Жезқазаған өңірі түсті метллургия орталығы
Жезқазаған өңірі түсті метллургия орталығы
Байгужинов А.С
Өткенге үңілмей өтіп кету де жөн емес. Жезқазған музейіндегі кейбір деректерге қарағанда бұл өлкеде мыс қоры бары қола дәуірінде-ақ белгілі болса керек. Оны бертінде 1771 жылдары орыс саяхатшысы капитан Николай Рычковтың күнделігінен көреміз. Бұдан да бері 1847 жылы орыс купеці (саудагер) Никон Ушаковтың сол жылғы 10 ноябрьде жергілікті бай, Қожас – Ибеске – Жұртшы болысы Бақаншыдан 400 сомға сатып алғаны туралы договорда (келісімде) жазулы тұр.
Міне, осы өңірден аққан Кеңгір өзенін, сол кездерде «Кеңүңгір» деп те атапты. Жезді өзенін жез көрініп жатқан соң солай деп атамасқа болмапты. Ал, Жезқазғанның арғы аты Ақжал. Бұлай аталуы әлгі кең үңгірдің бірін қазғанда самородок сары мыс жездер көптеп табыла беріпті. Содан жергілікті халықтар өз тіліне аударып «Жезқазған» атаса керек.
Кейінгі топшылауымыз, қазіргі қарияларымыздың бабаларымыз осылай деген аңыз сөзінен естіген едік деген әңгімелеуінен туған. Рас та шығар, өйткені Ақжалымыз осы өңір геологтарының картасында әлі де бар. Қазіргі картада «Үлкен Жезқазған» аталған аймақты айтсақ, ол «шөл да¬ла», «бетпақ дала», «құла түз», «құба жон», «сусыз сахара» дейтін жер еді бұл. Қалықтап ұшқан қарақұс, бөктерлеп ұшқан бөк¬тергі, үкі, түнде жортқан түлкі мен қарсақ көрінетін еді.
Ағылшын инженері Горвей Жезқазғанның мыс кенін зерттеп, Лондонда акционерлердің жалпы жиналысында Жезқазған жерінде мыс кенінің үлкен қоры бар деп мәлімдеме жасайды.
1912. Ағылшындық АҚ Қарсақбайда мыс балқыту зауытын салу туралы шешім қабылдайды.
1913. 1913 жылы алғашқы 300 жұмысшы Қарсақбай зауытын, кен байыту фабрикасын және Қумола өзеніне субөгенін салу жұмыстарын бастайды.
1914. Ағылшындар Жосалыдан алға төселіп отыратын тар адымды жолмен теміржол керуенін жіберген. Құраманың ұзындығы 2,5 километр болды. Қарсақбай шатқалында кен байыту фабрикасының, 4 шахта мен мыс зауытының іргетастары қаланды.
1917. Құрылысы жүірп жатқан зауытқа арналған жабдықтар тиелген теміржол керуені Қарсақбайға келіп жетті.
1919. Төңкерістен соң, ағылшындар Қарсақбай зауытының құрылысын тастап Ұлыбританияға оралды. Кәсіпорын мемлекет меншігіне өтті. Алайда азаматтық соғыстың салдарынан талан-таражға түсіп, мүшһіл халге жеткен.
1922. Қарсақпай ревкомы Қарсақбай мыс зауытын қалпына келтіріп, іске қосу туралы ұсыныспен Мәскеу қаласына И.Деевті аттандырады. ВЧК Төрағасы Ф. Дзержинский ревкомның бұл ұсынысын қолдайды
Қарсақпай зауытының тағдыры ұзақ уақыт бойы екіталай болды. Ауданның алшақтығы, азық-түлікпен, сумен және материалдармен қамсыздандырудағы қиыншылықтар, мамандардың жетіспеушілігі – осының барлығы Қарсақбай зауытын жедел қалпына келтіріп, құрылысын аяқтауға болатынына күмән келтірді. Тіпті, оны демонтаждап, барлық жабдықтарын Оралға жөнелту турасында ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде зауыт 1925 жылға дейін тоқтап тұрды, бұл уақыт ішінде жабдықтардың көпшілігі жарамсыз болып қалды
1925. Еңбек және қорғаныс кеңесі Қарсақбай комбинатын қалпына келтіру туралы қаулы қабылдайды. Оған Жезқазғандағы кеніштер, Байқоңырдың көмір кендері мен салынып жатқан зауыт кірген. Басқарушысы ретінде Иван Деев тағайындалады. «Атбасартүстіметалл» тресті құрылды. Болашақ аудан орталығы – Қарсақбай кентінің құрылысы басталды
1926. Орталығы Қарсақбай жұмысшылар кенті саналған Қарсақбай ауданы ашылды.
1926-1928. Білікті жұмысшылардың жетіспеушілігінен қалпына келтіру жұмыстары мен құрылысын жүргізу оңайға түспеді. Оларды ел аралап іздеуге, бұрынғы көшпенділердің арасынан тауып, сол жерде оқытуға тура келді. Көпшілігін Оралдың кәсіпорындарында оқытты. Көлік тасымалы мәселесі де оңай болмады, сондықтан негізгі клік құралы ретінде түйелерді пайдаланды. Оның үстіне Қарсақбайдағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарының көлемі ауқымды болатын. Кеңестік жас мемлекетте қаражат жетіспеді, дегенмен кәсіпорынның құрылысы негізін сол кездегі әлемдік техника жетістіктері қолданылған жоба құрады. Қысқа мерзімнің ішінде көміртозаң фабрикасы, шихтарник, үгіту цехының ғимараты, бірінші шарпыма пеш салынды, металлургиялық цехтың корпусы толықтай салынып бітті, ауа бергіш нысан, конверторлар, байыту фабрикасының және үгіту цехының жабдықтары монтаждалды. Бір жарым жыл ішінде кеніш пен көмір кендерінің және зауыттың арасын қосатын тар адымды теміржол салынып, пайдалануға берілді
Қарсақбайда жұмыстар басталған жылы Томск институтын бітіріп, мыс кеніне бай өлкеге жас геолог Қаныш Сәтбаев келеді. Оның басшылығымен Қарсақбай Жезқазған аймағының геологиялық-барлау орталығы болып қалыптасады. Сәтбаевтың арқасында Жезқазған өлкесінің келешегі зор екені айқындалды. 1927 жылы жариялаған «Қарсақбай ауданы және оның перспективалары» атты алғашқы ғылыми мақаласында Қаныш Имантайұлы былай деп жазған: «Жезқазған әлемдегі ең бай деген провинциялардың бірі ретінде болатыны хақ, тіпті ол болашақта Америкадағы мыс өлкелерінен де асып түседі».
Кен орнының келешегіне күмәнді қараған мамандар тарапынан туындаған қиыншылықтар мен кедергілерге қарамастан Қаныш Сәтбаев жылдан-жылға геологиялық барлау ісін ұлғайта түсті. Ал минералды шикізатпен молынан қамтылған Қарсақбай зауыты қуат алып, күш жинай бастады. Кішігірім екі шахта кен бере бастады, шағын станция жұмыс істеп тұрды, бірнеше тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар салынды. Кішігірім жұмысшылар қалашығы пайда болды. Осының барлығы да екі-үш жылдың ішінде атқарылған жұмыс.
1928 жылдың 16 қыркүйегінде салтанатты түрде шарпыма пеш тұтандырылды, алодан соң бір айдан кейін –1928 жылдың 19 қазанында (23:00-де) – Қарсақбайдың ең алғашқы қара мысы алынды. Қазақстандық мыстың тарихы сол күннен бастап бастау алады. Ол кезде Қарсақбай зауыты жылына 5000 тонна қарасы мыс шығаруға есептелген болатын.
1929-1938. Қарсақбай кен байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Қарсақбай тау-кен металлургиялық техникумы ашылды. Мәскеуде Үлкен Жезқазған құрылысындағы проблемаларды қараған КСРО Ғылым академиясының сессиясы болып өтті. Нілді-Жезқазған темір жолы пайдалануға берілді. Қарсақбай мыс зауыты соғысқа өнімдер шығаруға қайта бағдарланған. Қорғаныс өнеркәсібі үшін марганец кенін өндіріп шығаруға Жезді марганец басқармасы құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдары Жезқазғанда кен өндіріп шығару мен Қарсақбайда мыс балқыту бірнеше есе артты. 1944 жылдың тамыз айында Үлкен Жезқазған жобасын салу үшін «Казмедьстрой» тресті ұйымдастырылды.
1. Сагадиев К. Экономика Казахстана: очерк актуальных проблем.
2. Берденов К.А. Экономическая история Казахстана: Учеб. пособие. - Алматы: Экономика, 2000. - 236 с.
3. Сатпаев К.И. Наука Советского Казахстана: 1920-1960 / ред.. - Алма-Ата : Изд-во АН КазССР, 1960. - 672 с.
