. Дәл сондай үрдіс осы жылы да байқалады. ЖКО саны - 2,5%-ға (11500-ге дейін), қаза тапқандар саны - 4%-ға (1488-ге дейін) және жарақаттанған азаматтар саны 2%-ға (15 мыңға дейін) азайған», - деп хабарлады Ішкі істер министрі.
Министрдің айтуы бойынша, бұл барлық өңірлерге бірдей тән емес. Жоғары көлік апаты Алматы қаласында, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Олар елде тіркелген барлық ЖКО-ның жартысынан астамын құрайды - 54%, және онда қаза тапқан адамдардың саны да соған жуық - 44%.
«Сондықтан осы өңірлерде тәртіп орнату әкімдіктердің жергілікті полиция қызметіне баға беруі тиіс басты басымдықтардың бірі болуы тиіс», - деп атап өтті Қ. Қасымов.
Сондай-ақ, ол ішкі істер органдары жол қозғалысының қатысушыларын құтқару және оларға уақтылы көмек көрсету бойынша шаралар қабылдап жатқанын да қосты. Бұл жұмысты трассалық медициналық-құтқару пункттері жүзеге асырады.
«Келесі жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін ЭКСПО мен Бүкіләлемдік Универсиадаға құқық қорғаушыларды көптеп тарту жоспарланған. Көрмеде 9 мың сақшы мен әскери адам қызмет етсе, Универсиаданың қауіпсіздігін 5,5 мың құқық қорғаушы қамтамасыз етпек», - деді Қ.Қасымов.
«Келесі жылы ауқымды шараларда – ЭКСПО-2017 және Универсиада-2017-де қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Қызметкерлерге ағылшын тілін меңгеру курстары ұйымдастырылды. Арнайы дайындық бойынша курстардан өтуде», - деді ол.
Министрдің айтуынша, нысандарда бақылау және өзге шаралар жүргізілуде.
«Нысандарға өту рұқсаты бар, шараларды қарау мен өзге жұмыстарды қадағалау жүзеге асырылып жатыр», - деді ол.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz
