Желтоқсанның ашылмаған ақиқаты
#Ардагерлердіардақтайық
Желтоқсанның ашылмаған ақиқаты
Зеренді ауданына қарасты, Қарлыкөл ауылының тумасы, Щучинск қаласының тұрғыны, доғарыстағы әскери подполковник Жангелді Төлебаевтың 1986 жылы желтоқсан оқиғасын көзбен көрген куәгер екенін әркімдер біле бермейді. Нақты оқиғаның қалай өрбігенін көзбен көргенін, қазақ жастарының қалай қырылғаны жайлы бүкпесіз ашық айтып сырымен бөлісті.
- Отан алдындағы әскери борышымды атқарып болған соң Алматы қаласындағы Конеев атындағы жалпы ұлттық әскери училищесіне оқуға түстім. Екінші курста оқып жүрген кезіміз. Дала қосында әскери жаттығу болып жатқан. Дабыл соғылды. «Сапқа тұрыңдар» деген бұйрықты естіп, рота түгел сапқа тұрдық. Майор Ю. Макаровтың қабағы қатулы, жүзі өрт сөндіргендей. «Еріккен жастар көшеге шығып бұзақылық жасап, ұлтшылдыққа салынып балабақшаларды өрттеп, балаларды өлтіріп, соғыс ардагерлерін көшеде жүргізбей ұрып-соғуда, қысқасы қазақ жастары коммунистік партияның бүгінгі саясатына қарсылық танытты, бұл кішігірім төңкеріс»- деді. Сол кезде біздің 9 роталық әскери училищені басқаратын ҰОС-ның ардагері генерал-лейтенант Некрасов деген болатын. Әскери тәртіп бойынша бұйрықты қысқа әрі нұсқа берді. «-Сақадай сай отырыңдар, қазір бұзақыларды тәртіпке салу үшін милиция жасауылдары жұмыс жасап жүр. Көнбей жатса сендерді кіргіземіз»- деп жарлық беріп, сонымен тарқастық. Генерал Некрасов талапшыл қатал адам болатын, бәлкім қанқұйлы соғысты көргендіктен бе, әрбір жауынгердің сапер күрегін өзі жеке қадағалап курсанттардың күрегін кәдімгідей жылтырата қайратып нанды туратқызып көретін-ді. Араға жарты күн салған жоқ, бәрімізді әскери машинаға тиеп, Алматының орталығына қарай жол тарттық. Мен взвод командирінің орынбасарымын. Өйткені училищеге Отан алдындағы борышымды өтеп түскендіктен, әскери өмірдің қазанында қайнаған деп командир өзіне көмекші қылып сайлады. Он жылдық мектепті жаңа бітіріп, енді ғана курсант атанған жауынгерлер мұздай қаруланып алғанға мәз. «Мына түрімізді көрсе «бунт» шығарып жатқандар көлеңкемізден қорқып қашады шығар»,-деп жағалары жайлауда болып келе жатыр. Бірінің соңынан бірі ерген тоғыз рота, алдымызда әскери-уазиктің үстін сақтық жасап темір тормен мықтап бекітіп жапқан генерал-лейтенант Некрасовтың машинасы ызғытып жүйткіп келеді, соңынан ерген қалың әскерлер.
Әлден уақытта брезент машинаның сол жағынан кәдімгі лом-темір келіп қадалды. Көңілдері көк жайлау болып келе жатқан курсанттар үрпиісіп қалды. Бір сәтте қарасам маған қарай кірпіш ұшып келе жатыр. Әйтеуір қолыммен жасқап басымдағы каскамның арқасында аман қалдым. «-Ал бастаңдар»,-деп бұйрық берілді. «-Төлебаев, сен ешқайда барма, осы жерде қал, ұлтшылдарға еріп кетіп жүрме, әскери-ант бергеніңді естен шығарма!»-деп ызбарлана сыбырлады бір офицер құлағымның түбінен. Машинаның ішінде қала бердім. Алдында гүрілдеген әскери танкілер иықтасып тұрған жастардың үстінен басып-жаншып өтіп жатыр, шыңғырған дауыстар, ақырған әмірлі үн, абалаған иттің дауысы естіледі. Резеңке таяқпен ұрып жүрген әскери киімділер. Жаңа түсіндім. Бұл ұлт-азаттық қозғалысы. Ешқандай бұзақы да, қаныпезер де емес өрімдей жастар. Сол кезде тоғыз мемлекеттен әскери мамандарды (спецназдар) шақырған олар жолындағысын аямайды, кәдімгідей жарып, бұзып өте шығады, бұны әскери тілде турағыштар дейді. Қарасам менімен бір сыныпта оқыған Зеренді ауданына қарасты, Қарлыкөлдің тумасы Славка Игнатов есімді жігіт жүр. «-Оу, сен неғып жүрсің» десем, «алып келді, қайтем енді»,-деді бар айтқаны. Иықтасып тұрған жастарды күрекпен турады аямай, жаралыларын танкімен үстінен басып өтті. Жасыратын несі бар «ақиқатты айтсам ешкім өкпелей қоймас, механик-танкистер өзіміздің Зеренді, Чкалов аудандарынан болды ғой, еңіреп тұрып жылап тұрған зеренділік бір жауынгер жігітті көрдім. «-Жора, (солай атайтын мені) масқара болдық, көк желкемізде тұрып алды ғой мыналар, ат, бас, қыр-жой»,-деп офицерлерін көрсетті. Сол күні жастарды күрекпен тураған курсанттар қанға малынған күректерін қарға жуып әрең кетірді. Әлі есімде, аға ұлттың баласы бір қызды басынан күрекпен ұрдым, басы жарылды ар жағынан миы кәдімгі жүрек сияқты болып бүлкілдеп тұрды,-деп лоқсып түні бойы ұйықтамады. Аптығы басылмаған жастарға өрт сөндіргіш машина апарып суық су шашты. Болмады. Ақыры қару-жарақ әкеліп, «ауғандық нұсқамен» қару қолданбақшы болып арнайы шұғыл жиналыс өткізді. Сол кезде мен қолымды көтеріп рұқсат сұрадым да «-Басқалар атса атсын, бірақ мен өзімнің халқыма оқ атпаймын»,-деп қарсы шықтым. Майор: «-Вы что, коммунист Тюлебаев, ты солдат!»-деп түсін суыта қарады. «-Қару ұстамаймын, халқымды атпаймын. Алаңға бармаймын»,-дедім. Жиыннан кейін майор кабинетіне шақырып алып: «-сенің бір тал шашың да түспейді, бармасаң бармай-ақ қой»- деп иі жұмсарды. Бірақ түнде ұйқы болмады, офицерлер етігіме тіс порошогын құйып қойып, шинелімді тілгілеп тастап, түн ортасында оятып алып әлімжеттік жасап жүрді.
Бірде әскери казарманың ішінде басшылар кабинетінің қасынан өтіп бара жатып генерал Некрасов пен майор Макаровтың әңгімесін құлағым шалып қалды. «-Бәрін бүлдірген Горбачев, Қазақстанды уыстан шығармау керек деп, осындай күйге жеткізіп отырған, сол үшін Тбилисидің бандиттерінің көзін құртқан Колбинді тағайындау керек деген шешімге келіп мұндағы жастар көтеріліп кетті. Қай ұлтты болмасын, өз ұлтының адамы басқару керек қой»,- деген әңгімелерін естідім. Маған көрер таңымды көрсетпеуге кедергі болған офицерлердің кесірінен мен Ташкентке ауысып кете бардым. Ақыры армандаған асуыма жетіп отырмын. Қазір доғарыстағы шенді офицермін. Мені желтоқсан оқиғасын көзбен көрген куәгер дегенге біреу сеніп, біреулер сенбес. Дегенмен тоталитарлық режимнің шаңырағын ортасына түсіріп, күйретіп шашқан қазақ жастарының патриоттық рухы шығар, міне өз алдына дербес ел болып отырмыз. Ә, есіме жаңа түсіп отыр. Қанды оқиғада ерекше батырлық танытқан қазақ қыздарының отансүйгіштігіне өз басым әлі күнге дейін риза боламын. Қырып-жойып жатқан әскерлерге тойтарыс берді ғой. Кәдімгідей қолтықтасып тұрып алды. Олар нәзік жандыны сыйлайды деп ойлады, жоқ оған Колбиннің жендеттері қараған жоқ. Тұтас қырды. Менің ауылдасым марқұм Көкшетауда ішкі істер саласының аға сержанты болған Тілешкен Оразбаев «Апыр-ай, бірінші күні мына жауыздар тура 64 жастың ғұмырын қиып сұлатып салды...»-дегені әлі құлағымда. Жалпы желтоқсанның жастарын әскерилер қырды деп жатыр ғой олай емес, курсанттар мен еріктілер және шеттен келген түрлі жасақтар қырды,-дейді көзіне жас алып отырып Жангелді Төлебаев.
Түйін: Кешегі Колбин салған лаңды көзбен көрген Жангелді аға жайлы желтоқсан оқиғасын зерттеушілер бертін біліп, Алматыға арнайы шақырып «Желтоқсан ардагері»-деген куәлік табыстаған. Иә, қазақта оғлан ұлдар аз болған ба, қиын-қыстау күндері өз халқына оқ атпаймын, қару көтермеймін деп тоталитарлық шевонистік режимнің дегеніне көнбеген қайсар ағамыз осы күнге тәубә дейміз, азаттығымыз, қазақтығымыз жасай берсін деп тілеуқор болып отырған көрінеді. Жаса, қазақтың қайтпас қайсар да қаһарман ұлы Жангелді аға. Өтіп бара жатқан өмір-ай, күні кеше ғана жел немесе, сел болып азаттық үшін көтерілген қазақ жастарының азалы үніне отыз төрт жыл толып отыр. Аруақтар, қыршын кеткен жастарды есімізден шығармай жадымызда сақтайық,-дегім келеді.
Жеңіс Оспанов

