Жемқорлыққа қарсылық – балалық шақтан басталады

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Департаменті облыстық жастар бастамалары орталығы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері кәсіподағының қатысуымен, «Достық» сауықтыру лагеріндегі демалушылар арасында «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты семинар-тренинг ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Кездесу барысында түрлі тренингтер, конкурстар, сұрақ-жауап сайыстар және экономикалық ойындар өткізілді.

Тренингтің бірінші бөлігінде сыбайлас жемқорлық туралы негізгі ұғымдар, оның адам өміріне тигізетін салдары, сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мақсаты мен міндеті жайында түсініктемелер берілді.

Семинар-тренинг балаларға барынша түсінікті және қызықты болу үшін Департамент қызметкерлері оны ойын түрінде өткізді. Осылайша шара барысында жоғары сынып оқушыларына ЖОО түсу, олимпиадада, спорт сайыстарында жеңіске жету және т.б. үшін пара берер ме еді деген сұрақтар қойылды. Тренинг соңында балалар арасындағы «сұрақ-жауап» ойыны пікірталас алаңына айналды.
Лагерьдегі жиын соңында экономикалық ойын өткізілді. Балаларға жеке бизнесін ұйымдастыру бойынша тапсырма берілді. Әр топ ойын ақшаларын барынша көп жинаулары шарт болатын. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері өздеріне кәсіпкерлерді лицензиялау және салық салу міндетін жүктеумен қатар, адал бизнесті жүргізу бойынша кеңестерін берді. Іс-шараға 200-ден астам бала қатысты.
