Жетімдер неге жылайды?
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген елдің ұрпағы емеспіз бе?! «Жетімнің көз жасы» деген сөзді де терең ұғынатын біз едік!
Бабалар тұлпарының дүбірі сайын даланы тербеткен ғасырлардың өзінде де, қазақ жетімін жылатпады. Ал ХХІ ғасыр қазақ даласына өз ұстанымы мен өз түсінігін ала келді. Қазір «балалар үйі» деген екі сөзге етіміз үйренді. «Нүкте» ток-шоуының кезекті саны осы өткір мәселені өзгертуге тырысып көреді. Жетімдер үйі неліктен көбейіп кетті? Неге біздің елде 35 мыңнан астам бала жетім өмір кешуде? Мемлекеттік балалар үйі өз тәрбиеленушілерін өмірге қалай бейімдеп жатыр және олардың қазіргі жағдайы қандай? Алмағайып қоғамнан нені үйренуіміз керек, неден жиренуіміз керек?
Студияның кейіпкерлерін де осы мәселе толғандырады. «Нұр» балалар үйінің ұйымдастырушысы Тұяқ Есқожинаның шаңырағынан үлкен өмірге қадам басқан жандар студия төрінде. Жетім атанудың қандай ауыр екенін, тағдырмен қалай күрескенін, өз рухыңды қалай шыңдау керек екенін, осы жандардың тебіреніске толы әңгімелері түсіндіреді.

Студияда ұзақ жылдар бір-бірінен ажырап қалған, апалы-сіңлілі екі тағдыр қайта жолығады. Шығармашылық топтың ізденісінің нәтижесі сюжет ретінде көрініс табады. Екі сюжетте екі түрлі тағдырдың жетімдіктің зардабын қалай тартқаны баяндалады. Денис есімді кейіпкердің құлдықтағы өмірі кім-кімді де бей-жай қалтырмасы анық.

Студия төрінде ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар мен қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салады. Өнерде жүрсе де, тағдыры өзгеше балаларға қол ұшын соза жүретін өнер қайраткерлері мен дін қызметкерлері де қалыс қалмады. Ендеше, тұл жетімін тентіретіп жібермеуге тырысатын елдің, ерекше дәстүрін қандай жолдармен қайтарып алуға болады? Ата-анасыз қалса да, ағайыннан ажыратпаудың қандай амалдары бар? Жетімдер үйінің санын азайту үшін не істеу керек? «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін елдің, «жетімнің жасын құрғату» үшін, қандай жолдар қарастырғанын білгіңіз келсе, «Нүкте» ток-шоуын тамашалаңыз!
"Нүкте" әлеуметтік-саяси ток-шоуы әр дүйсенбі сайын сағат 22:20.
