Жекешелендіруден кәсіпкерлер не ұтады?
2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру барысындағы келелі мәселелер талқыға түскен дөңгелек үстелде Қаржы министрінің орынбасары Руслан Дәленов бүгінге дейін жалпы құны 1 млрд. 77 млн. 487 мың теңгені құрайтын 28 нысанның сатылғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш мүлікті жекешелендіру үдерісінің елімізде қарқынды түрде бастау алғанын білдіреді. Құзырлы министрлік өкілдері мемлекеттік акцияның өңірлерде белсенді жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, жекеменшікке сатылып үлгерген 28 нысанның 8-ін алматылықтар, 5-уін – қостанайлықтар, 4-уін – ақтөбеліктер иеленген.
Жалпы алғанда, жекешелендіру үдерісінің екі жылға жоспарланғанын ескерсек, алғашқы 2,5 айдың ішінде 30-ға жуық нысанның бәсекелестік ортаға өткені қуантады. Айта кетелік, мүлікті жекешелендірудің негізгі лейтмотиві – мемлекет бәсекелестік ортада өмір сүретін ұйымдарды қолдамауы қажет. Өйткені, біріншіден, бұл жеке меншік бизнес пен мемлекеттік кәсіпорынның арасындағы тең емес (әділетсіз) бәсекені туғызады. Одан бөлек, бұл мемлекетке масылдық көңіл-күйді қалыптастыратыны белгілі. Себебі, бюджеттен бөлінген қаражат тиімсіз пайдаланылады. Ал, көп жағдайда біз бюджеттен бөлінетін ақшаның өзі жеке кәсіпкерлер мен халықтың төлеген салығынан жиналатынын ескере бермейміз.
Дамыған елдерде әділетті бәсеке бірінші кезекте тұратындықтан, мемлекеттік мекемелер жеке меншік мекемелермен бәсекелеспейді. Сондықтан, оларда мемлекеттің экономикадағы қатысу үлесі 15 пайыздан аспайды. Ондай қоғамда шағын және орта бизнестің әл-ауқатының деңгейіне қарап елдің экономикасының деңгейін білуге болады. Біздің де мақсатымыз – осы. Яғни, жекешелендірудің екінші толқыны экономикамыздағы мемлекеттің қатысуын азайтып, жеке кәсіпкерліктің қарқынды дамуына жағдай жасау. Жоғарыда айтылған теңсіздікті жою отандық кәсіпкерлерге өте пайдалы. Өйткені, мемлекет бөлген қаражат конкурс негізінде жеке бизнестің өз ішінде бөлінетін болады. Бұл – бұрынғыдай бюджет қаржысын ысырап қылуға тосқауыл қояды.
Екіншіден, бәсекелестік ортада барынша табыс табуға мүдделі жеке бизнес қызметтер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын арттырады. Мәселен, екі жылда жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізімінде шағын коммуналдық мекемелер де, ірі компаниялар да бар. Астана қаласында қатты тұрмыс қалдықтарын жинаумен және тасымалдаумен айналысатын «Таза Әлем-Астана» ЖШС-інің директоры Бегайдар Жирентаевтың айтуынша, бәсекелестік артқанымен бұл салада арамза бәсеке бар. «Мысалы, күл-қоқыс жинайтын шағын компаниялар бәсекелесін нарықтан ығыстырып шығару үшін қызметінің бағасын әдейі арзандатып жібереді. Немесе мемлекеттік сатып алу үдерісінде бағаны қатты түсіреді. Өздері табиғи ресурстар басқармасына, полигонға тіркелмейді де. Олар күл-қоқысты арнайы полигонға апармайтын тәрізді. Біз болсақ, полигонмен де, жаңадан салынған күл-қоқысты сұрыптайтын зауытпен де бірлесіп жұмыс істейміз. Күн сайын 100 тоннадан астам қоқыс шығарамыз. Бір тоқсанда ғана ҚҚС-ын қоспағанда қала бюджетіне 100 млн теңгеге жуық салық түсіріп отырмыз»,- дейді ол.
Сонымен бірге, жекешелендірілетін нысандар тізімінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 10 компаниясының активтері бар. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қаржылық директоры Нұрлан Рахметов атап айтқандай, бұл активтер халықтық IPO арқылы да, аукциондық байқаулар арқылы да сатылады. «Қазіргі кезде жеке меншік компаниялар да темір жолды жөндеумен айналысады. Сондықтан, біз «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның құрылымына кіретін, жылжымалы құрамды жөндеумен айналысатын компанияларды бәсекелестік ортаға береміз. Бірақ, біз «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты ұлттық компаниялардың толығымен жекеменшікке бермейміз»,- деп түсіндірді Н. Рахметов. Яғни, күтіп ұстауға үлкен шығындарды қажет ететін нысандарды жеке кәсіпкерлердің қолына беру бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Оған қоса, тиімді жұмыс істеп тұрған компанияларды сатып алған кәсіпкерлер оны дамыту үшін бастамашылық таныту мүмкіндігіне ие болады.
